Ғылым • 14 Наурыз, 2024

«Жасыл сутегі» зауыты инженерін даярлайды

41 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына орай, Ш.Есенов университетінің (YU) және Қазақстан-Неміс университетінің (DKU) бастамасы бойынша, DAAD неміс академиялық алмасу қызметінің қолдауымен Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп және Маңғыстау облысының өндірістік серіктестерінің жоғары қызығушылығына байланыс­ты­ өткен жылдың қыркүйегінде Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты­ ашылды. Институт Маңғыстау облысындағы «жасыл сутегі» өнеркәсібінің қажеттілігін қанағаттандырып, Hyrasia Energy компаниясына мамандар дайындайтын болады. Hyrasia Energy компаниясы (Svevind Energy GmbH еншілес компаниясы) Маңғыстау облысында «жасыл сутегі» өндіретін зауыт салу жобасын іске асырады. KINI баламалы энергетика және жаңартылатын ресурстар саласындағы болашақ инженерлерді дайындайды.

«Жасыл сутегі» зауыты инженерін даярлайды

Осы орайда техника ғылымдарының кандидаты, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының ака­демигі, MBA, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің президент-ректоры, Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының (KINI, Ақтау) негізін қалаушы және тең құрылтайшысы Берік Ахметов пен заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан-Неміс университетінің президенті (DKU, Алматы), Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының (KINI, Ақтау) негізін қалаушы және тең құрылтайшысы Волрад Роммельмен әңгімелестік.

 – Жуырда жұмысын бастаған Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының алдына қойған мақсат, идеяларымен бөліссеңіздер?

Берік Ахметов: – Ш.Есенов университетінің миссиясы – Маңғыстау өңірінің тұрақты дамуы үшін оқыту, шабыттандыру және зерттеу жүргізу. Svevind Company компаниясының HyrasiaOne жобасын естігенде, бізді ең қызықтырған мәселе қандай мамандар келеді деген сұрақ болды. Себебі халық шетелдік қатысуы бар отандық компаниялар туралы сөз болғанда, неге жаңа компанияларға кадрлар шетелден әкелінеді деген сұрақ туындайды. Ш.Есенов университеті осы бағытта не істей алады? Мемлекет басшысының бас­тамасымен еліміздің батыс өңірлерінде шетел университетінің филиалын ашу тапсырылды. Бізде «жасыл сутегі» бо­йынша құзыреттілік болмағандықтан, біз Алматы қаласында орналасқан Қазақстан-Неміс университетімен қандай ортақ жоба жасай алатынымыз туралы неміс әріптестерімізге байланысқа шықтық. Осы орайда «жасыл сутегіні» өндіруге, оны Еуропалық одаққа тасы­мал­дауға, сондай-ақ көмірқышқыл газын азайтуға бағытталған бірлескен институт құру туралы шешім қабыл­данды. Жергілікті кадрларды даярлау және отандық жастардың әлеуетін тұтастай пайдалану – басты мәселелердің бірі. Екіншіден, жаңартылатын энергия көздері, «жасыл сутегіні» өндіру, тасымалдау және сақтау бойынша неміс серіктестерімізбен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізуде ынты­мақтастықты да арттыру қажет болды. Бұл «жасыл сутегіні» өндіру, оны тасымалдау, суды тұшыту, электролиз саласында трансферт және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми жұмыстар жүргізу үшін ел Үкіметі тарапынан қолдау мен қаржыландыру бар екені мәлім. Үшінші мәселе – инновациялық стартаптарды немесе спинофф компанияларын дамыту арқылы Маңғыстау өңіріндегі неміс технологияларын зерделеу.

Волрад Роммель: – Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтын құру үдерісі басталған кезде, біз «жасыл сутегі» өндірісіне маманданған Svevind компаниясының HyrasiaOne жобасының басталуына байланысты, назарымызды Алматыдан Ақтау қаласына аудардық. Біз Маңғыстау өңірінің дамуына елеулі әсер ететін осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің инс­титутта кадрлар даярлау жобаны іске асыруға ықпал етеді. Бұл болашақ­та энергетиканың тұрақты дамуына әкеледі. Қазақстанның энергетикалық жүйесін елеулі өзгерістер күтіп отыр. Менің ойымша, ұзақмерзімді келешекте алдағы 20 жыл ішінде қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін талдау маңызды.

 – KINI жобасы болашақта Маң­ғыстау өңірі мен оның жастарына қалай әсер етеді?

Берік Ахметов: – Біздің неміс әріптестеріміздің тәжірибесі мен білім беру бағдарламаларын трансферттеу кезінде шетелдік индустрия 4.0 бағыты бойынша жас мамандарды даярлау, өңір экономикасының және тұтастай алғанда мемлекеттің тиімді дамуына ықпал етеді. Барлық студенттің ата-аналары Германияда оқытуға жағдайы жете бермейді. Сондықтан университет пен мемлекеттің ресурстары жастарға шетелдік серіктестердің қатысуымен шетелдерге бармай-ақ үздік инженерлік мектептерде білім алуға мүмкіндік береді. Алғашқы 2 жыл орыс және қазақ тілдерінде оқытылады, бірақ 3-курс­тан кейін неміс тілін қарқынды оқыту арқылы, біздің студенттер Германияда неміс стандарттарына сәйкес 1 жыл оқиды, ал соңғы алты айда Германияның жетекші компанияларында тағылымдамадан өтеді. KINI-де оқуды тәмамдағаннан кейін студенттер екі диплом алады: бір отандық DKU және YU бірлескен дипломы, сондай-ақ таңдалған білім беру бағдарламасына байланысты Германияның серіктес-жоғары оқу орнының дипломы. Өткен жылы біз екі бағдарламаны аштық: «Энергетикалық және экологиялық инжиниринг», «Логис­­тика». Бұл топтарға 44 сту­дентті екі кезеңдік іріктеу арқылы қабыл­дадық. Бірінші кезеңде біз студенттерге ағылшын тілін білу деңгейін анықтау үшін тестілеу жүргіздік. KINI-де білім алушыларды іріктеу ережелеріне сәйкес А2 деңгейінде ағылшын тілін білуге қойылатын талап белгіленді. Екінші кезеңде неміс университеттері профессорларының қатысуымен ағылшын тіліндегі үміткерлермен сұхбат жүргізілді. Іріктеу нәтижесінде мемлекеттік грант негізінде 40 студент, қалғандары ақылы негізде қабылданды. Неміс талаптарына сәйкес біз институттың профессорлық-оқытушылық құрамына 20 білікті оқытушыны таңдадық. Оқытушылардың барлығы дерлік шетелде тағылымдамадан өтті. АҚШ, Германия, Швейцария және Ұлыбританияда білім алды, үлкен кәсіби тәжірибесі бар. KINI арқасында біздің білім беру бағдарламаларымыз ел жас­тары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Волрад Роммель: – HyrasiaOne жобасын сәтті жүзеге асыру және толық табысқа жету үшін әртүрлі дағдысы мен біліктілігі бар мамандарды көбірек тарту қажет. KINI институтында дайын­далған жоғары білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар тәжірибелі инженерлер мен қарапайым жұмысшылар да қажет болады. Жұмысшылардың көпшілігі жергілікті тұрғындардан алынады. Бұл жоба – Маңғыстау облы­сы­ның тұрғындары үшін ғана емес, Қазақ­станның барлық тұрғыны үшін тамаша мүмкіндік. Маңғыстауда Ш.Есенов университетінің базасында оқу, жұмысқа тұру үшін де тамаша жағдайлар жасалған. KINI институты аймақтың тұрақты дамуына және оның тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосуға тырысады.

 – KINI жобасында қандай қадам­дар жасалды, ендігі даму жос­пары ­туралы не айтасыз?

Берік Ахметов: – Ең алдымен, біз осы жоба үшін DKU-мен және неміс серіктестерімен бірлескен институт құру туралы шешім қабылдадық. Өткен жылы Германия президенті бастаған неміс делегациясының қатысуымен Ақордадағы мемлекет басшылары­­ның кездесуі аясында келісімшартқа қол қойылды. Германия президенті болашақ түлектерге арналған уақыт капсуласы салынған бірлескен институтты ашу жөніндегі іс-шараға қатысты. Біздің тұжырымдамамызда әлемдік стандарттарға сәйкес келетін пәнара­лық зертханаларын ұйымдастыруды қамтитын кең пәнаралық ортаны құру көзделген. Құрылыс жұмысы Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жос­пары шеңберінде шамамен 2024-2025 жылға жоспарланған. Институт қызметінің бірінші жылында негізгі міндет неміс стандарттарын біздің ішкі стандарттарымызға бейімдеу болды. Келесі оқу жылына бакалавриаттың үш білім беру бағ­дар­ламасы мен магистратураның екі бағдарламасына қосымша студенттерді қабылдау жос­парланған. 2030 жылға дейін біз бакалавриаттың сегіз білім беру бағдарламасы және магистратураның алты бағдарламасы бойынша 1000-ға жуық студентті қабылдауды жобалап отырмыз.

Волрад Роммель: – Біз 7 жыл ішінде KINI-де халықаралық бағ­дар­ламалар бойынша 1000-ға жуық студенттің білім алуына жағдай жасаймыз. Барлық студент неміс универ­ситетінен қос диплом ала алады. Қазіргі уақытта бірнеше жетекші неміс университеттерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз сондай-ақ «жасыл» технологияларға маманданған TU Berlin және Hochschule Hof сияқты университеттермен серіктестік орнаттық. Осылайша, біртіндеп жаңа білім беру бағдарламаларын енгізіп жатырмыз. KINI-де жаңа «жасыл» технология­ларды, қолданбалы ғылымдарды және тілдерді үйренуде мансаптық өсудің кең перспективаларын ұсынады. Өз саласында терең білімі бар және бірнеше тілді меңгерген маман Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия мен Еуропаның басқа елдерінде де табысты жұмыс істей алады. Алайда біз осы елде әлеует пен мүмкіндіктерді дамытуға басты назар аударамыз.

 – Келесі оқу жылына қабылдау жоспары қандай?

Берік Ахметов: – 2024-2025 оқу жылында институтқа бакалавриат бағдарламалары бойынша оқу үшін 150 студентті және магистратура бағдарламаларына 30 білім алушыны қабылдауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, алдағы оқу жылында институтта бакалавриаттың бес қос дипломды білім беру бағ­дар­ламалары: «Энергетикалық және экологиялық инжиниринг», «Логис­тика», «Технологиялық инженерия», «Мехатроника», «Өндірістік менеджмент» және екі магистратура – «Industrial engineering» (Өнеркәсіптік инже­нерия), «MBA Energy management» (Энергетикалық менеджмент магистрі) бағдарламалары жұмыс істейді. Білімді маман болу үшін шетелдерде білім алу шарт емес, өз еліміздің іргелі оқу орындарының жаңашылдығын мо­йындай білуіміз керек. Маңызды жасанды интеллект және цифрландыру жүріп жатқан қазіргі әлемде іргелі білім мен аналитикалық ойлау қабілеті қажет болып қала береді. Сыни тұрғыдан ойлау және шындықты өтіріктен ажырату қабілеті негізгі дағдылар саналады. Қажетті ақпаратты таба білу, талдау және ақпараттық молшылық жағдайында жүйелі түрде ойлау сіздің бәсекеге қабілеттілігіңізді арттыруға көмектеседі. Жасанды интеллекті қолданатын адамдар оны пайдаланбайтындардың орнын басуы мүмкін. Сондықтан жаңа құралдарға дайын болу, оларды пайдалану, бірақ сонымен бірге тәуелсіз ойлау қабілетін жоғалтпау маңызды. Бұл сізге заманауи әлемге сәтті бейімделуге және оның мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға көмектеседі. Біз жастардың заманға сай осы талаптар тұрғысынан көрінуін қалаймыз.

 

Маңғыстау облысы