Денсаулық • 27 Наурыз, 2024

Сегіз балаға шарапаты тиді

36 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы мен Ярославль қалалары дәрі­гер­ле­рінің мегаполисте сирек кездесетін аяқ-қол кесел­дері­мен туған 8 балаға жасаған опе­ра­ция­­сы сәтті өтті. Бұл балалардан да бөлек, ұқсас дерттері бар 60 шақты кішкентай пациент білікті дәрі­гер­­лердің қабылдауында болды.

Сегіз балаға шарапаты тиді

15–16 наурыз аралығында Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында белгілі ресейлік хирургтер Максим Вавилов пен Тимур Торно бірігіп, «Микрохирургия арқы­лы аяқ-қолдың туабітті және жүре келе пайда болған кінәраттарын жедел емдеу» тақы­ры­бында шеберлік дәрісін өткізді. Мұндай мүмкіндікті Ал­маты, Талды­қорған және Бішкек қала­­ларының дәрігерлері де жі­бер­­мей, тәжірибе алмасуға келді.

«Шеберлік дәрісін «Мейі­рім­ділік үйі» қоғамдық қоры бас серіктесіміз «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауына сүйене отырып, дерті ауыр балаларға көмек көрсету үшін әрі ауруханадағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында ұйым­дастырды. Бастама аясында 60 шақты бала тексеруден өтіп, ем-дом тағайындалды, 8 балаға операция жасалды. Күрделі операцияның екеуі – «симультантты», яғни бір мезетте адамның бірнеше жеріне жасалатын аралас операция», деді Алматы №2 ҚБКА директоры Марат Рабандияров.

Тағы бір тоқтала кететін оқиға – Қонаев қаласынан жеткізілген 9 жастағы Адинаға 2 дәрігерлік топ – микрохирургтер мен ортопедиялық травматологтер бір мезетте күрделі операциялар жасады. Бүлдіршін наркозда жатқан кезде аяқ-қолымен қоса, бұғанасына үш бірдей операция жасады. Науқасқа «оң жақ гемипарезі, церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған.

Айтқандай, 2023 жылы 13 қаң­тарда Адинаға осы №2 қала­­лық балалар клиникалық ауру­ханасының базасындағы нейро­хирургиялық шеберлік дәрісі кезінде Берлиндегі әйгілі Шарите клиникасының профессоры Ульрих-Вильгельм Томаленің тікелей араласуымен мидың сол жақ бөлігіне бірегей операция жасалып, осыдан кейін бүлдіршіннің жағдайы жақсарып, дірілі тоқтаған. Алматы мен Ярославль дәрігерлері жасаған бұл жолғы операция Адинаны сауықтыру жолындағы келесі қадамға айналып отыр.

«Бала ауруханаға жоспарлы түрде қабылданды, бірақ операциядан төрт күн бұрын қыз оң иығымен құлаған. Тұрғылықты жері бойынша травматикалық пунктке апарған кезде оған «оң жақ бұғанасының ортаңғы үштен бір бөлігінің жабық сынуы» диагнозы қойылып, дезо гипсі салынғандықтан, оң қолға да операция жасау мәселесі туындады. Тексеруден кейін дәрігерлердің екі тобы бір уақытта аяққа, бұғанаға, жіліншік пен саусаққа бірлескен «симультантты» операция жасауға шешім қабылдады. Осылайша, бір мезетте Адинаға оң жақ бұғананың жабық остеосинтезі, шынтақтағы жіліктік жүйкенің қозғалтқыш талшықтарының селективті нейротомиясы, сіңірлердің транспозициясы, оң жақ асықасты буынының артроэрезі диагноздарына операция жасалды», деді Алматы №2 ҚБКА травматолог дәрігері Ұлжан Солтанбекова.

Ал жоғарыда аталған 8 бала «бірнеше артрогриппоз», «аяқ­тың кавустық деформациясы», «Шар­ко­ – Мари ауруы», «атипті май­мақ­тық», «рецидив», «ОНМК сал­дары», «сол жақ гемипарезі», «сол жақ аяқтың вальгусы», «оң қол­дың деформациясы» сияқты күр­делі операцияларды өткерді.

Шеберлік дәрісі аясында қол­данылған «бос тері пластикасы» технологиясына тоқталатын болсақ, дәстүрлі әдістер тиімсіз болған жағдайда дәрігерлерге күрделі микрохирургиялық әдіс­терге жүгінуге тура келеді.

«Микрохирургтердің мін­де­ті­не келсек, оған бірден жүгі­ну­дің қа­жеті жоқ, бұл басқа әдіс­тер кө­мектеспеген кезде қол­да­нылады. Жарақат алғаннан кейін түрлі жара пайда болып, ортопедтер мен травматологтер олардың барлығын кез келген тәсілмен жабуға тырысады, жергілікті тін­дерді тартады, бұл «бос тері плас­тикасы» немесе «қайталама жазылу» деп аталады. Егер барлық тәсіл көмектеспеген жағдайда бос теріні жылжытып, қан-тамыр айналасын тігіп, жараларды жабу керек. Мұндай операция барысында еш жерді жарақаттамау, зақымдап алмау сынды ауыр міндет тұрады», дейді хирург Тимур Торно.

Ең бастысы, балаларға жасал­ған барлық операция, ем-дом тегін жүргізілді.

 

АЛМАТЫ