Оқиға • 27 Наурыз, 2024

Аягөзде суға батқан үш ер адамды іздеу жұмыстары ертең қайта жалғасады

51 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысына қарасты Аягөз ауданында суда жоғалып кеткен үш ер адамды іздеу жұмыстарына облыстық ТЖД, Полиция департаменті, ЖАО, ҚМ күштері мен құралдарынан барлығы 82 адам, 4 жүзу құралы, 9 бірлік техника, 4 пилотсыз ұшу аппараты, сондай-ақ жергілікті тұрғындардан азаматтар жұмылдырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аягөзде суға батқан үш ер адамды іздеу жұмыстары ертең қайта жалғасады

Фото: Видеоскрин. Облыс әкімдігі.

Аталған облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, 23 наурыздан бері 1977 жылғы ер адам іздестіріліп жатыр. Ол өзі жұмыс атқаратын «Шығыс» шаруа қожалығына барар жолда Аягөз өзенінен өтпекші болған кезде, аттан құлап, суға кеткен деп болжанып отыр. Сонымен қатар 26 наурыздан бастап 1957 және 1985 жылы туған тағы екі азаматты іздестіру жүргізіліп жатыр. Олар «Шалқар» қосалқы шаруашылығынан Қарағаш ауылына қарай жолға шыққан «МТЗ 82» маркалы тракторда Борлы өзенінен өту кезінде суда жоғалып кеткен. Жолды қысқарту үшін өзеннен өтпекші болғанымен ортасында тұрып қалған. Оқиға орнына келген құтқарушылар адамдарды таппаған.

Көктемгі ластануға байланысты айдындардың су асты көрінуінің нашарлығынан және су ағынының жоғары жылдамдығынан сүңгуірлердің жұмысы күрделеніп отыр.  

18 сағат 26 минутта Семей қаласының ҚМ МИ-17 тікұшағы Борлы өзені бойын аэровизуалды қарауға әуеге ұшқанымен аумақты зерттеу нәтиже бермеген.

Іздеу-құтқару жұмыстары қараңғы түсуіне байланысты уақытша тоқтатылды. 26 наурызда да қараңғы түсуіне байланысты тоқтатылған болатын.

28 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап іздеу жұмыстарын қайта бастау жоспарланып отыр.