Жастар • 27 Наурыз, 2024

Тазалық – әр мекеннің өлшемі

21 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Наурызнаманың Жаңару күнінде елордалық жас­тар шаһардағы аулаларды қардан тазартты. «Астана жастары» жастар ресурстық орта­лығының волонтерлері бастамасымен ұйым­дас­тырылған науқанға өзге де ұйымдар қосылды.

Тазалық – әр мекеннің өлшемі

Көктем келісімен елорда көше­леріне қар суы жайылды. Тіпті кей бөліктерінде қарғын су жолдарға жайылып, жаяу жүргіншілерді былай қойғанда, көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатыр. Бұған алаңдаған белсенділер қолда бар құралымен әлі ери қоймаған қала бұрыштарын қардан тазалап әлек.

– Біз бүгін табиғатпен бірге қаламыз да жаңарсын деген ниетпен үлкен саябақтардың қарын аршып, тазартуға күш салып отыр­мыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қолдан кел­ген­ді істеп, бір-біріне қамқор, тілеу­лес болу тәрбиеде бар. Бұл бір жа­ғынан жастардың бойындағы эко­мәдениетті қалыптастыруға сеп болады, – дейді «Қазақстан студенттер альянсы» төрағасының орынбасары Сағындық Сейіткәрім.

Дәл осындай экологиялық акция Батыс Қазақстан облысында да жалғасты. Орал қаласында өткен сенбілікке қала тұрғындары, қоғамдық бірлестіктер, студенттер, жастар және табиғат жанашырлары қатысты. Жиналғандардың жалпы саны 350-ден асты. Олар Шаған өзенінің жанын қураған ағаштардан тазартып, жол жиегін­дегі қоқыстарды, ағаш сынық­тарын жинады. Іс-шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Нари­ман Төреғалиев те бой көрсетті. Өңір басшысы сенбілікке қаты­сушыларға алғысын білдіріп, қала әкімдігімен жауапты мекемелерге қаланы тазарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурызнама онкүндігіне орай өңірімізде көп­теген іс-шара өтті. Жаңару күнінде сенбілікке шыққан жандарға ал­ғы­сым шексіз. Шаған өзенінің екі жағында қураған, құлаған ағаш­тар көп. Тазарту жұмыстары ақ­пан айында басталып, құлауға жақын тұрған ағаштар кесілді. Қу­раған ағаштардан біз уақтылы құты­луымыз керек. Жалпы алғанда, тиіс­ті мекемелер шаһарымызды тазарту жұмыстарын күшейтуі қажет. Ұлттық құндылықтарды дәріп­теп, өскелең ұрпаққа дұрыс тә­лім-тәрбие берген жөн. Олар­ды тазалыққа үйрету керек. Сол бағытта ұйымдастырылған осы сенбіліктің пайдасы көп, – дейді Н.Төреғалиев.

Ал Алматы облысының орта­лығы Қонаев қаласы мен бар­лық ауданда «Бірге – таза Қа­зақ­стан!» экологиялық акциясы аясында 16 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы, облыстық сенбілікке 25 мыңнан астам адам қатысыпты. Қонаев қаласының жастары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері көл жағалауындағы демалушылар көп келетін орындар мен саябақтарды, көшелерді абаттандырып, «Барыс» монументінің маңайын қоқыстан тазартты.

– Қазіргі таңда экологиялық проблемалар – өте өзекті және күр­делі мәселе. Сол тұрғыда «Бірге – таза Қазақстан!» акциясының не­гізгі мақсаты – табиғи ресурс­тарды үнемді, мақсатты, сапалы пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөліп, қоршаған ортаға бай­ланысты экологиялық проб­ле­маларды халық болып, қоғам болып шешу. Науқан 5 жылдан­ бері тұрақты түрде жылына екі рет ұйымдастырылып келеді, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Ескендірұлы.

Күн жылынып, қара жер көрінген соң, еліміздің әр өңірінде экоакциялардың қатары көбейетіні анық. Осы ретте «Астана жастары­ның» белсенділері жыл сайын сая­бақтарға көшеттер отырғызуға жәрдемдесіп, тарихи орындарды та­за­лау жұмыстарын жүргізетінін айтты.

– Біз «Жер сағаты» акциясын өткіздік. «Жер сағаты» – Дү­ниежүзілік табиғат қоры (WWF) ұйымдастыратын жыл сайынғы жаһандық халықаралық іс-шара. Науқан жыл сайын наурыздың соңғы сенбілерінің бірінде өтеді. Себебі бұл күні белгіленген уақытта әлемнің әртүрлі елдеріндегі адамдар бір сағатқа жарық пен басқа да электр құралдарын өшіреді. Мұндағы мақсат – жер шарындағы климаттың өзгеруі проблемасына әлемдік қауымдастықтардың назарын аудару, осы экологиялық мәселені шешуде бірігіп жұмыс істеу қажет екенін алға тарту. Алдағы уақытта қаладағы көшеттердің санын көбейту мақсатында 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында «Ұлттық ағаш отырғызу» науқаны басталады. Игі істі 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында да қайта жалғастырамыз. Ал маусымда «Халықаралық орман еріктілері мектебі» жобасы іске қосуды жос­парлап отырмыз, – дейді волонтер Алан Балтабайұлы.