Спорт • 29 Наурыз, 2024

Жарыс күнделігі

38 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы сырт алаңда Люксембургпен жол­дастық кездесу өткізді. Матчтың 2-минутында Әділет Сәдібековтің баспен ұрған добы торға дөп түсіп, жерлестеріміз алға шықты – 0:1. Бірақ одан кейін біздің ойыншылар салғырттық танытып, өз қақпасына екі гол жіберіп алды – 1:2. Осы есеп кездесудің соңына дейін сақталды.

Жарыс күнделігі

Фото: kapital.kz

  • Шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталып, бас жүлде «Айсұлуға» бұйырды. Олар 20 кездесуден кейін 39 ұпай жиды. Алматылық арулар аталған додада осымен 18 рет алтыннан алқа тағып отыр. Күміс медальды Астананың «Томирисі» иеленсе, Өскеменнің «Торпедосы» қолаға қол созды.
  • Батутта секіруден Германияның Котбус қаласында өткен Әлем кубогінің кезеңдік сайы­сында Данил Мұсабаев 47-орында қалып қойғанына қарамастан Париж Олимпиадасында өнер көрсететін өрендердің тізіміне ілікті. Бұл ретте қандасымыздың 2023 жылы Португалия (9-орын) мен АҚШ-та (20-орын) өткен рейтингтік жа­рыстарда көрсеткен нәтижелері есепке алынды.
  • Үстел теннисінен Бейрутте өткен «WTT Feeder Beirut» турнирінде Қазақстан құрамасы үш жүлде олжалады. Еліміздің ең үздік ойыншысы Кирилл Герасименко қатарынан төрт бәсекеде басымдық танытып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Финалда Герасименко жұптық сайыстағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің он дүркін жүлдегері, тайпейлік Чуан Чи-Юаньға есе жіберіп, күміс медальды иеленді. Ал Айдос Кенжеғұлов пен Алан Құрманғалиев және Зәуреш Ақашева мен Сарвиноз Мірқадырова жұптық сайыста қола жүлдені еншіледі.
  • Бокстан Дубайда «Рамазан ойындары» өз мәресіне жетті. Бұл жарысты еліміздің былғары қолғап шеберлері қос қола медальмен қорытындылады. Оның иегерлері – Назерке Малелова (48 кг) мен Қуаныш Ерженов (60 кг).
  • Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) ұлттық құрамалардың рейтингін жариялады. Осыған дейін 100-орында тұрған Қазақстанның ұлттық құрамасы Грекияға қарсы ойындағы сәтсіздіктерден кейін бір сатыға төмендеп, қазіргі кезде 101-орынды қанағат тұтып тұр. Ал үздіктер тізімінде Аргентина көш бастаса, екінші және үшінші орындарда – Франция мен Бельгия құрамалары.
  • 29-31 наурыз аралығында Түркияның Антальясында дзюдодан Grand Slam турнирі өтеді. Ерлер бәсекесінде Нұрқанат Серікбаев (60 кг) Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шам­шаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Нұрлыхан Шархан мен Әділет Сапарғалиев (100 кг), Ғалымжан Қырықбай мен Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) татамиге шығады. Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова, Диана Буркеева (48 кг), Толғанай Әбеуова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Самалай Ерғалиева мен Гүлнұр Баханова (63 кг), Екатерина Токарева (70 кг), Маргарита Гриценко мен Аруна Жангелдина (78 кг), Ақерке Рамазанова мен Мәдина Парагульгова (+78 кг) өнер көрсетеді.