Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Мінсіз қызмет ерлікпен тең

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылы сөзге зәру қоғамда өзгелердің өміріне араша болып, ерлік көрсеткен адамдардың әре­кетіне жоғары баға беру әділетті. Әйткенмен әр нәрседен ілік іздейтіндер жақыны емес, жатқа жасаған жақсылыққа да жақсы сөз айтуға асықпайды. Әсіресе әңгіме құқық қорғау қызметіне келгенде «Бұл олардың тікелей міндеті» дейтініміз де бар. Бірақ олардың да ет пен сүйектен жаратылып, өзгелер секілді түйсік пен сезім берілетініне бас ауырта бермейміз. Біз әңгіме еткелі отырған полиция майоры Нұрлан Бауыржанұлы да антына адал, міндетіне мінсіз қызметкер.

Мінсіз қызмет ерлікпен тең

Шын мәнінде қиын­дықта қол ұшын беріп, адам өмірін сақтап қалуға жәрдемдесу – әрбір пендеге ортақ. Олай болса күндегі қызметі қауіп­пен бетпе-бет келетін поли­цейлердің әр күні қажырлы еңбек, көзсіз ерлік жасаудан тұра­ды. Астана қаласы Поли­ция департаментінің қыз­меткері Нұрлан Бауыр­жанұлы бұл са­лаға кез­дейсоқ келмеген. Оның айтуынша, екі ағасы да құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Сондықтан да шығар, үйдің үлкендері салып кеткен сара жолды таңдауға ештеңе кедергі болмаған. Керісінше арманына асық, мақсатына беріктігі де өзі қалаған салаға адастырмай жол табуға көмектескенін айтқан ол: «Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Туған жерімде Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік университетін 2006 жылы бітіріп, сол жылы ішкі әскерде Отан алдындағы борышымды атқаруға кеттім. Ал 2014 жылдан бастап құқық қорғау саласында қызмет етіп, өзім таңдаған жолда тер төгіп келемін», деп ағынан жарылды.

Бүгінде күнделікті патрульде әртүрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін полицейдің адамдарды тілсіз жаудан қорғап қалатын сәттері де жиі болады екен. Алайда «Бұл – ерлік емес, менің міндетім», дейді Нұрлан. Қызмет барысында адамдардың қателікке жол беруінен арашалап, өмірін сақтап қалса, кейде өз өміріне қауіп тудыратын қаскөйлер де кездес­пей қалмайды. Есірткіге елігіп, ішімдікке салынған тұрғындарды да тәртіпке шақырып, елдің тыныштығын сақтау жолында еңбек етіп жатқан қызметкердің ептілігі мен ерлігі әріптестеріне үлгі етіп айтарлық.

Оқиға былтыр 28 желтоқсан күні күндізгі уақытта болған. Әдеттегідей қызмет барысында қала көшелерін аралап жүрген патрульдік полицейлер жолдың шетінде құлап жатқан адамды көріп қалады. Қым-қуыт қала тіршілігіндегі қалың нөпірдің арасындағы әрбір адамның жүріс-тұрысын жіті қадағалап жүретін қызметкерлер бұл жолы да қарап тұра алмады. Жүрегі ұстап жерге құлап қалған адамға бірден дәрігер шақыртып, ақ халаттылар жеткенше алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Дәрігерлер келгенге дейін полиция қызметкері көмек көрсетуді жалғастырып, ер адамның тыныс алу жолдарына ауаның еркін жетуін қамтамасыз етеді. Медициналық тәжірибесі болмаса да бар білгенін жасап, қолдан келген көмегін көрсеткен патрульдік полиция полкінің инспекторлары адам өмірін арашалап қалғанын батырлық деп санамайды. Сол күні де жүрегі сыр берген адамды алғашқы медициналық жәрдем көлігіне шығарып салып, артынша өздеріне бекітілген маршрут бойынша қызмет атқаруды жалғастыруға бағыт алады.

Бұл оқиғаға да өзгелер «полиция қызметкерінің бір күндік жұмысындағы оқиға» деп баға берері сөзсіз. Иә, олардың жұ­мысы солай. Тұрғындардың ты­ныштығын күзетіп, адамдарды қауіп-қатерден аман алып қалу. Бірақ адамның өміріне араша болу үшін де жүректе ба­тылдық, жұмысқа деген жоғары жауапкершілік қажет-ақ. Осы тұрғыда полиция қызметкері Нұрлан Бауыржанұлының мол тәжірибесі мен өз қызметіне адалдығын ерекше атап өтуге болады.