Тәрбие • 28 Наурыз, 2024

Жыраулардың жалғасы

91 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талай сүлейлер дүниеге келген Сыр топы­рағында «Қуаңның табанынан жүз жырау шыққан» деген көне сөз бар. Әйтеуір, дүниенің тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба Қорқыт, ұлы даланы әуенмен тербеген ұзандар, олар­дың жолын жал­ғаған сүлейлер өт­кен өңірде бүгін де жыр­дың қоңыраулы көшіне ілескендердің қатары қалың. Осы­лай­ша кешегі сарын бү­гінге өрнегі бүлін­бей жетіп отыр.

Жыраулардың жалғасы

Көненің бәрін күресінге тас­таған ке­шегі кеңестік саясат ең әуелі осы Сыр сүлейлеріндегі дәс­түр сабақ­тасты­ғын өрбітпеуге барын салды. Ел жыршы­лардың өнегесі мол өсиеттері мен тәлімді термелерін тыңдауға зар болды. Осындай жағдайда бағзы өнер­ді жаңа заманға бейімдеп сах­наға алып шыққан Жиенбай жы­раудың немересі Көшеней Рүс­тембеков еді. Есімі жыр ас­па­нында жарқыраған жампоз баба­дан қалған өнерді көп алдына қайта шығарды. Осының арқасында Сыр сүлейлерінен қал­ған алтын арқау қайта жалғанып, жәдігер жыр саф өнерге сусаған жұртты сусындатты. Отызға да толмай опат болған қазақтың күміс көмей Көшенейі бағзы өнердің бүйдасын өзінен кейінгі дәстүрлі өнердің өрісін кеңіткен бір шоғырға табыстап кетті.  

Соңғы кездері облыстық мәде­ниет, архивтер және құжат­тама басқармасының халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы бағ­дарлама аясында «Жыр мұ­ра» жобасын жүзеге асырып, ел арасында ұмытылып бара жат­қан жыр-термелерді, ма­қам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртты.  Қорқыт мұрасын жан-жақты насихаттап, жыр әлеміне жаңа есімдерді шығаруды көздеген жоба шеңберінде «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, өнер иелері ел ішін аралады.

«Жыр мұра» жобасына сай Қызыл­орда қаласы мен 7 ауданнан қобызшылар үйірмесі ашылды. Осыған дейін Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында жыр үйірмелері құрылған еді. Жоба арқасында дәстүрлі өнерден өріс іздегендер қата­рына Қазалы, Жалағаш, Сырдария мен Жаңақорғанның жас талаптары қосылды. Осы үйірмелердің репертуарын байытуға мән беріліп, ел арасынан жинақталған терме-толғау, дастандардың мәтіндері жүйеленді. 

Жыр тұмасы Қармақшы топырағында жыраулар мектебі сонау 80-жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Халық шығармашылығының дәстүрлі үлгілерін дамыту мақсатында құрылған бұл мектептерден шыққан талай дарын жыр саңлағына айналды. Әлі де жәдігер жырды жалғауға ниет еткен өрендерді тәрбиелеп келеді. Осындай жыр жолына жаңа түскен жас талаптың бірі – Мәди Елдес. Қармақшы ауданы Алдашбай ахун ауылында тұратын Мәди Ешнияз сал атындағы үйірмеге осыдан төрт жыл бұрын қабылданыпты. Әкесі Сахи Ермаханов пен анасы Рая Әбубәкірқызы талапты ұлдың болашағына сеніпті. Әуелгі жыр жаттатып, оны мақамға қон­ды­рудың жолын үйреткен ұстазы Ақсұң­қар Бүркітбаева болды. Кейін жауһар сөз­ді термелеген Дінісләм Тоқсанбаев бау­лыды. Қазіргі жетекшісі – Әлішер Мырзағалиев.

Жас түлектің алғашқы табысы «Бала­лар жылы» аясында Қармақшы аудан­дық Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің ұйымдастыруымен Сыр сүлейі, шығыстың шайыры атанған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 140 жылдығына арналған «Ширатқан шым жібектен көгені едім» атты жас жыршылар арасындағы бай­қаудың жүлдесі болды. Сол сайыста екін­ші орын алған ол келер жылы Омар Шораяқұлының туғанына 145 жыл толуы­на байланысты Қызылорда қаласында өткен «Орамды ойдың Омары» атты жас жыршы-термешілердің облыстық байқауында топ жарды. Ақынның бай мұрасын насихаттап, ұрпақ жадында жаңғыртуды көздеген байқауда Мәди бірінші орын биігінен көрінді.

Былтыр Әзербайжан астанасы Бакуде өткен «Мугам» халықаралық дәстүрлі байқауынан бала жыршы үшінші орынмен оралды. Сол елдегі Жастар және спорт, Мәдениет министрліктерінің қол­дауымен өткен сайысқа Түркия, Әзер­байжан, Иран, Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан елінен 19 жас қатысып, бақ сынапты. 

«Екі кезең бойынша өткен жарыс­та алғашқыда Наурызбек жыраудың «Сөз сөйлейін термеден», кейін Тұрма­ғамбеттің «Не қызық?» атты термелерін орындадым. Маған сенім артқан жетек­шім Әлішер ағайға, дүбірлі додаға бас­тап барған белгілі жыршы Амандық Бүрлібаев ағаларға алғыс айтамын», дейді жас өрен.

Жетекшісі Әлішер Мырзағалиев үйірмеге балалардың қызығушылығы жоғары екендігін айтады. Жырды бірден қағып алатын Мәдиден бөлек те топқа түсіп жүрген талапты балғындар бар. Осы күні ауылдағы №11 мектептің 6-сыныбында оқитын Мәди шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелеріне де қатысады. Жәдігер жырды жалғаған жас қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Тұңғышбаеваның жетекшілігімен мәнерлеп оқу сайыстарында, әуез пәнінен сабақ беретін Марта Жұмабаеваның баулуымен өнер жарыстарында жүлделі орындар алып жүр.

 

Қызылорда