Сенат • 19 Наурыз, 2024

Сенат Төрағасы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына барды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурызнама онкүндігі аясында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат елордадағы мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы қызметкерлерімен және емделушілерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат Төрағасы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына барды

Фото: Н.Байбулин

Сенат Спикерінің айтуынша, ел Президентінің тапсырмасы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және кедергісіз орта құру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып, берік институционалдық негіз қалыптасып келеді, елімізде ерекше қажеттіліктері бар ересектер мен балалардың ортаға бейімделуіне, олардың сапалы білім мен медициналық қызмет алуына, спортпен шұғылдануына және жұмыспен қамтылуына қажетті жағдай жасалып жатыр.

«Сондай-ақ Парламент Сенаты да мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және тұрмыс сапасын жақсарту саласында тиісті шаралар қабылдап жатыр», деген Мәулен Әшімбаев Палата жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатымен құрылған Инклюзия жөніндегі кеңестің қызметіне тоқталып өтті.

Кездесу барысында сенаторлар есту, сөйлеу, көру, аутизм спектрі және басқа да ауытқулары бар балаларды оқытудың арнайы жобаларымен және мамандандырылған әдістемесімен танысты. Осы ретте орталықта интерактивті бөлмелер, арнайы әзірленген дамытушы жабдықтары бар сенсорлық-динамикалық залдар жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Орталық басшылығының айтуынша, қазіргі уақытта орталықтың есебінде 200 бала және психоневрологиялық патологиясы бар 42 ересек адам бар. Мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – балалардың өзіне-өзі көмектесу дағдыларын қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына ықпал ету. Осыған байланысты есту қабілеті бұзылысқа ұшыраған 20-ға жуық адам, одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың өздері орталықта аспаз, тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді. Бұл әлеуметтік бейімделу мен даму үшін қолайлы атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді.

Орталықтың ұжымын және тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтаған Мәулен Әшімбаев бүгінгі «19 наурыз Жаңару күні» – табиғаттың жаңаруымен қатар тұтас Қазақстан қоғамының жаңғыруын да білдіретінін атап өтті.