Қоғам • 27 Наурыз, 2024

Кәсіпкерлікке үйретті

23 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысында уақытша жұмыссыз жастардың са­нын азайтуға бағытталған семинар ұйым­дас­ты­рылды. Төрт күндік семинар барысында NEET сана­тын­да­ғы 200 жасқа кәсіпкерлік дағдылар үйретілді.

Кәсіпкерлікке үйретті

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жастар «Жұмыс іздеу дағдыларын арттыру», «Кәсіпкерлік дағдыларын же­тілдіру» және «NEET жастарының цифрлық дағдыларын арттыру» тақы­рыбы аясында біліктілігін шың­дады. Еңбек нарығы трендтерін зерттей отырып, түйіндеме мен ілеспе хат жазу тәжірибесін, әңгімелесуден сәтті өтудің машықтарын да үйренді. Оған қоса жұмыс табуға болатын платформалармен жіті танысты.

– Семинарға 14-35 жас аралығын­дағы жастар қатысты. Бұл – Экология­лық қор мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бірлескен жобасы. Курс бағдарламасы жастар­дың тілектерін ескере отырып әзір­ленді. Тыңдаушылар кәсіби мамандардан, сондай-ақ тәлімгерлер мен кәсіпкерлерден құнды тәжірибе және ақпарат алды. Жалпы, курс­тарға жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де қатыса алады, – деді Қазақстанның Экологиялық қорының басшысы Айгүл Абдуалиева.

Ұлттық статистика бюросының дерегін ескерсек, елде 15 пен 34 жас аралығындағы NEET жастардың үлесі 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 7,1 па­йызды құрайды. Мемлекет биыл екі қолға бір күрек таппай сенделген отандастарымызды еңбекке баулу мақсатында біраз іс-шаралардың басын жүйелеген. Мәселен, еліміздің 20 өңірінде «Zhas project» жобасы іске қосылды. Бағдарлама аясында азаматтарға конкурстық негізде 1 млн теңгеге дейінгі сомаға шағын грант беру көзделген. Осылайша, 280 жоба іске асырылатын болады.

«25 наурызда ұйымдастырушы, оператор, мүдделі серіктестердің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде конкурстың басталуы жарияланды. 25 наурыздан бастап 24 сәуір күнгі сағат 23:59-ға дейін жас­тардан өтінімдер қабылданады. 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комис­сия конкурстық өтінімдерді іріктеу жұмыстарын жүргізеді. 15 мамырда ұйымдастырушының интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерде іріктеу нәтижелері қорытындыланады. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге ба­ғыт­талған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады. Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бо­йынша кәсіби менторлық қолдау ала алады», деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. 20 жасқа жеке консультация берілді. Енді мұндай курстар Қостанай және Қызылорда облыстарында ұйым­дас­ты­рылмақшы. Сондай-ақ қор рес­пуб­­лика бойынша жастар ресурстық орталықтарында жұмыспен қамту, кәсіп­керлікті дамыту материалдарынан тұратын ақпараттық-танымдық бұрыштар орнатуды көздеп отыр.