Пікір • 19 Наурыз, 2024

Ерлікке құрмет

32 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған әйгілі Алтын Орданың астанасы Сарайшық өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың маңызы зор.

Ерлікке құрмет

Арғы қазақ пен бергі қазақ, қай­сар қазақ пен жомарт қазақ адам­зат баласының тари­хын­дағы ұлы оқиғалардың куәсі ғана емес, олар­дың туындауына тікелей себепші болды. Мысалы, Түркі әлемі­не ірі өзгеріс әкел­ген Тұмар патшайым, Аттила, Шыңғыс хан, Әмір Темір және осы киелі то­пы­­рақтан шыққан Сұлтан Бейбарыс – бәрінің тарихымызда орны бар. 

ХХ ғасырда да біз түрлі қиын­дықты бастан кеш­тік. Соның бірі – Екінші дүние­жүзілік соғыс. Жаһандағы барлық ұлтты жо­йып, өздерінің арийлік үстемдігін, нацистік идеологиясын орнату үшін әлемге соғыс ашқан фашис­терге қарсы аталарымыз қас­қайып тұрды. Аға ұрпақ үшін де, біз үшін де ол қанды шайқас – фашизмге қарсы соғыс болды. Бұл  ретте қатыгез жауды қайтарамыз деп шейіт кеткендер баға­лау­сыз қалмауы қажет.

Бірақ бүгінгі қоғамда Екінші дүниежүзілік соғыстың тари­хы­мен таныспаған, санасы улан­ған баз біреулер қаһарман-май­дан­гер­лердің на­ғыз ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Неміс халқы мен неміс фашистері – екі бөлек ұғым. Гете мен Гитлерді, Гейне мен Геббельсті шатастырмау керек. Егер жаңсақ пікірлерге жол берсек, бұл тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік бо­лады. Сонда фашистерді жою­да жанқиярлықпен арпа­лыс­қан Төлеген Тоқтаров, батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүк, отқа оранған ұша­ғы­мен жау эшелонын таран жасаған Нүркен Әбдіров, бір ұрыста 7 ДЗОТ және жүз­де­ген басқыншыны жойған Исатай Сүйеубаев, Мәскеуді қорғау үшін Вермахтың 18 танкісін тас-талқан еткен пан­фи­лов­шы­лар­дың ерлігі қайда қалды?

Бұл – Отанды қорғау жолында жанын пида еткен адал азамат­тардың нағыз қаһар­ман­дығы, асқан ерлігі. Осынау қанды соғыс сол жылдары елі­міздің әрбір отбасына қа­сірет пен қайғы әкелді. Адам­зат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын-соңды болмаған, мил­лион­даған адамның өмірін жал­маған, тағдырын талқан еткен Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың аяқталғанына келер жылы 80 жыл толады. Бұл ма­ңыз­ды датаның бізге де тікелей қатысы бар.

Еліміз бұл қасіретті соғыс­тан тыс қалған жоқ. Соғыс басталар алдында Қызыл әскер қа­тарында 178 мың Қазақ­стан­ болған екен, ал соғыс ке­зінде әскерге 1 миллион 200 мың­дай азаматымыз шақы­рыл­ды. Оның 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қалды, қаншама майдангер мүгедек болып оралды.

Кеңес одағы Қорғаныс ми­нистр­лігінің мәліметінше, 271 мыңдай (271 503) Қазақс­тан азаматы із-түзсіз жоғалып кеткен. Сұ­рапыл соғыста кеңес әскерінің 7 миллиондай жауынгері тұт­қынға түскен. Ал оның ішін­де жерлестеріміздің қанша екені әлі толық анықталмаған. Бұл бағытта Президент архиві зерт­теу жұмысын бастаған болатын. Нәтиже бар, бірақ әлі де жет­кіліксіз.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­­тысқан отандастарымыздың тағ­­дыры туралы сенімді ақпа­рат­ты алатын Ұлттық цифрлық плат­форма, яғни толық элек­трон­дық дерекқор әлі күнге дейін жасақталмаған. Сарап­шы­лардың пайымдауынша, майдангер ата-бабасын іздеуші ұрпақтың саны 2 миллионнан асады екен. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары, тарихшылары және ше­жірешілері майдангерлерді іздеу үшін ре­сейлік электрондық дерек­қор­­ларды пайдаланады. Бірақ бұлардың ішіндегі мил­лион­да­ған құжаттан отандас­тарымыз туралы деректерді табу өте қиын.

Тағы бір мәселе, майдан­гер­лерге қатысты негізгі құ­жат­тар мен деректер Ресей­дің мұ­ра­ғаттарында. Онда Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының жер­гі­лікті мұра­ғаттары мен қор­ғаныс депар­таменттерінде сақ­талған офицерлер мен жауын­­герлердің бастапқы ша­қыру дерек­тері жоқ. Бүгіні таңда соғысқа қа­тыс­ты мұ­рағат­тар­да­ғы құжаттар әбден тозған. Ре­сей тарапы майдан­герлерінің мә­лі­меттерін цифрланды­ру­ды бас­­тап кетті. Мысалы, «Ме­­­мо­­риал» қоғамдық мәлі­мет­тер қоры жұ­мысын 2003 жылдан бері жүр­­гізіп келеді.

Ал біз бұл жұмысты мемле­кет­тік деңгейде жүйелі түрде әлі қолға алған жоқпыз. Бұл жұ­мыстармен тек үкіметтік емес ұйымдар және жекелеген отаншыл азаматтар ғана ай­на­лысып жүр. Мысалы, «Атам­­­ның аманаты» қоғамдық ұйы­­мының арқасында Қазақ­станның 1500 жауынгерінің жерленген жері, майдандағы тағдыры, жауын­гер­лік жолы анықталған. Солардың 12-сінің сүйегі елде қайта жерленді. Бұл қоғамдық ұйым ай сайын із-түзсіз жоғалып кеткен офицер мен жауынгерлердің дерегін ағайын-туғанына тауып беріп отыр.

Бүгінде мемлекетіміздің бей­­біт өмір сүріп, берекелі тір­ші­лік кешіп жатқаны Отан үшін от кешіп, туған жері­нің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде қалған және елге жеңіспен оралған майдангерлердің ар­қа­сы емес пе? Ендеше, ұмы­тылғанды жаңғыртатын, жо­ғалт­қанды іздейтін уақыт келді.

Сұрапыл соғысқа қатысқан барша жауынгердің қаһар­ман­ды­ғын мәңгі есте қалдыру, жас­та­рымызды отансүйгіштікке, тари­хымызды құрметтеуге бау­лу – майдангерлер ал­дын­­дағы қасиетті парызымыз. Бұл мемлекеттің маңызды және жүйелі түрде айналысып, оған жан-жақты қолдау көр­сететін жобасы болуы қажет. Сондықтан соғысқа қа­тыс­қан барлық майдангер туралы ғылыми зерттеу жұ­мысын жүйелі түрде жүр­гізуді қайта жаңғырту керек. Еліміздегі, шетелдердегі жауынгерлердің құжатын, дерегін іздестіріп, цифрландырып, арнайы Ұлттық портал жасауымыз қажет. Бұл жұмыс­тарға тәжірибесі бар қо­ғамдық ұйымдарды тартып, қаржыландыру мәселесін бюджетке ғана артпай, «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорлары арқылы іске асыру керек. Сондай-ақ Президент әкімшілігі жанынан арнайы мемле­кеттік комиссия құруды ұсына­мын және бұл комиссия соңғы жауын­гер­ді тауып алғанша жұмыс істегені дұрыс.

Батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның: «Әділдікті мо­йын­дау – адал кісінің ісі»,  деген нақыл сөзін жадымыздан шығар­ма­йық. Адалдықтың белгісі – тари­хымызға, өткенімізге деген құрмет. Осы істі бірге абыроймен атқарайық.

 

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Мәжіліс депутаты