Мереке • 19 Наурыз, 2024

Елдік пен бірлік бастауы

74 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Барша түркі елі мен Шығыс халқы мекендейтін Орталық Азиядан Балқанға дейінгі алып кеңістікте ежелден тойланып, ортақ дәстүрге айналған, бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – жаңару мен жасампаздық, береке мен бірлік, молшылық пен тоқшылық мерекесі.

Елдік пен бірлік бастауы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл күні бүкіл ел қуана көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, ортақ қазаннан дәм татып, қырдағы туыс пен ойдағы ағайын достық рәуіште тоғысқан. «Наурыз – ырысымның ұйтқысы» деген атам қазақ байтақ далаға дән сеуіп, қорадағы малын төлдетіп, ел тыныштығын тілеген. Сондықтан да болар, күн мен түннің теңелу сәтін ата-бабаларымыз ежелден Ұлыстың ұлы күні деп атаған.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалып­тасуы­мен бірге Наурыз мейрамы да барлық отандасымыз үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды. Жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, еліміздегі достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды және басты мемлекеттік мерекеге айналды.

Елдік тұрғыда жаңару және қоғам құндылықтарын одан әрі қалыптастыру мақсатында қабылданып отырған Нау­рызнама тұжы­рым­дамасы жаңа Қазақ­стандағы жаңа сая­си дәуірдің басталуымен тұспа-тұс келіп отыр. 14 наурыздан бастау алып, қоғамдық өмірдің барлық саласын қам­титын тұжырымдамадағы онкүн­дік­тің­ Көрісу күні – Амал күнімен басталып, 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталуы бекер емес. Өйткені Наурыз мерекесін тәуел­сіз қазақ елі үшін жаңаша дамудың рәмізі, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі деп қабылдаумыз керек.

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тірлігінің арқасында халқымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін эконо­ми­каның басты буынының біріне айналып, жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы алдағы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуды жаңа деңгейге көтеру және аграрлық саладағы жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы мақсатта агроөнеркәсіп саласының әрбір бағыты бойынша кешенді шаралар қарастырылған «Жол картасы» әзірленді.

«Жол картасына» елімізде мал басын көбейтуге, шикізатты қайта өңдеу­ді арттыруға, сүт және ет тауарлы фер­ма­лары мен ауыл шаруашылығы өнім­де­рін өндейтін нысандарды іске қосуға бағыт­талған шаралар енгізілген. «Жол картасын» жүзеге асыру 2028 жылға қарай агроөнеркәсіп кешені жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттырып, 17 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қомақты көмек ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беріп, ел ырысын молайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз. Ұлан-ғайыр даламыздағы Наурыз айында басталатын ауыл шаруашылығы саласындағы мал төлдету, егін егу секілді қызу жұмыстар – ел ырысының бастауы, дәулетіміздің өзегі болса, рухани өмірімізде де үлкен серпілістер басталды.

Жер шарындағы барша халық көз тігіп, әлем саясаткерлерінің сөз дәміне айналған, осыған дейін ұлт ұясы – Ұлы­тау­да, рухани астанамыз Түркістанда өткен ұлттық жиын биыл шежірелі аймақ – қасиетті Атырау өңірінде жал­ға­сын тапты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Ұлттық құ­рыл­тай халқымызды ортақ мақсатқа ұйыс­ты­ратын бірегей құрылымға айналды». Құ­рыл­тайдың ел танымында жыл басы саналатын Көрісу күнімен тұспа-тұс келуі халықтың көңіліне ерекше күй сыйлап, алқалы жиынның мазмұнын тереңдете түскенін айта кету абзал. Осындай әсерлі сәттерде Ақтамбердінің:

«Төскейге орда орнатып,

Төменде бидің кеңесін

Біз де бір құрар ма екенбіз?» деген толғауы еске түседі. Тағдырдың тәлке­гімен жер-жаһанға тарыдай ша­шыл­ған қазақтың туған жердің төрінде мәслихат құрып әлемдік күрделі құбы­лыс­тарға үн қосуы, шынымен де бабала­ры­мыздың аңсаған сәттері осы емес пе еді деген ойға жетелейді.

Мемлекет басшысының ел бола­ша­ғына байланысты ұстанымы айқын, бағдары берік, бағыты анық екеніне куә болдық. Енді қоғам болып қолдап, ұлт болып ұйысып, Құрылтайда көтеріл­ген бар­лық бастаманы жүзеге асыруға атсалы­су әрқайсымыздың міндетімізге айналуға тиіс.

Өйткені әлеуметтік, мәдени мәселе­лер­ді шешуге Құрылтай оң серпін бермек. Енді елімізде бар басымдық әлеуметтік салаға беріліп, экономика әртараптанып, өзге елдермен алыс-беріс, барыс-келіс қайта жандана түспек, ал елдегі мәдениет, туризм салалары қайта түрленбекші. Сарап­шылар, сондай-ақ тарихи сананың жаң­ғы­руы мен қазақы құндылықтарды әлем­дік брендке айналдыру бағытында да нақты шешімдер қабылданады деген сенімде. Осындай тарихи басқосудың нау­рыз айында Еуразия кіндігі – киелі қазақ­ жерінде өтуі де көршілес елдерге үлгі болса керек.

ЮНЕСКО Наурыздың барлық түркі және парсы тілдес халықтар үшін ортақ мере­ке екенін ескере отырып, 2009 жыл­дың 30 қыркүйегінде Адамзаттың мате­риал­дық емес мәдени құндылықтар тізі­міне енгізіп, халықаралық мереке ре­тінде жариялады. Шынын айту керек, елімізде Наурыз мерекесі бүгінге дейін жергілікті әкімшіліктер мен мем­ле­кеттік мекемелерінің күшімен ұйым­дас­ты­рылып, киіз үй тігіліп, концерттер мен түрлі ойындар ойнаумен шектеліп келді.

Жыл басын мерекелеу үдерістерінің жалпыхалықтық сипатқа ие болғанымен, әлі күнге дейін бір арнаға түспегенін мойындауымыз керек. Сондықтан болса керек, Президент ұсынған Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасын халқымыз өте жылы қабылдады. Тұжы­рым­дамада атап көрсетілген қайырым­ды­­лық, мәдениет және ұлттық салт-дәс­түр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлт­тық спорт, ынтымақ, жыл басы, тазару ұғымдары қазақ халқының қоғами үрдіс­те­рінің өзегі екені даусыз. Ең бастысы, Нау­рыз мерекесінің ортақ нышаны қабыл­данды. Бұл – ұлықты мейрамның маңы­зын одан әрі артыру үшін аса қажетті қадам.

Енді Наурыз мерекесінің мәртебесін халықаралық деңгейде бекітіп, түбі бір түркі халықтары үшін ортақ нышан белгілеуге ұмтылыс жасау керек. Сонда ұлықты мерекенің шоқтығы тек түркі, парсы елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде де биіктей берері сөзсіз.

Қазақстан Түрксой және сол сияқ­ты беделді халықаралық ұйымдар арқылы осын­дай ұсыныс енгізсе, Наурыз мере­ке­сін әлем елдерінің танып-білуіне жол ашылар еді және де Орталық Азия мен түркітілдес мемлекеттер халық­тары­ның мәдени және рухани байланыстарын нығайта түсуге септігін тигізері анық.

Ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды, адами қадір-қасиеттерді және «Қара шаңырақ» қағидасын жас буынға дарыту бүгінгі қоғамның бас­ты бағыттарына айналғаны абзал. Мысалы, жасы үлкен қарияларға сәлем беру, батасын алу, ата-анаға тағзым ету секілді әдеп-ғұрыптар бүгінгі қоғамның қазығына айналуға тиіс.

Бүгінгі буын үшін қазақ халқы ежелден қадір тұтқан жеті қағидат басты ма­ңызға ие. Олар – аталар дәстүрі – ұлт­тық құндылықтар, әке-ана – әдеп-ғұрып және салт-сана, аға – қадір мен қасиет, іні – ізет және ілтипат, туған-туысқан – тату­лық төрі, дос-жаран – бірлік пен азамат абыройы, көрші-көлем – қадір мен құр­мет. Жұртымызда ежелден Наурыз мере­кесінде үлкенге сәлем беріп, көнекөз ақса­қал­дардың батасын алу дәстүрі бар және ел арасындағы араздық тоқтатылып, ұлттық бірлік салтанат құрған. Осы салт достық пен татулықтың қоғамның дамуының алтын қазығы деуге болады.

Ауыл десек, ел десек көз алдымызға қара шаңырақ, қара қазан, ақбоз үй, ақылгөй ата, ақ жаулықты ана елестейтіні хақ. Жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін көтеріңкі көңіл күймен, тың серпінмен қарсы алып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген шынайы тілектерін жау­дырып жатады. Халқымыз ежелден Наурызда айтылған тілектер қабыл болады деп, мереке барысында әр шаңыраққа бақ пен береке тілеген.

Наурыз мерекесі – адал мақсаттар мен ақ тілектер айы. Ұлт ұрпағының алдында кең даланың кемел келешегі, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, жаңа дәуірде жасампаз ел құру секілді тарихи міндеттер тұр. Көңілі дарқан, рухы биік қазақ халқының осы бір сындарлы кезеңнен де абыроймен өтеріне сеніміміз мол. Бұл сенімге – аталар дәстүрін ту қылып ұстаған, білімді де білікті жас ұрпақтың өсіп келе жатуы дәлел.

 

Серік ЕГІЗБАЕВ,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы,

Мәжіліс депутаты