Олимпиада • 28 Наурыз, 2024

Құрама еншісінде – 31 жолдама

19 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Франция астанасы Парижде алауы тұта­натын жаз­ғы Олимпия ойын­дарының басталуына санаулы күндер қалды. Төрткүл дү­ние тағатсыздана күт­кен, төрт жылда бір ке­летін ең дү­бірлі дода би­ыл 26 шілде мен 11 та­мыз ара­лығында өтеді.

Құрама еншісінде – 31 жолдама

Париждегі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланған. Бұл байрақты бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Еліміздің Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан ұлттық құрамасы спорт­тың 20 түрінен бақ сына­мақ. Қазіргі таңда Қазақстан деле­гациясының қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар. Атап айтқанда, мұның алтауы – бокс (ерлер), бесеуі – ны­сана көздеу, төртеуі – садақ ату, төртеуі – семсерлесу, үшеуі – тасжолдағы велоспорт, екеуі – қазіргі бессайыс, екеуі – таеквондо, сондай-ақ бір-бірден бокс (әйелдер), грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика , батуттағы гимнастика сияқты спорт түрлеріне тиесілі.

Лицензия санын өңірлер үлесіне бөлер болсақ, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бас­тап тұр. Үшеуінің де еншісінде бес жолдамадан бар. Кейінгі орын­дарға ШҚО (4), Астана қаласы (3), Жамбыл (2), СҚО (2), Ақмола (1), Қызылорда (1), Абай (1), Қарағанды (1) және Түркістан облыстары (1) жайғасқан. Ал қалған өңірлерде Олимпиаданың бірде-бір жолдамасы жоқ.

Айта кетейік, Олимпия ойындарына дейін әлі 50-ден аса лицензиялық жарыс бар. Оның ішінде спортшыларымыз әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және рейтингтік турнирлерге қатысады.