Білім • 15 Наурыз, 2024

Қазақстан магистранттары Қытайда оқиды

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің 30-дан аса түлегі Қытай жоғары оқу орындарында магистратура, докторантура және постдокторантура бағдарламасы бойынша білім алады. Сөйтіп, оларға екі университеттің дипломы беріледі.

Қазақстан магистранттары Қытайда оқиды

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында C.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен көрші елдегі солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті (Northwest A&F University) арасында қос диплом ала отырып, тамақ және қайта өңдеу өндірісінің технологиясы саласындағы магистрлік бағдарламаны бірлесіп әзірлеп, оның іске асырылуы туралы келісімге қол қойылды.

Соған байланысты ардақты ақын, қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің есімін иеленген жоғары оқу орында біздің магистранттарды Қытай солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетіне оқуға қабылдаудың салтанатты іс-шарасы өтті.

«Біздің магистранттар әлемдік деңгейге сәйкес білім алады деп сеніммен айта аламын. Біз бірлескен күш-жігер жұмсап, қос дипломды білім алуды іске асырғанымызға қуаныштымыз. Бұл – біздің жастарымыздың игілігі үшін жалғасатын бірлескен қызметіміздің бастамасы ғана», деді Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры, академик Қанат Тіреуов.

Сондай-ақ Қытайдағы Харбин ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтымен бірлесіп Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қазақстан-Қытай биологиялық қауіпсіздік зертханасы құрылды. Сонымен қатар Солтүстік-Батыс, Пекин, Шыңжаң, Хэнань университеттерімен, Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен, «Huawei» компаниясымен және сондағы басқа серіктестермен Қазақстан-Қытай ғылыми-білім беру және технологиялық консорциумы құрылып жатыр.

Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті шетелдік әріптестер қатарын кеңейтіп, білім және ғылым саласындағы халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу арқылы халықаралық ынтымақтастықты биік деңгейде дамытып отыр. Қазір  жоғары оқу орны әлемнің 40-тан астам елімен жұмыс істейді.