Қоғам • 23 Наурыз, 2024

Астаналық ұландықтар жоғалған екі баланы тапты

57 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесі кезінде елордалық жедел бригаданың әскери қызметшілері азаматтарға көмектесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астаналық ұландықтар жоғалған екі баланы тапты

Фото: Ұлттық Ұлан

Мәселен, 22 наурыз күні сағат 13:40 шамасында «Есіл» ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі патрульдік-бекеттік қызметті атқару кезінде әйел адам әскери жасаққа жоғалған немересін тауып беруді өтінген.

Әскери жасақ бастығы-қатардағы Мәди Исаев пен қатардағы жауынгер Әділет Зәкенов бұл туралы патрульдік топ бастығына баяндап, жақын маңдағы жасақтарды хабардар етті. Қысқа уақыттан кейін сарбаздар төрт жасар баланы тауып, оны әжесіне тапсырды. Жергілікті тұрғын сарбаздарға жауапты қызметі мен жеделдігі үшін алғыс айтты.

Екінші жағдай сағат 17:15 шамасында болды. Қатардағы жасақ бастығы Нұрдәулет Есенбаев пен патрульдік қатардағы жауынгер Тілек Серікболсынов EXPO ауданында патрульдеу кезінде жеті жасар қыздың жоғалғаны туралы хабар алған.

– Бағдарды алғаннан кейін біз бірден жоғалған баланы іздеуге кірістік. Полиция қызметкерлерімен 30 минуттық бірлескен іздеу шараларынан кейін біз жоғалған балаға ұқсас белгілері бар қызды таптық. Одан кейін оны ата – анасымен қауыштырдық, - деді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Н. Есенбаев. 

Үшінші жағдай сағат 20:30 шамасында болды. Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Дамирхан Нұрхан мен патрульдік қатардағы жауынгерлер Әлішер Айтбаев пен Нұрасыл Чаубаевтан жасақталған әскери жасақ патрульдеу бағытында «IPhone 14» маркалы смартфонды тапты. Бұл жағдай туралы олар аға бастықтарға баяндаған.

– Құрылғының кімге тиесілі екенін іздей бастаған кезде телефонға смартфон иесінен қоңырау түсті. Кейін ол телефоны табылған жерге келді. Әңгіме барысында біз смартфонның осы жас жігітке тиесілі екеніне көз жеткізіп, телефонды қолына ұстаттық, – дейді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Дамирхан Нұрхан.

Осыдан кейін жас жігіт сарбаздарға қырағы және адал қызмет еткені үшін алғыс білдірді.