Оқиға • 28 Наурыз, 2024

Ақтөбенің қақ ортасын су басты

99 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Ақтөбе қаласының қақ ортасын су басты. Сазды өзенімен жалғасқан, қаланың қақ ортасынан өтетін Кіші Сазды өзені арнасынан асып, су 11 және 12-ші ықшамауданның көшелеріне жайылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбенің қақ ортасын су басты

Кеше әуежай айлағы суға толып, ұшақтардың рейсі тоқтатылып, су сорғылау жұмыстары жүргізілсе де, жан-жақтан ағылған қызыл су дес бермеді. ТЖД қызметкерлері әуежай айлағындағы су бағытын Сазды өзеніне қарай бұру үшін қала ішіндегі автокөлік жолының учаскесін жарды. Түн ішінде әуежайдан келген сумен Сазды өзені толып, қаланың қақ ортасымен ағатын Кіші Саздыға қарай аға бастады. Мұз сеңдері жағалауға шығып, су М.Мәметова көшесіне жайылды. Қазіргі уақытта ағын су бағытын бұру және бөгеу, жиналған суларды шығару, инерттік материалдар төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. ӘҚК Әскери институтының жеке құрамы мен курсанттары ТЖД мамандарына қол ұшын созды.

Сондай-ақ бүгін түсте Қобда ауданының орталығы Қобда елді мекеніне де қарғын су кіріп, бірнеше үй су астында қалды. Биыл да Қобдада былтырғы жағдай қайталанып отыр.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі Самара-Шымкент автожолының Батыс Қазақстан облысы аумағындағы бөлігін су шаюына байланысты Алға ауданы Маржанбұлақ ауылынан БҚО шекарасына дейінгі жол жабылғанын хабарлады.

Қобда ауданында жергілікті жағдайдағы төтенше жағдай жарияланды.

оо