Қоғам • 27 Наурыз, 2024

Абай өңірінің озықтары

19 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы №3 арнайы мектеп-интернаты ерекше балаларды оқытады. Тағдырдың сынағына сынбаған оқушылар біліммен қатар ұлттық өнерді қатар алып жүр. Ұлттық аспаптарды меңгерген мектеп оқушыларынан «Сұлу саз» фольклорлық ансамблі мен «Сырғалым» жеті­геншілер, «АРТ лайф» баянистер ансамбльдері құрылған. Олар Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық байқауларда бас жүлде жеңіп алған.

Абай өңірінің озықтары

Ел ертеңі үшін мектеп ісі – өзекті мәселе. Оның ішінде мектеп-интернат жағдайы мен тәрбиесі май шаммен қаралады. Ал шығармашылығымен жұртты тәнті етіп жүрген жеткіншектер оқитын №3 арнайы мектеп-интернаты бұған баса назар аударады. Білім ордасында мүмкіндігі шектеулі оқушылар­дың бойында ұлттық құндылықтарға негіз­­делген адамгершілік тәрбие мен адами сезімді қалыптастыру және дамы­ту мәселесі алға қойылған. Әр апта­ның жұма күні ұлттық киім кию дәстүрге айналған. Оқушылардың қызығушылықтарына қарай әртүрлі үйірме де бар. Үйірме нашар көретін оқушыларға қазақтың ұлттық музыка өнерін насихаттап, эмоциялық сезімталдығын қалыптастырып, білімді, мәдениетті болып өсуіне көмектеседі.

Мектепте оқушыларды шығарма­шылыққа тәрбиелеу ісі жақсы жолға қойылған. Музыка кабинеті ұлттық музыкалық аспаптармен қамтылған. Музыка пәні бойынша мектеп жанынан «Сұлу саз» этно-фольклорлық ансамблі, «Сырғалым» жетігеншілер ансамблі, «Арт Лайф» баянистер ансамблі, «Асыл мұра» домбырашылар ансамбльдері және қобыз, сазсырнай, басдомбыра, шанқобыз, саксафон үйірмелері ашылған. Бұл туралы «Музыканың әсері жасөспірімге дүниені жан-жақты танып-білуге көмектеседі, баланың ойына азық беріп, кеңінен және әдеттен тыс ойлауға үйретеді, халықтың рухани мәдениетіне жақындастыра отырып, патриотизм сезімін тәрбиелеп, адамгершілік және азаматтық белсенділігін оятады», дейді үйірме қатысушысы Смағұлов Дәулет.

Мектеп түлектері жыл сайын ҰБТ-ны сәтті тапсырады. Алдыңғы 2022-2023 оқу жылында орташа 92,5 балмен тапсырып, мемлекеттік грант иегерлері атанып, жоғары оқу орындарына түсті. №3 арнайы мектеп-интернат 1979 жылы құрылды. Қазір 25 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ пәндік кабинеттер, психолог кабинеті, көру қабілетін түзету, емдік денешынықтыру, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері, ойын, салтанат залы бар. Мұнда 43 мұғалім және 21 тәрбиеші қызмет етеді, 139 оқушы білім алады. Нашар көретін және зағип балалар мектеп-интернатта 6 жас­тан бастап 18 жасқа дейін білім алады.