Халық • 17 Наурыз, 2024

Өнегелі алтын той

129 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 17 наурыз Шаңырақ күні болып белгіленген. Осы күні Тарбағатай ауданында «Алтын шаңырақ, күміс кереге» атты салтанатты іс-шара өтіп, үлгілі отбасылар қатысты. Шаңырақ көтергендеріне 40-50 жыл болған данагөй ақсақалдар, ақжаулықты аналар көпшіліктің қолдау қошеметіне бөленді.

Өнегелі алтын той

Фото: Almaty-akshamy.kz

Сән салтанаты жарасқан қа­тысу­шыларды атап өтсек, отау құрғандарына 50 жыл тол­ған «Алтын той» иелері Ақжар ауылының тұрғындары Бейсенбай Қасенов пен Сәбира Әшімұханбетова, Қабанбай ауы­­лының тұр­ғындары Сейітхан Има­жанов пен Бақты­ка­мал Елеусізовалар кө­рер­­­мен ықыласына ие болды. Шаңырақ көтергендеріне 25 жыл толған «Күміс той» ие­лері Ермек Искаков пен Ботакөз Алдакенова, Дәурен Төлеубаев пен Айнаш Казретова, Жа­ңа­лық ауылының тұр­ғын­да­ры Сарымбаев Сұңғат пен Каженова Балжан, сондай-ақ үйленгендеріне 20 жыл толған «Фарфор той» иелері Бақытжан Егінбаев пен Динара Егінбае­ва­лар да бойда бар қазақы өнер­ле­рін ортаға салды.

Әуелде қатысушылардың отба­­сындағы жетістіктері үл­кен экраннан бейнебаян ар­қылы көрсетілді. «Алтын той» иелеріне 50 жыл бұрынғы өткен өмірлерін еске салып, қызықты сұрақтар қойылды. Мәселен, ол кезде қызды айттырып барғанда сырға салу, «мәһр» сұрау секілді дәстүрлер болды ма деген жүргізуші сұра­ғы­на тосылып қалғандар да болды. Мұндай сұрақ астары қазақылығымыздан ажырамау, дәстүрден адаспауды да мақсат еткен. «Алтын той» иелері жастарға бақытты болудың сырын айтып, бірде күлдірсе, бірде терең ойға батырды. Ақ баталарын, жүрекжарды тілектерін айтты. Үлгілі отбасылар байқауда жеңістен бұрын тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтуға тырысты.

– Аталарыңмен отасқа­ны­мызға елу жылдан асты. Отбасы болған соң өмірдің ыс­­тығы мен суығын бірге көру керек. Иә, ыдыс-аяқ сыл­­дырламай тұрмайды. Он­дайда кешірімді болу керек. Түсі­ніс­тік таныту керек. Оның бәрі – ұсақ-түйек. Ең бастысы, ұрпақ амандығын тілейміз. Ұлтын, елін сүйетін ұрпақтың ғұмыр жастары ұзақ болса деймін. Саналы ұр­пақ, сапалы білім болса, ел ер­теңі жарқын – дейді Сәбира Әшімұханбетова.

Айта кетейік, Бейсенбай ата 29 жыл Абай атындағы орта мек­тебінде директордың шаруа­шылық жөніндегі орынбасары қызметінде болып, құр­метті зейнет демалысы­на шыққан. Сабира әже Ақжар­дағы ауылшаруашылық кол­лед­жінде 30 жылдан аса уақыт тәрбиеші қызметінде болып, құрметті демалысқа шыққан. Екеуі үш ұл тәр­бие­леп өсіріп, олардан 6 немере сүйіп отырған ата мен әже. Екеуі 2020-2021 жылдары «Ауданның әлеуметтік экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен мара­пат­талған. Сондай-ақ осыдан жеті жыл бұрын құрыл­ған Тар­­бағатай ардагерлер ән-би ансамблінің негізін қа­лау­­­шылар да – Бейсенбай ата мен Сәбира әже. Ұлдары Айдын – осы ансамбльдың көркемдік жетекшісі. Сабира Әшімұханбетова күні кеше «Мен әйелмін, әлемнің анасымын» атты облыстық байқауға қаты­­сып, бас жүлдені жеңіп алды.

Іс-шара соңында АХАТ бөлі­мі­нің басшысы әрі осы іс-шараның ұйымдастырушысы Гүлжан Қалтаева махаббат­тары жарасым тапқан «Алтын той», «Күміс той» иеле­ріне салтанатты түрде аудан­ның құрмет кітабына қол қой­ды­рып, тіркеу рәсімін жүр­гізді. Барлығы ме­рей­той иелерін құт­­тықтап, жылы лебіздерін білдірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы