Қоғам • 26 Наурыз, 2024

Сенат заңгерлік білім беруді дамыту мәселесіне ерекше назар аударады - сенатор

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесе отырып құқықтық білім берудің сапасын арттыру және одан әрі дамыту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат заңгерлік білім беруді дамыту мәселесіне ерекше назар аударады - сенатор

Фото: Сенат

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров конференцияны аша келіп, сенаторлардың еліміздегі заң білімін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, сондай-ақ ұлттық заңнаманы дамыту жағдайында елімізге заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер қажет. Себебі құқықтық тәртіп пен азаматтардың  конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сапалы қорғау, білікті заңгерлерді даярлау деңгейіне тікелей байланысты. Сенат депутаттары осы мәселеге ерекше назар аударып келеді, сондықтан соңғы екі жылда білім мәселесіне қатысты бірқатар шара өткізді», деді сенатор.

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев өз кезегінде саладағы негізгі проблемалар туралы конференцияға қатысушыларға айтып берді. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының коммерциялық мақсаттары, теориялық курстардың басым болуы, оқытушылар құрамының әлсіздігіне байланысты проблемалар және басқа да мәселелер бар.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференция тақырыбы бойынша негізгі баяндама жасады. Ол министрліктің жоғары заң білімі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметі мен тиісті жоғары оқу орындарының жұмысы туралы қатысушыларды хабардар етті. Ал Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина оқу орындарының проблемаларына назар аударып, ғалым-оқытушының жалақысын көтеру мен мәртебесін арттыруға назар аудару қажет екенін атап өтті.

Конференция барысында О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің бірінші проректоры Инна Ершова, Ресей ІІМ Волгоград академиясының профессоры О.Б.Дронова, М.С.Нәрібаев атындағы ҚАЗГЗУ ректоры С.Г.Пен, әл-Фараби ҚазҰУ заң факультетінің деканы Д.Л.Байделдинов және басқалар сөз сөйледі.

Нұрлан Бекназаров ғылыми-практикалық конференция жұмысын қорытындылай келіп, депутаттар айтылған барлық ұсыныстарды мұқият зерделейтінін және кейіннен салалық мемлекеттік органдардың атына жіберу жоспарланып отырған ұсынымдар тізбесіне енгізілетінін атап өтті.