Сұхбат • 19 Наурыз, 2024

Мәшһүр-Жүсіптің шөбересі: Наурыз тойы Қазығұрттан басталу керек

474 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Берекелі Наурыздың мерекелі он күнінің бірінде Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының тікелей ұрпағымен тілдесудің сәті түсті. «Ақиқат», «Мәшһүр-Жүсіптің тылсым әлемі» кітаптарының авторы Абай Шарапиев ағамыздан қазақтың әйгілі ғұламасының Наурыз тақырыбында жазғаны туралы сұрап, әңгімелескен едік.

Мәшһүр-Жүсіптің шөбересі: Наурыз тойы Қазығұрттан басталу керек

- Абай аға, әңгімеңізді қазақ жоқшысының Наурыздың шығу тарихы туралы жазғанынан бастасаңыз?

- Мәшһүр атамыз: «Бала кезде жарапаншы шалдардың «Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен, Ол кеменің тақтайын тышқан тескен», деп айтатынын естідік, «құлақ естігенді көз бір көрмек». Жарапаншы шал айтты деп, топан су болғанына нанып тұрғаным жоқ, өз көзім көрген нәрседен танығанымды білдіріп айтып тұрмын. Тау біткеннен қырық кез асқан топан су болғандығын: жер айтып тұр, су айтып тұр, тау-тас айтып тұр: Жердің айтқандығы – талай жерде судың еріксіз айдауымен үйіліп, жиылып, төбе-төбе болып қалған құмдар: Қызылдың құмы, Қара құм, Жеті қоңырдың құмы, аталған», деп жазады.

«Нұх, Наурыз тарихы» деп аталатын сол еңбегінде топан судың болғандығына көптеген дәлелді мысалдар келтіреді. Сол мысалдардың бірін ғана айтып отырмын.

Топан су бітіп жаңа тіршілік басталған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғажам сол Самның ұрпағы.

«Осы Ғажам жұрты жұлдыз есебін ұстап: «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ: «Бұхар есебі», дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген», дейді Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы.

- Жаңа жылды мерекелеуді наурыз айында бастаған сол көне замандарда жаңа жыл басталғанын нендей белгілер арқылы білді екен?

- Атамыздың еңбегінен бір қызық деректі айтайын. Жаңа жылдың келген сәтін жандыда балық біледі, дейді шежіреші: «Наурызда той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір кәрсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балыққа көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балық аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!», деп барабан соқтырады екен. «Жаңа жыл тойы!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа тамаша той береді екен. Осылайша, Жаңа жыл келгендігін балық арқылы біліп, белгілейтін болған.

- Халқымыздың «Наурыздама» дәстүрі жөнінде және Наурыздағы бата туралы тоқталсаңыз?

- Этнограф атамыз: «Төлебай баласы Едіге би Баянауылдан жүз кісі болып атқа мініп, Мырзақұл баласы Сәти мырзаға «наурыздама қылдырамын» деп жолға шықты дейді. Барса, Сәти мырза үйінде жоқ, қансонар болған соң, бүркіт алып, шығып кеткен екен. «Мені жоқтатпа» деп Баяу есімді бәйбішесіне тапсырып кеткен. «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз. Сегіз күн қылмаған соң, наурыздаманың не сәндігі бар», деп Баяу бәйбіше «ас та төк» етіп, бір күнін бір күнінен асыра беріпті. Сәти мырза наурыздаманың үстіне келіп қалыпты. «Бұл наурыздама Баяудікі болды, онікіне ортақтаспаймын», деп Сәти мырза Едіге бидің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісінің біріне түйе, біріне ат берген, жүз кісіден бір кісіні құр қойған жоқ, ең аяғы атшыларға бір-бір матадан үлестіріпті», деп жазады.

Жүз кісімен еліне қайтып келе жатқанда «Осы қылықты Сәти мырза Жанқозының жалпақ кедейін есінен қалғысыз бір қылайын деп қылды», деген Едіге би шарт жүгініп отыра қалып: «О, Құдай, халқымды, жұртымды өзімнің тұсымда бай қылмасаң да, балам Шоңның тұсында бай қыл!», деп бата қылған екен.

Сол батасы қабыл болып, Шоңның тұсында «Жанқозының жалпақ байы» деген сөз қалған, яғни, Жанқозы руының көбі дәулетті болған. Шоң бидің тұсында Жанқозыға бір жайлауда жүз отау түсіпті. 

Қазақ фольклоршысы Мәшһүр-Жүсіп қай жерде атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдыратұғын дәстүр болғандығын, Төле билердің заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болғандығын жазған. «Міне сондай жақсы күнде тасып кетіп алған дуа Шорман шығып, Мұса шығып, байлық, беклік таласа қоса шығып, Сүйіндікке ұйытқы болып тұр, дейді. Атасына, бабасына тиген дуа: «Құдай берген дәулетін тепкілесе кетпесін, деген осы екен. Оңған, ілгері басқан біреуді: «Шіркін атасына, бабасына дуа тиген тұқым ғой (бұл жерде «дуа» сөзі – бата деген мағынада), деп жазған Мәшһүр атамыз наурызда бата қабыл болатынын айтып отыр.

Атамыздың жазуынша, қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған «Салдама» деген кітап және сөзге шешен шалдардың батасы болады екен. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Әмин», деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны келіп, халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады.

«Қазақта «Наурыз» деген кісі аты болған. Келін-кепшіктер  атай алмай «Ұлы күн», «Ұлыстың ұлы күні» деп кеткен. «Елді, жұртты оңға бастаймын, мал-басы өсуіңе тілеулес боламын!», деушілер осы Наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек»,  дейді қазақ ғұламасы.

- Қазіргі уақытта Наурызды лайықты тойлап жүрміз бе?

- Бір аңыз айтайын, б.з.д. 12-11 мыңжылдықта Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқтаған. Жер бетінде жалпы саны 3 мыңдай этнос болса, соның төртеуі ғана «Нұх пайғамдардың кемесі тоқтаған жер» деп өз жеріндегі тауды көрсетеді екен. Нұх пайғамбардың кемесі тоқтады деп, еврейлер – Сион тауын, армяндар – Арарат тауын, арабтар – Жүді (Жидда) тауын атайды. Төртінші халық – қазақтар, біз – Қазығұртты көрсетеміз.

Бұл дегеніміз – ұлтымызды әлемге танытуға қажетті символдың бірі емес пе?! Өйткені, күллі ұлттар Нұх пайғамбардың әңгімесін біледі, бәрі содан тарадық деп есептейді. Ал енді Нұх пайғамбардың кемесі қазақ жерінде, Қазығұртта болғанын көбі біле бермейді. Қазіргі уақытта Жамбыл Артықбаев және тағы басқа тарихшылар, этнографтар: «Наурыз тойын Қазығұрттан бастау керек», деген өте орынды пікір айтып жүр.

«Наурызға дайындықты ертерек бастау керек. Кемінде бір ай бұрын басталуы керек. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазып кеткен деректер бар: ерте уақытта бәйбішелер жаздыгүні қарын-қарын май жинап, жент, құрт жинап «Наурызда ашамын» деп ырым қылады екен. Наурызға дейін женті тас қайрақтай болып қатып жатады. Қыстыгүні балалар мен немерелер «Апа, жент берші» деп сұраса, «Айналайын, Наурызға дейін шыдай тұр. Наурызда «Самарқанның көк тасы жібігенде» біздің жентіміз де жібиді. Сол кезде жерміз, қарынға қолды салармыз», деп ынтықтырып отырады екен. Бұл ынтықтырудың, Наурызды күттірудің астарында оған деген құрмет жатыр», деген тарихшы Жамбыл Артықбаев: «Көрісу күнінен кейін 22 наурызда Қазығұртта аламан жасап, барша қазақ бас қоссақ, үлкен ас берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Наурыздың қазіргі тойлануына көңілім толмайды. Наурыз – бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам ретінде лайықты деңгейде тойланбай келеді», дейді. Наурызды тойлау туралы менің ойым да осы пікірмен мазмұндас.