Пікір • 19 Наурыз, 2024

Кеңескен елде кемдік жоқ

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дана халқымызда «Кеңескен ел кемдік көрмейді» деген сөз бар. Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Халқымыз өзара ақыл­даса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді бірік­тір­ген.

Кеңескен елде кемдік жоқ

Фото: baq.kz

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Ұлттық құрылтайдың ел тарихында айрықша орны бар, әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен – шежірелі Атырау облысында өтуі және оның осы өңірде сақталып қалған Көрісу күнімен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық емес.

Құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесіне тағы да тоқталды. Мемлекет басшысы тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін айтты. «Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», деді Президент.

Мемлекет басшысы Құрылтайда қазақ қоғамындағы зиялы қауымның орнына басты назар аударды. «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», деген Президент елдің тұтастығы зиялы қауым­ның бірлігінен басталатынын тағы бір мәрте еске салды.

Президент: «Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым ете­ді. Сон­дықтан шежіре біздің мәдени ко­ды­мыздың ажырамас бө­лігіне ай­нал­ған. Бірақ біз тек осы түсінікпен шек­теліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды» дей келе, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет екенін ескертті. Әсіресе қазіргі гео­саяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін атап көрсетті.

 

Үнзила ШАПАҚ,

Мәжіліс депутаты