Білім • 22 Наурыз, 2024

Ұлттық мектеп үлгісі

195 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық құндылық дегенді жиі айтамыз. Заманауи технология өмірімізге дендеп еніп жатқан уақытта жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсірудің маңызы туралы да сағаттап сөйлейміз. Бірақ айтылғанды іс жүзінде, өмірде қалай, қандай жолмен нәтижелі жүзеге асыруға болатынын біле бермейміз. Осыны білмекке болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мектепке келдік.

Ұлттық мектеп үлгісі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Қақпадан кіргенде көпқабатты «қасқайған алып ғимараттың кеуде тұсындағы» жазуға бірден көз түседі, онда «№8 мектеп-лицей» делінген. Лицей дегеннен-ақ жаратылыстану бағытында тереңдетіп оқытатынын, сол себепті мектептің ішінде биология, химия, физика, математика әлемі «сөйлеп тұратын» шығар дедік. Ұзына бойы дәлізде ә дегеннен көз тартқаны – кереге мен шаңырақ. Жоғарыға мо­йын бұрғызған шаңырақтың уықтарына түрлі түсті жіп байланып, қазақы дәстүрден сыр шертетін, алтыбақан, бесікке салу, атқа мінгізу, ет тағамы, бауырсақ, асатаяқ секілді ұлтымыздың бейнесін айшықтаған суреттер ілініпті. Ал төбеге тағылған үлкен плакаттардағы «денсаулық», «батырлық», «мейірімділік», «бауырмалдық», «патриотизм», «адалдық», «әділдік», «жомарттық», «құрмет», «кемелдік», «қанағат», «жауапкершілік» деген жазулардың мәнісі тереңде екен.

впр

«Оқушылар арасында сауалнама жүргізіп, қорытындысында мұғалімнің оқушыға сенімі мен өзара құрметтің төмен екені, балалар­дың бізден жылулық сезбейтіні анықталды. Сондықтан тәрбие мәселесіне баса назар ауда­ру керегін түсініп, ізденіп, Білім-инновация мектептері, «Нұр орда» мектептеріндегі тәрбие бағдарламасын зерделеп, сондағы білікті мамандармен тәжірибе алмастық. Сол арқылы тәрбие жұмысы сабақтан тыс уақытта емес, мұғалім өз пәнінде, тура сабақтың үстінде жүргізгенде нәтижелі болатынына көз жеткіздік. Содан осы «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасы бойынша 20 мұғалімімізді арнайы курстан өткіздік, кейін олар басқа педагогтерді оқытты. Қазір, міне, төрт жылдан бері мектебіміздегі мұғалімдердің 80 пайызы осы бағдарламамен жұмыс істейді. Осы­ған орай, біз әр айға құндылықтарды бекіттік. Жо­ғарыда сіз көрген жазулар сол құндылықтарды біл­діреді. Мысалы, қыркүйек айын «Жауапкершілік айы» дейміз. Өйткені бала бірінші күннен бас­тап сабақтан қалмауы керек, оқуға, білім алуға оқу­шы да, тәрбиелеуге, білім беруге мұғалім де жауап­кер­шілікпен қарауға тиіс екенін ұғындырамыз», деп түсіндірді аталған мектеп директоры Гүлнұр Ер­сайын­қызы.

Оқу ошағы басшысының айтуынша, құнды­лықтарды сіңіруге бағытталатын іс-шаралар жоспары мұғалімдермен ғана емес, оқушылармен де кеңесіп әзірленген екен. Бұл балаларды өз ойын еркін айтуға, мұғалімдеріне көмектесуге, өздерінің де ізденуіне, ұжымдық мәдениетке, бауырмалдыққа және оны орындау арқылы жауапкершілікке тәрбиелейді. Себебі мектеп ұжымы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ІТ құзыретті, сауатты, адал ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етіп отыр. 

Ұйым басшысымен cөйлесе жүріп, мектепті аралап келеміз. Әр сыныпқа кірген сайын оқушылардың ерек­ше, ұлттық форма киетінін байқадық. Ал мұға­лім­дердің жаратылыстану сабағында заттың сұйық, қат­ты, қою күйін түсіндіру мақсатында сүт, айран, құрт, жен­т­т­­і көрнекілік ретінде пайдаланаты­нын көріп риза болдық. Ұлттық құндылықтарды жаң­ғыр­ту дегеніміз осындай-ақ болар. Тәрбие ісін­дегі жұ­мыстың да орны бір бөлек. Мысалы, мек­тептегі 4-сынып оқушылары батырлар жырын, 3-сынып оқу­шылары өтірік өлең, 2-сынып оқушылары мақал-мә­тел айтып жарысады. 4-сынып оқушылары бір ба­­тырлар жырын толық сахналап шықса, 2-сынып оқу­­шыларының мақал-мәтелдерді жатқа айтып қана қой­­­май, мағынасын тәтті тілімен түсіндіргеніне тәнті бо­ласыз. 

о

Келесі бір сыныпқа кіргенде қоңырау соғылып, оқушылар дәлізге қарай ұмтылды. Бастауыш сыныптың қыздары бір-біріне «Жүріңдер, биімізді қайталайық» десті де, тұра қалып билей жөнелді. Ішінде бір пысықтау қыз қалғанына би қимылдарын көрсетіп қояды. Ұлдар өзара «Асық атуға кеттік» деп жүгіре жөнелді. Олардың артынан  біз де ілестік, дәлізге төселген шаршы кілемге ақ бояумен шеңбер сызылып, шеңбердің ортасына бір сызық жүргізіліпті. Бастауыш сыныпта оқитын ұлдар асық атуға кірісті. Сөйтсек, бұл олардың күнделікті 15 минуттық қоңырауда дағдыға айналдырған ой­ны екен. Балалардың күн сайын ойнайтыны тәп-тәуір көздейтінінен, төселіп қалғанынан көрініп-ақ тұр.

Осы тұста кілемнің арғы жағында тұрған үстел үстіндегі тізілген дипломдар мен кубоктерге көзіміз түсті. Мектеп командасының асық ойындарынан жүлде алғанын айғақтаған дипломдарға қарап тұрғанымызда, асық атып жатқан балалар өздерінен рұқсат сұраған жоғары сыныптың оқушыларына орын босатты. Екі бойжеткен бір-біріне қарсы отырып алды да, «Бес тас» ойнын бастады. Қос қыздың қолына көз ілеспейді. Бәрін бақылап тұрған дене­шынықтыру мұғалімі Ерболат Семейхан келесі қабатта басқа балалардың тоғызқұмалақ ойнап жатқанын қосып қойды.

впр

«Қазір ұлттық ойындарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Айталық, асық атудан Азия чемпионаты өтті, осы ойын 2024 жылдың қыркүйегінде өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының тізіміне де енгізілді. Асық  ойны қазір ұмытылып бара жатыр ғой. Сондықтан осы ойынға балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында 2011 жылдан бастап балаларға асық ойнын үйретуді қолға алдық. Күнделікті сағат 12:00–14:00 аралығында әуелі үйірме есебінде үйреттік. Ең аз дегенде үйірмеге 15–20 бала келеді. Оқушылардың жас ерекшелігіне ешқандай шектеу де, қыстау да жоқ, өз еркімен ойнайды. Қоңырау уақытында ойнауға жағдай жасап қойдық, сөйтіп ойын күнделікті дағдыға айналды. Нәтижесінде, біздің оқушылардан құралған команда асық атудан қалалық, республикалық жүлделерді иеленді», дейді мұғалім Е.Семейхан.

Мектептен шыққанда оқу ошағының аула­сын­дағы «Жасыл мектеп» деп жазылған жылыжайға көзіміз түсті. Жылыжайды Астана қаласының білім басқармасы Б.Өтемұратов қорының қолдауымен өткен жылы «Жасыл мектеп» жобасымен салып беріпті. Жылыжайға кіргенде қар жауып тұрған қыс мезгілінен бірден жапырағы жайқалған жаз келгендей күй кештік. Жылыжайда оқушылар еккен қияр жеміс бере бастапты. Құлпынай да қызарып қалыпты. Топыраққа тікесінен тұрғызылған тақтайшалардағы жазулардан ненің отырғызылғанын, шалқасынан жат­қан тақтайшалардағы жазулардан қандай өсімдіктің өсі­ріліп болғанын біледі екен. Жылыжайдың тө­рін­де осы шағын бақшада тер төгіп, бір жылда 30 кг қияр жинаған оқушылардың фотосуреттері мен қа­натты сөздер жазылған картиналар ілініпті. Сон­дай кар­тинаның біреуінде «Еңбек ету – өмі­рің­ді мән­ді ету­дің бірден-бір жолы» деп жазылған.

Мектеп қақпасынан шыққанда: «Білімді болған жақсы, ал білімін елдің, одан әрі адамзаттың игілігіне жұмсай білген – одан да жақсы. Бұл үшін, әрине, білімді адамның көкірегінде оның адам екенін ұмыттырмайтын ұлттық құндылықтар сайрап тұруы қажет-ақ» деген ойға тоқтадық.