Инвестиция • 28 Наурыз, 2024

Жетісуға инвестиция тарту қадамы

29 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Америкалықтар Жетісудың білім саласына грант бөлуге ниетті. Сонымен қатар кәсіпке әуес қыз-келіншектерге жәрдем­десуге ынта білдіріп отыр. Ал облыс бас­шылығы қатты қал­дықты өңдеуге инвес­тиция құйса, жер бө­ліп беруге жағдай жасай­тынын жет­кізді. Облыс әкімінің орынба­сары Әсет Қана­ғатовпен АҚШ-тың Қазақ­стандағы елшісі Дэниел Розенблюм бастаған делегация кездесуінде осындай мәселелер көтерілді.

Жетісуға инвестиция тарту қадамы

Жетісу өңірінде шетел инвестициясын тарту бағытында бірқатар іс-ша­ра қолға алынып жатыр. АҚШ елшісімен болған кездесуде де бұл мәселе жан-жақты пысықталды.

Облыс әкімінің орынбасары Ә.Қанағатов бұған дейін де АҚШ өкілдерімен болған ресми кездесулердің жалғасы ретінде бұл жүздесудің екі­жақты әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпалы болатынына сенім білдірді. Облыс экономикасындағы басым бағыттар, инвес­ти­циялық мүмкіндіктер жайлы баяндады. Сол сияқты америкалық қонақтардың осы жолғы жұ­мыс сапары негізінен білім беру саласына бағыт­тал­ғандықтан, бұл салада да өзара білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.

Өз кезегінде Дэниел Ро­зенблюм мырза жетісулық студент­терге АҚШ-тың білім грант­тарын беру, сол сияқ­ты іскер әйелдерге қол­дау көрсету жағынан байланысты жандандыру туралы сөз қозғады. Облыстың инвестициялық мүмкіндігі туралы мәліметтердің АҚШ инвесторлары үшін пайдалы болатынын айтты.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев білім беру, денсаулық сақтау, ІТ салаларына маман даярлауда әріптестік байланыс орнатудың мүм­кіндіктері туралы баяндады. Ал Талдықорған қала­сының әкімі Ернат Бәзіл қаладағы тұрмыстық қатты қалдық­тарды терең өңдеу, яғни қал­дықсыз өңдеу ісіне инвестиция салатын компаниялар болса, заң шеңберінде жер учаскесін бөлу, инфрақұрылым жүргізу сияқты нақты қолдаулар көр­сетілетінін жеткізді.

Қос қарап та айтылған мәліметтер негізінде екіжақты байланыстардың жаңа көк­жиегіне жол ашылатынына сенім білдірісті.

Айта кетейік, Дэниел Ро­зенблюм бас­таған ресми делегация Же­­тісу облысына келген жұ­мыс сапары барысында І.Жан­сү­гіров атындағы Жетісу уни­вер­ситетінде халықаралық қатынастар бағытында оқи­тын студенттермен кездесу өткізіп, бұдан кейін Көксу ауданы Жарлыөзек ауылында америкалық грант бағдар­ламасымен ашылған «Ochaq» тұрақты даму орталығында болды.

 

Жетісу облысы