Пікір • 14 Наурыз, 2024

Халық рухы

661 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұйырса, бүгін Ұлық Ұлыс немесе Алтын Орданың әз шаһары Сарайшық жұртында – Атырауда Ұлттық құрылтай үшінші жиынының секциялар жұмысы басталады. Ертеде Жайық ағыны қатты, айдыны шалқар Ұлы Су аталыпты. Араб саяхатшысы Әбу әт-Тәнжи яки Ибн Батутта: «Дүниеде Бағдаттан кейін жүзбелі көпірді осы Сарайшықтан көрдім. Отыз сарайы, төрт мешіті көз жауын алады» деп жазыпты. Осы шаһар қорымында Мөңке Темір, Тоқта хан, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Шаһ Мамай, Жүсіп хан сынды жеті қағанның сүйегі бақилық мекенін тапқан. Мұны пантеон десек те болады. Сарайшық – биыл 800 жылдығы аталып өтіп жатқан Жошы ұлысының осы өңірдегі Сарай Бату мен Сарай Беркеден кейінгі үшінші ірі орталығы.

Халық арасында «Жошының қазасын Шыңғыс ханға естірту» деп айтылатын ежелгі жоқтаудың жұрнағындағы:

Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, уа, ханым?

Терек түптен құлады,

Кім тұрғызар, уа, ханым? – деген жолдарды – «елдің арман-аңсары, көкейкесті сұрағы» деу ақылға қонымды.

Шыңғыс ханның бұған жауабы:

Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлым – Жошы-дүр.

Терек түптен құласа,

Тұрғызар ұлым – Жошы-дүр!..

Бұл қағанның қыпшақ даласында ұйыс­қан ұрпағына сенгенін, елдік істері үрім-бұтағы арқылы жалғасатынына үміттенгенін аңғартады.

Билік пен қоғам арасындағы игі қарым-қатынас, Әбу Насыр әл-Фараби нұсқаған­дай, «Ізгі елдің тұрғыны» болу (ол уақытта қала-мемлекет) – басшының да, қарапайым халықтың да арманы. Оны үйлестіретін – қаны бар, жаны бар азаматтар. Қазақтың ата сөзіндегі мына даналықты ұмытпалық: «Адам болар баланың кісіменен ісі бар/ Адам болмас баланың кісіменен несі бар» немесе: «Намысы бар жігіттің нар күшіндей күші бар/ Намысы жоқ жігіттің намыспенен несі бар».

Бүгінгі қоғамның бұрқ-сарқ қайнаған мәселесін атқарушы билікпен, жұртшылықпен бірлесе шешу – адами жауапкершілігі жоғары, намысты азаматтардың миссиясы. Ыбырай Алтынсары һәм Алаш заманында «Ел іші – өнер кеніші» дегендегі өнер – қазіргідей бірыңғай «искусство» емес, техника мен технологияға бейімділік.

Президент Қ.К.Тоқаев Ұлытау төріндегі ізашар жиында: «Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Біз ең алдымен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет» деген еді.

Еліміздің саяси жүйесіне өзгеріс әкелген реформалар, оның барлық салаға бағытталған қанаттас бөліктері, соның ішінде халық нақты сезінген «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару сынды бастамалар жалғасатыны сөзсіз. Мемлекет басшысының саясат, экономика, идеология бағытындағы әділеттілік стратегиясын қоғам оң қабылдап жатқанын да атап өткіміз келеді. Ендігі оның нәтижесі – мемлекет пен қоғамның салиқалы, сындарлы әріптестігінде.

Француз ойшылы Шарль Монтескье елдің елдігін былайша түсіндіреді: «Адамдар көп нәрсені – табиғатты, дінді, заңдарды, билік қағидаттарын, өткеннің өнегесін, салт-дәстүрді басқарады. Осының бәрі халық рухын қалыптастырады». Бұл сөзді бізде бағзыдан халық рухы болғанын, соның арқасында ел ретінде қалыптасып-дамығанымызды көрсету үшін дәйектедік. Бірақ ол мына аумалы-төкпелі заманда Алаш зиялылары қам жегендей маужырап кетпеуі керек. Сол үшін де Президент әділет­тікті алға тартып, ел мен қоғамды қо­жы­рататын, аяқтан шалатын мәселелермен кү­ресуді күн тәртібіне шығарып отыр.

Еуропада  «Герман халқын ұлт еткен  – XVI ғасырда Мартин Лютер дойч тіліне аударған Библия» деген сөз бар. Бұл жерде мәселе елді тұтастыратын тіл мен рухани ұғым-түсінікте болып тұр (Байырғы неміс жері 330-дан астам кінәздікке бөлініпті). Біз де бейнелі түрде дәл осылай қазақты қазақ еткен – XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар толғауы, қаһармандық жырлар, үзілмеген ұлт даналығы дей аламыз. Мұнда жүйеленген ел қорғау да, еңбек те, дін де, біртұтас тіл мен діл де, дәстүр де бар. Міне, халық рухының бастауы.

Халық рухы Әділетті Қазақстанға ауадай қажет. Бұл – елдің, қазақ ұлты мен түрлі этностардың бір ағза болуының көрсеткіші.

Бүгінгі халық рухын – мемлекетшілдік, үйде және қызметте еңбекке адалдық, парасатты талғам, дәстүр мен аға буынды қадірлеу, Абай дана сақтандырған «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер малшашпақтан» аулақ жүру, ұжымға (отбасы, қоғам, балабақша, мектеп, университет, қызмет орны) шынайы бауыр басу, әлем білім-ғылымын тануға, оқуға, зерттеуге құштарлық құрайды. Осы өлшем бізді өсіреді, шыңдайды, деңгейімізді анықтайды.