Спорт • 23 Наурыз, 2024

Елордада көркем гимнастикадан халықаралық турнир өтіп жатыр

41 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласында көркем гимнастикадан FIG дәрежесіндегі халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада көркем гимнастикадан халықаралық турнир өтіп жатыр

Фото: Астана әкімдігі

Әлемдік күнтізбеге енген халықаралық турнирде отандық спортшылардан бөлек, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Әзербайжан және бейтарап елдің көркем гимнастшылары келді.

«Халықаралық көркем гимнастика федерациясының жарысын қабылдау талаптары жоғары. Біріншіден, спорт кешенінің биіктігі, жарығы, 3 мың адам сиятын орындығы және басқа да бірнеше көрсеткішке лайық болуы шарт. Екіншіден, осы деңгейдегі турнирді өткізгенде кемінде 5 ел қатысуы тиіс. Өкінішке қарай, соңғы сәтте Египет елі келуден бас тартты. Үшіншіден, тек біздің Alem академиясында электронды табло бар. Бұл да жарыстың ірі деңгейде ұйымдастыруылуына әсер етеді», деді Әлем халықаралық көркем гимнастика академиясының басшысы Әсем Бақытжанқызы.

Жарыста бұра тартушылық болмау үшін төрешілердің 50% отандық, 50% Иран, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Әзербайжан, бейтарап елден келді.

22-24 наурыз күндері өтіп жатқан халықаралық турнирде 150-ден астам спортшы бақ сынап жатыр. Олар 2006-2008 жылғы және 2008 жылдан кейін дүниеге келген жасөспірімдер бірнеше жүлде бойынша сайысады.

Жарыстың бірінші күні спортшылар шығыршық және доп сайысы бойынша іріктеу кезеңінде өнер көрсетті. Ал жеңімпаздар 24 наурызда анықталады.