Театр • 28 Наурыз, 2024

Жаңа бағытта жаңғырған...

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде қуыршақ театрлары жан-жақтылығымен өзгешеленіп, жаңаша форматтар мен батыл қадамдардың, тың жаңалықтардың ордасына айналып отыр. Сиқырлы сырға толы ғажайыптар мекенінде кішкентай көрермендермен қатар, ересектер де рухани демалып қана қоймай, заманауи театр келбетіне куә бола алады. Иә, қуыршақтар сөйлейтін сахнада да қоғамның түрлі оқиғалары, өмірдің түрлі қиылыстары суреттеледі.

Жаңа бағытта жаңғырған...

Тарихы терең Алматы Мемлекет­тік қуыр­шақ театры көрермен талға­мы мен сұранысына сай, қоғамда көте­ріліп жүрген маңызды мәсе­ле­­лерді қуыршақтардың түрлі мүм­­кін­дігімен қамти отырып, жас жеткіншектер санасын жандан­ды­ратын адамгершілік-рухани құн­ды­лық­тарды дәріптейтін тәлімді туындылар таңдауда үлкен жауапкершілік танытады. Жыл өткен сайын арнасын сапалы да пайдалы жобалар және қойылымдармен толықтыруды басты мақсат санап, қарқынды жұмыстың, ізденістің нәтижесін көрсетіп келеді.

Театр ғимаратында биылғы жөн­деу және жаңарту жұмыстарын іске асырып, осы жылдың ақпан айын­да есігін қайта ашқан өнер мекені жас­өс­пірім көрерменге арнап белгілі бок­сшы Бекзат Саттарханов туралы­ «Чем­пион» қойылымының және балдырғандарға арнап француз жазушысы Шарль Перроның әйгілі ертегісі же­лісімен сахналанған «Етік киген мысық» спектаклінің премьерасын ұсынды.

Театр директоры Алмат Абдрах­ма­нов дайындалып жатқан жаңа қойы­лым­дардың бар екенін айтып, алдағы жоспарын жеткізді.

«Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры ересектерге, жасөспірімдерге, кіш­кентай балдырғандарға арнап биыл Грузия мемлекетінен ар­на­йы шақырылған белгілі қуыршақ ре­жис­сері Николоз Сабиашвилидің жетек­шілігімен, әйгілі орыс жазушы­сы Николай Гогольдің повесті желі­сімен сах­налататын «Шапан», қарымды қаламгер Бердібек Соқпақ­баев­тың 100 жылдық мерейтойы аясындағы «Менің атым Қожа», ұлттық құн­ды­лық­тар тақы­рыбын көте­ретін «Алдар көсе», фило­со­фия­лық терең астарлы ойға ие «Қор­­қыт», әлемге әйгілі ертегінің жаңа фор­маттағы үлгісі «Қаршақыз және жеті ергежейлі» қойылымдары мен тосын­сыйға толы танымдық әрі қызық­­ты іс-шаралар қатарын ұсынуды жос­пар­лап отыр», дейді театр дирек­торы.

Әлемдік аренадағы қазақ қуыр­шақ театрының жаңаша келбетін қа­лып­тастыру, халықаралық мәдени ынты­мақтастықты нығайту, шетелдік театр мамандарымен шығармашылық қарым-қатынас орнату мақсатында театр ұжымы Канада мемлекеті, Оттава қаласындағы І Халықаралық «Ottawa» қуыршақ фестиваліне, Беларусь Республикасы, Гродно қала­­сындағы IV Халықаралық «Лялькі над Неманом» қуыршақ өнері фес­тиваліне, Грузия мемлекеті, Тбилиси қаласындағы Халықаралық қуыр­шақ театр фестиваліне, Түркия Рес­пуб­ли­касы, Трабзон қаласындағы ХХIV Халық­аралық «Karadeniz» фес­ти­валіне қатысуды, сонымен қатар Гру­зия, Болгария, Түркия елдеріне және отанымыздың Абай, Ақтөбе, Ақ­мола, Түркістан облыстарына гас­троль­дік іссапарға баруды көздеп отыр.

Сондай-ақ алдағы қазан айында қуыршақ өнерінің көркемдік-эсте­тикалық ізденісі арқылы театр­ жан­рының көкжиегін кеңейту, шығар­машылық өнер ордаларымен халық­аралық деңгейде кәсіби байланыс­ты дамыту, фестиваль кеңістігін кеңейту, шығармашылық иелерінің кәсіби және орындаушылық деңгейін арттыру мақсатында ІІ Халықаралық «Аlmaty puppet festival» қуыр­­шақ театр­лар фестивалін өткізу жос­пар­да бар. Фестивальға Грузия, Түр­кия, Болгария, Польша, Мексика, Ре­сей, Татарстан, Қазақстан сынды ел­дер­дің үздік қуыршақ ұжымдары қатыспақ.

Айта кетейік, тұрақты көрер­мен­дерін көңілді әрі танымдық қойы­лымдармен қуантып келе жатқан қуыршақ театрының ұжымы өткен жылы 1200-ге жуық спектакль көрсетілімін жүзеге асырып, 83 200 көрерменді қамтыған. Театр ұжымы жалпы саны 7600-ге жуық әлеумет­тік жағдайы төмен, көпбалалы отба­­сы­лардың балаларына және мүм­­­кіндігі шектеулі балаларға арнап қайырымдылық негізде 70 қойылым ұсынды. Сонымен қатар қуыршақ театры өткен жылы «Қаздар мен Аққулар», «Есте сақта, балақай!» «Бауыр­сақ», «Анасын іздеген Мамонт» сынды мейірімділік, бауыр­­малдық, жақын адамдарға деген шынайы махаббат, арман-мақ­сатқа деген ұмтылыс сынды та­қы­­рыптарды көтерген қойы­лым­дар­дың премьерасын өткізді. Өнер ордасының биылғы жоспары да осы көрсеткіштерді басып озып, шығар­машылығын жаңа қырынан дамыту болып отыр.

Қуыршақ театры кейінгі жылдары репертуарлық қоржынын заманауи бағыттағы тенденцияларды қамтыған түпкі салмағы басым, форматы өзге, күрделі де тың туын­дылармен толықтырып, дәстүрлі үрдіс­­тен алшақ философиялық және идея­лық мазмұны кең, эксперименталды шығармаларды жарыққа шығаруды қолға алып келеді. Алдағы уақытта да аталған өнер ұжымынан бала санасына жарық болып түсер сәулелі туындылар күтеміз.