Басылым • 12 Наурыз, 2024

«Коре ильбо» – тамыры терең басылым

62 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қай уақытта, қай жерде танысқанымыз есте жоқ, бірақ ұзақ жылдар бойы туған әпкемдей, тіпті ауылда қалған қамқор әжемдей Қызылорда өңірінде қазақы кемпір-шалдың бауырында өскен Клара Александровна Хан атты дос-апам болды. Ол кісінің телефонның ар жағынан әрдайым мейірімге толы қамқор дауыспен: «Айн-а-л-а-йын, айна-а-л-а-йын», деп әр жолы әуезді дауысымен іздейтіні әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр.

«Коре ильбо» – тамыры терең басылым

Кейде күн сайын дерлік хабарласып отыратын Клара апай әр кездескен са­йын қазақ халқына алғысын айтып, батасын беруден шаршамай өтті. Ол кісінің ризашылығы соншалықты риясыз әрі шынайы болатын.

«Түріміз жапондарға ұқсаған соң сенім­сіз халық ретінде бір күн, бір түн­нің ішінде ұлардай шулатып, та­уар таситын пойыздарға халықты тиеп, көшіріп жіберген. Өлгені өліп, өлмегені өлімші болып, жолда үш ай жүрген, Қазақстанға тоқтаған пойыздардан 100 мыңдай корей төгілген. Өзбекстанға екі есе көп қандастарымыз кеткен. Әке-шешем ол кезде жап-жас екен, сол пойызда Қы­зылорда облысының Шиелі ауданына жет­пей туыппын. Шешемнің айтуынша, вагонда біреу нәрестені ора деп жейдесін шешіп беріп, біреу шүберегімен жыртып беріп, дүниеге келіппін» деп бастайтын әңгімесін ол кісі.

«Қазақстан-Корея» достық коғамы­ның президенті, Қазақстан халқы Ассам­блеясында жауапты қызмет ат­қар­ған Клара Александрқызын тың жүр­­ген жерінен коронавирус індеті жұлып әкеткені жанға батады.

Ал бұл жолғы баян – тарихы Қазақ­стан корейлерінің тағдырынан да терең, Корей түбегінен тыс біздің елімізде ғана жарық көретін корей басылымы туралы болмақ. Осы­дан 111 жыл бұрын жарық көре бас­таған «Қазақ» газетімен тағдырлас «Коре ильбо» – еліміздегі ғасырлық тарихы бар басылымның бірі. Тағ­дырлас дейтініміз, бұл газет те талай рет өз халқының басындағы тауқыметті жазғаны, жариялағаны, ділі мен тілін жоқтағаны үшін саясаттың тепкісін көрген, айыппұл арқалаған, талай себеппен сан рет жабылудың аз алдында тұрған...

Өткен жылы корейлер өздеріне тән ұйымшылдықпен «Коре ильбо» газе­тінің 100 жылдығын айта-айта жүрер­лік­тей атап өтті. Журналистикаға бір кісідей еңбек сіңірген қайраткер Дмитрий Шин 1923 жылдың 1 нау­ры­зынан бергі жұмыс істеген газет қыз­мет­керлерінің әрбіреуі туралы 409 эссе жинаған екен, ғасырлық күн аясында «Коре ильбо» газетінің тарихы» атты кітабы жарық көрді.

Елімізде «Жанубий Қазақстан» (өзбек газеті), «Deutsche Allgemeine Zeitung» (неміс газеті), «Украінські новини» (украин газеті), «Ұйғыр авази» (ұйғыр газеті), «Ахыска» (түрік газеті), «Коре ильбо» сияқты диаспоралық мерзімді басылымдардың болуы – тарихи құбылыс десек, ал «Коре ильбоның» бүгін­гі тынысы қандай?

Қазіргі «Коре ильбо» газетінің ең алғашқы нөмірі 1923 жылы 1 наурызда Қиыр Шығыста «Сэнбон» деген атаумен басылып, 1937 жылға дейін Ре­сейден қоныс тапқан корейлер үшін жа­рық көрсе, кейін Қазақстанға жер аударылған редакциялық ұжы­мының бір бөлігі Қызылорда қала­сына тұрақтайды.

Осы арада Ресей аумағындағы ең алғаш­қы Кореядағы адам төзгісіз ашар­­шылық пен жоқтықтан, басқын­шы­лықтан қашқан 13 корей отбасы 1863 жылы пайда болған, екі жылдан кейін 60, келер жылы тағы 100 шақты шаңырақ пайда болып, кейін туған жерін тас­тап кетуге мәжбүр бол­ған корейлер 1872 жылы Самарка өзе­нін жағалаған «Благословенное» атты селоға айналады. Ал 1904 жылға қарай Примор өлкесіндегі корей село­ла­рының саны 32-ге жетсе, 1932 жылға қарай 6 журнал, 7 газет жарыққа шығып тұрған. Солардың ішінде кең тарағаны – «Сэнбоннан» бас­тау алған осы «Коре ильбо».

«Газеттің тарихы өте бай, ол Ре­сей­дің Қиыр Шығысынан бастау ала­ды. Енді міне, жүз жыл өткен соң да біз кіндік қа­нымыз тамған Қазақ­­ста­ны­мыз­да еңбек етіп, өркендеп келеміз. Газеттің сақталып, дамып келе жат­қаны – мемлекетімізде қандай ұлт­тық сая­сат жүргізіліп жатқанын дөп басып айта­тын үлкен тарихи құбылыс», дейді «Коре ильбо» газетінің бас редакторы Константин Ким.

1991 жылы корей газеті де «Корея күнпарағы» деген мағына беретін Корье ильбо» халықаралық басылымына айналды. Өліара кезеңнің қиын­ды­ғы­на қарамастан, газет атауын сақтап қана қоймай, еліміздің бүкіл медиакеңіс­ті­гінің ажырамас бөлшегіне айналды.

1937 жылы корейлер Қиыр Шы­ғыс­тан жер аударылған кезде «Сэн­бон» газетін алтыншы редактор Цой Хо Рим басқарып тұрған. Редакция арда­гер­лерінің айтуын­­ша, депортация қарсаңында бүкіл журналистерді НКВД тұтқындаған кезде, редкологияның мү­шесі, ауыл шаруа­­шы­лығы бөлімінің жетекшісі Хван Дон Хун ғана жалғыз аман қалады. Басын өлшеусіз қауіп-қа­терге тігіп жүріп, га­зет­тің қайта жа­рық көруіне ерен еңбек сіңірген де осы адам. Өкінішке қарай, Хван Дон Хун да сталиндік қуғын-сүргіннің шең­гелінен аман шыға алмапты. Деген­мен Қызылордаға дейін корей шриф­те­рін тығып жүріп жеткізген терім цехының қызметкерлері – Цой Бон Нам, Александра Тигай, Валентина Те сынды жанкешті адамдарды бүгінгі ұжым алғыс сезіммен еске алады.

Қазақстанда жарық көруін жалғас­тыр­ған газеттің қайнар бастауын­да корей ұлтының таңдаулы таланттары ғана тоғысып қоймай, «Коре» әдеби қо­­сым­­шасында ұлттың әдеби әлеуеті – кейін әйгілі ақын, жазушыларға ай­налған Александр Кан, Станислав Ли, Генриетта Кан сынды жандар газетте қалам тербегенін еске алу парыз.

Саясаттың пәрменімен атауын «Ле­нин кичи» деп өзгерткен басылым­ның 1953 жылғы шежіресіне көз салсақ, Қызылорда өңірінен тыс жерлердегі оқыр­мандары 80%-ға жетсе, оның ішінде 50%-ы Өзбекстандағы корейлер екен.

Аптасына бір рет шығатын басылым еліміздегі корей диаспорасы өкілдерінің рухани діңгегі десек те болады.

 

АЛМАТЫ