Қоғам • 08 Наурыз, 2024

Бір ғасырдың көктемі

78 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл мереке – мейі­рім мерекесі, әйел қауымына деген құрметтің есе­ленер шағы. Қара­ңызшы, Сар­­­қан ауда­ны­ның Лепсі ауыл­­дық округіне қа­рас­ты Көкжиде аулының қа­зы­налы қарт әже­сі Шәпен Қыдырбекова 101-көктемін қарсы алды. Қау­ма­лаған ұр­пақ­тарының ортасында ғұмыр ке­шіп отырған әжей – бүгінде ең ба­қыт­­ты жанның бірі.

Бір ғасырдың көктемі

Шәпен әжей осы жасына дейін небір қиындықты да, қуа­ныш­ты күндерді де басынан өткіз­ді. Ол 1923 жылы Сарқан ауданы Қарабөгет аулында дү­ние есігін ашты. 1940 жылы Бөр­лі­төбе ауданындағы Ерікті ұжым­ша­рында еңбек жолын бас­тап, содан зейнетке шыққанша бел жазбай еңбек еткен. Екін­ші дүниежүзілік соғыстың ауырт­палығын қара нардай кө­терген тыл еңбеккерлерінің са­пында болып, қиындыққа қа­йыс­пай көтеріп, бейбіт күннің шапағатын көргенін әңгі­ме­сіне арқау ететін әз ананың кейін­гілерге айтары көп.

Шәпен апа 1947 жылы Әнуарбек Қыдырбековпен көңілі жа­ра­сып, тұрмыс құрады. Бас қос­қан екі жас Ерікті ұжым­ша­рын­да зейнетке шыққанша мал бақты. Абыройсыз болған жоқ, еңбектері еленіп, зор құрметке бөленді. Шәпен әжей он баланы дүниеге әкеліп, кеудесіне «Алтын алқа» белгісін де тақты.

«Өмірлік қосағым Әнуарбек 85 жас жасап, өмірден озды. Он баламнан, атап айтқанда 7 қыз, 3 ұлдан өрбіген ұрпақтарым алыс-жақында жүрсе де, үнемі хал-жағдайымды біліп тұрады. Немере, жиен, шөберелерім көңілімді табуға тырысады. Бұдан артық ата-анаға марапат керек емес. Біздің көрген қиыншылығымызды кейінгі ұрпақ көрмесін. Еліміз тыныш, ұрпағымыз саналы болсын», деп аналық ақ батасын берді.

Шәпен әжей бүгінде өмірден өз орнын тапқан он баласынан 29 немере, 68 шөбере көріп отыр.

 

Жетісу облысы