Технология • 13 Наурыз, 2024

Әлемдегі көшбасшы компания еліміздегі блокчейн-технологиялар қауымдастығының мүшесі болды

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстандық блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының Басқарма төрағасы Дәурен Қарашев пен CANAAN CONVEY вице-президенті Дэвис Хуэйдің кездесуі өтті, деп жазады Egemen.kz.

Әлемдегі көшбасшы компания еліміздегі блокчейн-технологиялар қауымдастығының мүшесі болды

Фото: Блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығы

Кездесу барысында тараптар компанияның Қазақстандық блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының мүшелігіне кіруі туралы шартқа қол қойды.

CANAAN CONVEY вице-президенті Дэвис Хуэй қазақстандық цифрлық майнерлер нарығы CANAAN CONVEY үшін тартымды екенін ерекше атап өтіп, Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі негізгі криптохабқа айналуы мүмкін екеніне сенім білдірді.

Кездесуде отандық майнерлердің цифрлық майнингке арналған жабдықтарын сапалы жаңарту, «халвинг» қарсаңында олардың жұмысының тиімділігін жақсарту, бір мезгілде көміртегі ізін азайта отырып, энергия тиімділігін арттыру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

ҚБТҚ басшысы Дәурен Қарашев бүгінгі таңда Қауымдастықтың тікелей қатысуымен заңнамалық негіз құрылғанын, оған сәйкес цифрлық майнерлер енді еліміздің энергия жүйесіне қандай да бір қауіп төндірмейтінін, керісінше, электр энергиясына сұраныс туғызатын, сондай-ақ энергия жүйесін теңгерімдеуге, оның орнықты әрі іркіліссіз жұмыс істеуіне жәрдемдесетін тұрақты және төлем қабілетті тұтынушылар болып саналатынын атап өтті.

«Біз үшін жасыл энергетикаға басымдық бере отырып, цифрлық майнерлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету, цифрлық майнингке арналған ең жаңа жабдықтарды пайдалану есебінен көміртегі ізін қысқарту аса маңызды. Қауымдастығымыздың мүшелері, еліміздің ең ірі цифрлық майнерлері үшін CANAAN CONVEY сияқты әлемдік деңгейдегі компаниямен ынтымақтастық орнату стратегиялық жетістік саналады», деді Дәурен Қарашев.

CANAAN CONVEY CO., LTD. 2013 жылы Қытайда құрылған. Ол блокчейн-серверлерді өндіруде және ASIC микропроцессорлық шешімдерін әзірлеуде әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады.

аа