Аймақтар • 28 Наурыз, 2024

Дайындық жұмыстары күшейді

26 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн жылына басталғалы бір апта болды. Дала­дағы қар күрт ерімей, бір қатып, бір жібіген күйде. Дегенмен қарғын судан қауіп жоқ емес. Әзір­ге аймағымыздағы ахуал қалыпты. Жергілікті биліктің қатаң бақылауында.

Дайындық жұмыстары күшейді

Космомониторинг деректері бойынша бүгінде облыс аумағының 61 пайызын қар алып жатыр. Өңірдегі өзендерден де төніп тұрған қауіп әзірге жоқ. Өз арналарында. Яғни су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Елді мекендерді, қаладағы үй-жайларды су басу тіркелген жоқ.

Төтенше жағдайлар департа­менті мен жергілікті әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауында ұстап отыр. Қамданыс бар. 3 765 тонна жанар-жағармай, 171 тонна азық-түлік, 64 мың тонна инертті материал, 145 мың сөмке әзірленді. Бұған қоса 2 млн 600 мың текше метрден аса қар шығарылды. 45 шақырымдық су бұру траншеялары кесілді, 137 шақырымдық каналдар мен арықтар, 4 635 су өткізу құбыры, 441 көпір толы­ғымен тазартылды.

«Самарқанд су қоймасынан секундына 20 текше метр, Ынты­мақ су қоймасынан 6,4 текше метр көлемінде санитариялық төгін­ділер жүргізіліп жатыр. Азамат­тық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілген. Саны 4 125 адам, 1 754 тех­ника, оның ішінде ТЖД бөлім­шелерінен 360 адам, 70 тех­ни­ка әзір. Азаматтық қорғау қыз­мет­терін, ұйымдарды, әскери қол­­бас­шылық органдары мен поли­­ция департаментінен 3 675 қыз­мет­­кер, 1 631 техника дайын», дей­ді Тө­тен­ше жағдайлар депар­та­менті­нің басшысы Мұрат Қатпанов.

Жалпы ауданы 3 800 текше метр болатын 2 учаскеде мұзды кесу және бұрғылау жүргізілді. Департамент қызметкерлері жағдайды мониторингтеу мақса­тында су тасқыны қаупі бар елді мекендерді тәулік бойы аралап жүр. Мұндай кезеңде халықты ақпараттандыру мәселесі аса маңызды. Бұл бағыт бойынша департамент қызметкерлері жұмысын күшейткен. Мәселен, 28 мыңнан аса адамды қамтыған халықпен 286 жиын өткізілді. Халыққа 25 мыңнан аса жадынама парағы табысталды.

«Облыстың телеарналары бойынша су тасқыны кезеңінде ТЖ алдын алу мәселелері бо­йынша 42 хабар эфирге шықты, радио тораптары арқылы 1 300-ден аса ескерту хабары тарады, басылымдарға 32 материал шықты. Әлеуметтік желілерде 257 материал жарияланды. Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде және ерекше бақылауда», дейді Мұрат Қасенұлы.

Жақында облыс әкімі Ерма­ған­бет Бөлекпаев пен Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің басшысы Мұ­рат Қатпанов Қарқаралы ауданын­дағы жұмыс сапарында бірқатар ауылдық округтерді аралап, көк­темгі су тасқынына әзірлік жұмы­старымен танысқан еді. Облыс басшысы су тасқыны болу ықтималдылығы басым саналатын Ынталы, Угар, Қаршығалы, Тегісшілдік және Н.Әбдіров ауыл­дық округтеріндегі су өткіз­гіш құбырлардың, көпірлер мен су бөгеттерінің жағдайын көрді. Мұның алдында аймақ басшысы Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин кентіне, Садовое мен Чкалово ауылына, Ақтау кентіндегі Мырза стансасына барып, ахуалды көзімен көріп қайтқан еді.

 

Қарағанды облысы