Қоғам • 16 Наурыз, 2024

Басты міндетіміз – заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Бақытжан Малыбаев

1247 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі сұхбатымызға еліміздің әуе және темір жол көлігі объектілеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалаудың жай-күйі, сондай-ақ ішкі істер органдарында қызмет сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар арқау болады.

Басты міндетіміз – заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Бақытжан Малыбаев

- Бақытжан Әсембекұлы, әңгімемізді Көліктегі ПД қызметінің басым бағыттары қандай деген сауалдан бастасақ?

- Баршаңызға мәлім, ішкі істер органдарының қызметі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, азаматтардың конституциялық құқын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда, Департаменттің қызмет көрсету аумағындағы темір жол торабының ұзындығы 21 мың шақырымнан асады. Республикамызда 20 әуежай, 1047 жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған станциялар және 305 теміржол вокзалдары бар. Көлік полицейлері осы аумақта қызмет етеді. Жалпы, қылмыспен күресу, алдын алу, қылмыстарды ізін суытпай ашу – қызметіміздің ең өзегі десек болады. Сонымен қатар құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру зор басымдыққа ие. Бұл бағытта Департамент өзге құқық қорғау құрылымдарымен өзара тиімді әрі үйлесімді жұмыс істеуде.

- Көлік объектілерінде жиі жасалатын құқық бұзушылықтар туралы айтсаңыз?

Жасалатын қылмыстардың басым көбі - бөтеннің мүлкін ұрлаумен байланысты. Өзіңіз білесіз, вокзалдар мен поездарда адамдар легі күні-түні толастамайды. Мәселен, 2023  жылы теміржол және әуе көлігін пайдаланған 33 млн астам азаматтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілдіКөп жағдайда, ұрлықтар жолаушылардың өз мүліктеріне салғырт қарауы салдарынан орын алады. Сондықтан азаматтардың көпшілік шоғырланған жерлерде өз заттарына өте мұқият болғандары абзал.

- Жылжымалы құрамнан заттарды топ болып ұрлау, бұзақылық, есірткі заттарын заңсыз тасымалдау бойынша фактілер орын алдыНақты мысал келтірсеңіз?

Айталық, Павлодар обласындағы зауыттан Қытай халық республикасына жөнелтілген жалпы салмағы 370 тоннадан асатын ферроқорытпа  өнімін ұрлаған құрамында 5 адамы бар қылмыстық топ ұсталды. Келтірілген залал 374 млн теңге.

Қарағандыда темір жолдың үстіңгі құрылысы материалдарын ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар 83 млн теңге шығын келтірген. Астана әуежайында жолаушылардың жүк сөмкелерінен 15 млн теңге ақша жымқырған 6 адам ұсталды. Жоғарыда аталған қылмыстық істердің барлығы сотта қаралуда.

- Ғасыр дертіне айналған есірткі қылмысының алдын алу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарыңыз нәтижесіз емес шығар?

- Өткен жылы Департамент пен оның желілік бөліністерінің  бірлесе жасаған іс-қимылдарының арқасында есірткі қылмысына қатысты құқық бұзушылықтардың 400-ден астам фактісі анықталып, 430 кг-ға жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ есірткі контрабандасының 6 фактісіне тосқауыл қойылды.

Мысалы, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Өзбекстанның 25 жастағы азаматы ұсталып, одан жалпы салмағы 4,88 грамм болатын «мефедрон» есірткі заты салынған 11 бума табылып, тәркіленді. Тексеру кезінде құқықбұзушының есірткі жасырушы-курьер екендігі және Telegram-чаттағы топ басшысынан есірткі заттары жасырылған координаттарды алып, оларды Ақтөбеде таратып жүргені анықталды. Сот үкімімен шетелдік азамат 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

​- Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағы да қандай іс-шаралар жүргізіледі?

- Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Осыған сәйкес, көлік полицейлері «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз вокзал», «Темір жол-қауіптілігі жоғары аймақ!» жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында темір жол жиегінде орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен жиындар, ал студенттер арасында лекциялар ұдайы өткізеді. Қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша жұмыстар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесе отырып жүргізіледі. Соған қарамастан, темір жол жарақатын алу фактілері әлі де азаймай тұр. Әр адам өз өмірі үшін жауапты дейміз. Өкінішке қарай, көптеген азаматтар темір жолдарды белгіленбеген жерден кесіп өтуге бейім. Жазды күндері балалар, шойын жолға шығып ойнайды. Құлаққап киген кейбір жастар поездың дабылын естімеуі салдарынан жазым болған. Әрине,  тыйым салынған жерлерден өткен азаматтар тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, бұл өзекті мәселені айыппұл салу арқылы түбегейлі шешу мүмкін емес. Қайғылы оқиға болмасын десек, қауіпті аймақтарда жүріп-тұру ережелерін қатаң сақтау қажет.

- Бүгінгі күні ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылып отырған талаптар қаншалықты пәрменді деп ойлайсыз?

-«Елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқарады. Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді», деді Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бұл әрбір полицейге артылған өте үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтың бастамасымен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Басты мақсатымыз заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету. Өркениетті елдер экономикалық қатынастарды реттеумен қатар, ел заңдарының орындалуына да айрықша көңіл бөледі. Өйткені, қоғамдағы тұрақтылық пен темірдей тәртіп қана елді өркендетудің негізі. Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты да осы.

- Сіз ІІО-да ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман, білікті басшы ретінде азаматтардың полицейлерге деген сенімін арттырудың алғышарттары қандай деп ойлайсыз?

- Ең алдымен, полиция қызметкерлерінің өздері заң талаптарын мүлтіксіз орындаулары тиіс. Азаматтық қоғамның полицияға деген сенімі сақшылардың адал қызметі, кәсібилігі, жеке құрам арасында тәртіпті нығайту және жемқорлықты жою арқылы артады.

Сервистік полиция бұл полиция қызметіндегі клиентке бағдарланған тәсіл. Былайша айтқанда, полицияға жүгінген әрбір адамға заңды, уақтылы, сыпайы әрі сапалы қызмет көрсетудің кепілі деген сөз. Демек, халыққа билік өкілі ғана емес, сенімді көмекші ретінде де көзқарас қалыптастыру қажет. Ішкі істер органдары қызметінің тиімділігі артқан сайын полицейлердің де абырой-беделі биіктей түседі.

Бірыңғай ақпараттық кеңістік құрып алмай қоғам мен полиция диалогын жолға қою мүмкін емес. Қазіргі күні барлық көлік объектілерінде QR-кодтар орналастырылған, солар арқылы азаматтардың 83% көлік полициясына сенетіндерін көрсетті. Бұған қоса, азаматтар көлік полициясының қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді. Кейінгі уақытта Департаментке  арнайы келіп, қызметкерлерге шынайы алғыстарын айтып жатқан азаматтардың саны көбейді. Осының өзі-ақ полиция беделінің артып келе жатқандығын аңғартады. Алдағы кезеңдерде де білім-біліктілігіміз бен барлық күш-жігерімізді ел игілігіне жұмсап, оңтайлы шешімдер қабылдайтын боламыз.

- Полковник мырза, Наурыз мерекесіне орай оқырманға айтар ақ тілегіңіз бар ма?

- Жаңару мен жаңғырудың басы саналатын Әз-Наурыз мейрамы құтты берекелі болсын! Ұлыстың Ұлы күнінде баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін.

Еліміз аман, Ұлыс оң, ақ мол болсын!

 

Сұхбаттасқан Ләззат Нұрмұқан