Қоғам • 26 Наурыз, 2024

Танымал балалар дәрігері өмірден озды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ана мен бала ұлттық орталығының директоры, белгілі балалар дәрігері Бекбай Хайрулин 65-ке қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Танымал балалар дәрігері өмірден озды

Фото: bestdoctor.kz

University Medical Center орталығының хабарлауынша, Бекбай Хайрулин ұзаққа созылған дертінен қайтыс болды.

«Бүгін таңертең 64 жасында біздің қымбатты досымыз, әріптесіміз және жай ғана мейірімді, жанашыр адам, педиатр, UMC медицина орталығының директоры Бекбай Еслямұлы Хайрулин қайтыс болды. Әріптестері мен емделушілердің құрметі мен сүйіспеншілігіне ие болған Бекбай Еслямұлы саналы ғұмырын адамдарға риясыз көмек көрсетуге арнады. Өзінің еңбек жолында денсаулық сақтау саласын дамытуға, талай адамның өмірін сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосты. UMC ұжымы орны толмас қазаға қайғырып, Бекбай Еслямұлының отбасы мен жақындарына көңіл айтады», деп жазды UMC.

Бекбай Хайрулин – медицина ғылымдарының кандидаты, «емдеу ісі» мамандығы бойынша доцент, жоғары санатты дәрігер. А.В.Луначарский атындағы Астрахань мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша бітірген. 

2009 жылдан бастап «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ компаниялар тобында қызмет атқарды:

«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ директоры;
- «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Клиникалық қызметті басқару және бақылау департаментінің директоры;
- «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ бас клиникалық аудиторы;
- «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ медициналық көмекті ұйымдастыру және сапасын бақылау бөлімінің басшысы.

2009 жылға дейін – Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатр дәрігері, Емдеу-профилактика департаменті ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының бастығы, Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімінің бастығы, облыстық денсаулық сақтауды дамытуды бақылау департаментінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті директорының орынбасары болды.