Мирас • 29 Наурыз, 2024

Жырдың кені – Бесқала

666 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақтың жыраулық өне­рінде Бесқала жырау­­лық дәстүрінің орны бөлек. Қазақ халқы ертеден мекен еткен Әмудария бойындағы Шым­бай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз (қазіргі Беруни), Көне Үргеніш қалаларын ертеде Бесқала деп атағаны та­рихтан белгілі. Бұл өңір қазақтарының өзіне тән жыраулық, күйшілік, ән­ші­лік дәстүрі ғасырлар бойы қа­лыптасты.

Жырдың кені – Бесқала

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бесқала қазақтарының жы­рау­лық дәстүрі кеңес кезе­ңінде-ақ ғалым­дар­дың назарын аударып, зерттеле бастаған. Рахманқұл Бердібай, Оразгүл Нұрмағамбетова, Көбей Сейдеханов, Қабиболла Сыдиық­ұлы, Талиға Бекхожина, Қыдырәлі Сат­таров, Балташ Ысқақов тәрізді әйгілі фольклоршы және музыкатанушы ғалымдар Бесқала өңіріне ғылыми экспедициямен барып, мол мұра жинақтап, бұл аймақтың жыраулық дәстүріне жоғары баға берген. Сонымен қатар Қаржаубай Жұмажанов, Қайыржан Аралбаев, Меңдібай Әбілұлы, т.б. бесқалалық әдебиеттанушы ғалымдар құнды еңбектер жазып, жариялады. 

Бесқала жыршы-жырауларының өмірі мен шығармашылығын дүйім көпшілікке таныстырған 1979 жылы жарық көрген «Ақын-жыраулар» жинағы еді. Бұл жөнінде академик Р.Бердібай: «Бұл анықтама еңбекте 260-тай шамалы ақын-жыраулар жайында дерек келтірілген. Солардың біразы Қарақалпақстанда тұратын қазақ ақын-жыршылары. Жыршы-жыраулықтың эстафетасын бүгінге дейін қолдан түсірмей келген осы өлке орындаушыларын таныстыру сөз құдіретін, фольклорды қадір тұтатындарға тосын табыстай көрінетіні кәміл» деп жазды (Жыршылық дәстүр, 1980. 32-б.).

Академик Р.Бердібай сол еңбегінде: «Біздің бай­қауымызша, бұл күнде жырды ғасырлар бойы қалыптасқан өз ма­қамымен айтатын жыршылар, тер­мешілер өте аз. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстан бойынша, бастапқы тарауларда айтып өткендей, жыршылардың әзірге бай жері – Қарақалпақстан. Жыршы-жыраулардың көбі Сыр бойынан, Қарақалпақстан жерінен табылды. Әсіресе, жыршы-жыраулықтың дәстүрі Қарақалпақстанда қуатты қалпында, онда жыршылық өнер өте қастерлі екені анықталды. Қазақ жыры сақталған жаңа «Эпикалық аудан» – Қарақалпақстан фольклоршылар үшін аса қызғылықты, жанды мағлұматтар беретін тың өріс секілденіп отыр» (Бұл да сонда, 31-45-б.), деп атап көрсетсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Саттаров аталған өлкедегі жыраулық өнер жайында жазған «Фольклор экспедициясының жемісі» атты ма­қаласында: «Бесқала, Көне Үргеніш, Әмудария құйылысындағы қазақтар арасында қазақтың жыршылық-жыраулық дәстүрі қаймағы бұзылмай толық сақталған өлке. Халық таланттары ұстаз, шәкірттік салтын жал­ғастырып, бірден екіге ұластырып келе жатқанының куәсі болдық» деп жазады. Ал музыкатанушы Т.Бекхожина «Қазақтың 200 әні» атты музыкалық-этнографиялық жи­нағында Қарақалпақстандағы қазақтардың жыраулық өнері туралы айта келіп: «Дәстүр бойынша ол жерде қоғамдық және үй ішілік той-думан еш уақытта жыраусыз өтпейді» деп жазады.

Бесқала аймағында ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жартысында жиеней Өтім, Қосым, Сағыр Дүйсенбай, Тұрманқожа, Қазан, Амантұрлы, Қа­лым, Өгізбай, Тілеумағамбет (Қу молда), Лепес, Қарасай, Оразбай, Кенел­дік, Серікбай, Тәжік, Қайырмақол Қалмұрат, Муса тәрізді айтулы жы­раулардың өмір сүргені туралы мә­ліметтер ғылыми еңбектерде кездеседі. Бұл жыраулардың әдеби және музы­калық мұраларының біршамасы сақ­талған. Ал ХХ ғасырда ғұмыр кешкен Әбдімұрат, Мыңбай, Жақып, Ережеп, жоли Жақсылық, Теңізбай, Құдайберген, шекті Жақсылық, Мұ­ратбай, Серім­бет, Қайролла, Ер­қо­жа, Сапарбай, Мәтнияз, Қошқар, Жұ­мағали, Жолжан, Алдаберген, Наурызбек, Атаубай, Қарлыбай, Мәспатша, Өтешбай, Ысқақ, Қартбай, Парахат, Қайып, Пішенбай, т.б. сынды өзге де жыршы-жыраулар Бесқала қазақтарының жыршылық дәстүрін дәріптеп, Орталық Азияға танытты. Осы жыраулардың өнеге-тәрбиесін алған көптеген шәкірттер  бүгінде айтулы өнерпаздарға айналып, ұстаздары қалдырған дәстүрді жалғастырып келеді. 

Әр өңірдің жыршылық дәстүрін өзге аймақтардан ерекшелеп тұратын негізгі белгілері – мақам-сазы, қайы­рымы мен  репертуары. Бесқалада ғұмыр кешкен әрбір жыраудың өзіне тән мақам-сазы бар. Халық арасына кең таралған «Әбдімұраттың жолы», «Теңізбайдың жолы», «Оразбайдың жолы», «Жоли Жақсылықтың жолы», «Ерқожаның жолы», «Наурызбектің жолы», «Жолжанның жолы» деп аталатын мақам-саздар осының дәлелі. Бұл өңірде «жыр сарыны, сазы, мақамы» дегенді «жолы» деп айтады.

Кешегі ХХ ғасырдағы жыршылар­дың ғана емес, ХІХ ғасырда өмір сүрген жыраулардың да мақамдары мен жыр-күйлері бүгінге жетіп отыр. Ел арасынан мұндай дүниелерді әлі де көптеп кездестіруге болады. Бір ғана Наурызбек жыраудың өзі қырыққа жуық мақаммен жырлаған. Соның ішінде жиырмадан астам мақамды өз жанынан шығарған.

Бесқала жыршылары мақам-саз­дары­ның ерекшелігі, әсіресе, жыр-дастандарды жырлағанда айрықша білінеді. Жыраулар терме-толғауларда қолданбаған мақамдарды жыр-дас­тандарға келгенде кеңінен пайдаланып, жыр оқи­ға­ларын түрлі сазбен құлпыртып отырады. Дауыстары ды­быс таспасын­да сақталып қал­ған Алда­берген Тасқын­байұлының «Асау-Барақ», Наурызбек Нұр­жаубайұлының «Еді­­ге», «Төрехан», «Ба­рақ батыр» жыр­лары сөзімізге дәлел. Кейінгі жылдары ел ішіндегі көне­көз кісілер мен жеке мұра­ғат­тардан Қосым, Мәтнияз, Се­рікбай, Қалмұрат, Жақсылық, Ғани, Ерқожа сияқты жы­­раулардың мақам-саз­да­ры­ның табылуы бізге үлкен олжа дер едік.

Бесқала жы­рау­лық дәс­түрінде ма­қамдарды қол­да­ну­дың өзіндік реті бар. Мысалы, 11 буынды өлеңге ар­налған мақаммен жыраулар топқа түскенде, мерекенің басында айтса, төк­пе мақам қыза-қыза келгенде қол­данылған. Төртқара Оразбай жы­раудың домбыраны көбірек тартып, сөзді азырақ айтатын сазы жыршы топта төкпелетіп ұзақ жырлағаннан кейін ентігіп, алқынып қал­мас үшін қол­да­нылған.

Бесқала қазақтарының жыраулық дәстүрінде құрдағы тыңдаушыны бір­неше күн бойы тыңдатуға жы­рау­лардың арнайы қызғылықты сце­нарийі болады. Топқа келген жырау «Амандасу термесімен» бастап, «Сөз басы», «Өзін таныстыру», «Той иесіне», «Насихат термелерін» екі-үш сағат бойы айтып, «Ортаға тастау» толғауына кезек береді. Мысалы, Теңізбай жырау «Ортаға тастауын»:

«Нақыл сөзден сөйлесем,

Айтқанымның бәрі рас.

Ертегі, жырдан жырласам,

Жары – өтірік, жары – рас»,

– деп бастап, «Сәдуақас сахи», «Ақ­там сахаба», «Шәкір-Шәкірат», «Бозұғлан», «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», т.б. жырларды көпшіліктің орта­сына салған. Осы дәстүр бойынша Наурыз­бек жырау да:

«Алдымдағы, ағайын,

Үлкен-кіші жамайым,

Айтқанмен терме таусылмас,

Бұрынғы өткен батырдан

Өздерің таңдап, қалап ал.

Шаңдақта шапқан жылқыдай,

Алдыңа айдап, салайын.

...Едіге батыр ер еді,

Кәраматты дер еді,

Мұны қалай көресің?

Едігеден Нұрадын,

Жеңген жауы көп еді...

Нұрадыннан ер Муса,

Өздеріндей ер туса.

Аттанады жауына,

Садағын асып, бел буса.

Ер Мусадан дөреген,

Мамай менен Қанды Орақ.

Орақтан екі ұл туды,

Тұқым қуып, зор туды. 

Қази менен Қарасай.

Алдыңа салып отырмын,

Тыңдауға халқым жараса-ай.

Үлкен-кіші құрбылар,

Бір тыңдауға бұл қалай?»

– деп өлеңдетіп, репертуарындағы «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Төрехан», «Барақ батыр», «Құл­бек батыр», т.б. жырларды ор­таға тастап:

«Алдымдағы әлеумет,

Әлгі айтқан ертектің

Сіздер қайсысы болды ұнатқан?»

– деп халықтың таң­дауына салатын бол­ған. Бір­неше күн жыр­ла­ған жы­раулар той соңы­на қарай «Топ тарқатар»  тол­ғауын айтып, көпшілікпен қоштасады. Қара­қалпақстанға экспедициямен барған фольклоршы ғалым Б.Ысқақов жыр­лаудың төменгідей ерекшелігі туралы былай деп жазады: «Осыдан кейін жырау өзін тың­дау­шылардың көбі үлкендер болса, үлкендерге, жас­тар жағы көп болса, жастарға ауа сөйлейді. Тың­дау­шылардың назарын аударып алған соң жырау өзінің репертуарын атап шығып, көпшілікке тыңдатады да, жұртшылық қалаған жырды толғап кетеді. Жырын «Тойтарқау» термесімен аяқтайды».

Кейбір жырлардың ел ішінде жырлануына кешегі тоталитарлық жүйе тыйым салса да, Қарақалпақстандағы қазақ жырауларының репертуарынан көлемді эпостар көптеп орын алды. Оны жақсы байқаған Т.Бекхожина «Қазақтың 200 әні» атты жинағында жоғарыда атап көрсеткен «сценариймен жырлау» ерекшелігі, Бесқала жырауларының репертуарындағы эпостардың маңызы туралы: «Шақыр­ған жерге жырау  шәкірттерін (3-4 кісі) ертіп барады. Тойды жыраудың өзі бастайды. Сонан соң насихат терме,  күлдіргі, сықақ өлең, термелерге кө­шеді. Алайда жыраудың негізгі жауапты нөмірі эпикалық жыр айту болып есептеледі. Эпикалық жыр айту алдында жырау термелеп, өзінің ұстаз жырауын атайды (жергілікті елдің тілінде «Пәтия алған ұстазын»), өз репертуарымен таныстырады да, халықтың нені қалайтынын сұрайды» деп жазады.

Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жыраулары мұраларының жиналуына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан бөлімі көп үлес қосты. Фольклорлық экспедиция Қарақалпақстанға бірнеше рет барып, көптеген әдеби және музыкалық мұра жазып алынды. Нақты деректерге сүйенсек, әрбір экспедицияның өзінде он мыңдаған жол терме-жырдың хатқа түскенін көреміз. Бұл экспеди­цияларда жиналған мол мұраның біршама бөлігі бірнеше жинақта жарияланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылы «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген жүз томдыққа «Қазақ шежіресі», «Бозұғлан», «Қобыланды батыр», «Едіге», «Қарасай, Қази», «Батыр Мамай, қанды Орақ», «Барақ батыр» сынды желілі жыр-эпос­тардың Тілеумағамбет, Әбдімұрат, Құдайберген, Жақсылық, Атаубай, Қартбай, Ерқожа, Қайролла, Наурыз­бек сияқты ақын-жыраулар жырлаған нұсқалары енген.

1968-1993 жылдар аралығында үздіксіз экспедиция ұйымдастырып, Бесқаладағы қазақ жырауларының мұраларын жинауға ерекше үлес қосқан ташкенттік ғалым, профессор Қ.Саттаров бұл қазыналардың жарыққа шығып, баспа бетін көруіне де мұрындық болды. Қ.Саттаровтың құрастыруымен Жа­қып, Атаубай жырау­лар­­дың «Қызыл ат», «Қара­­сай, Қази» жырлары жеке-жеке жинақ болып жарияланса,­ академик Ә.Мар­ғұлан­ның алғы сөзімен Ө.Қал­бай­ұлының «Алаң­­қай батыр», про­фес­­сор Қ.Жұ­ма­жа­нов­тың құ­рас­­тыруымен Т.Аман­жол­­ұлының «Ба­рақ­ батыр» жырлары Алматы, Нөкіс қала­ла­рын­да жарық көрді.

Бесқаладағы  ақын-жыраулар ертеден келе жатқан эпостарды жырлаумен ғана шектелмей, өздері де көптеген жыр-дастан шығарды. Олар Әмудария бойында және қазіргі Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғаларды, айтулы шайқастарды жырларына қосып, суреттеп отырды. Мысалы, Құдайберген жырау Қоңыратта хан­дық құрған Ә.Мұңайтпасұлы туралы «Әзберген хан», Тілеумағамбет Аманжолұлы «Қобыланды батыр» (өз нұсқасы), «Асау-Барақ», «Асқар батыр», «Өтешбай мен Марқабай батыр», «Ермағамбет батыр», Өмірзақ Қалбайұлы «Алаңқай батыр», «Ер Қосай», «Қазақ Сауран айналғанда», Наурызбек жырау «Сүлеймен патша», «Әнес сахаба», «Құлбек батыр», «Тарихтан қалған сөз» (шежіре-жыр), т.б. желілі жырлар жазып қалдырған. «Қырымның қырық батыры» циклді эпосы қазақтың жалпы жыраулық өнерінде «Қарасай, Қази» жырымен аяқталса, Қарақалпақстандағы қазақ жыршы-жыраулары бұл циклді дамыта жырлап, жалғасы ретінде «Құлбек батыр» жырын қосқан. Бұл жыр өзге аймақ жыршыларының репертуарында кездеспейді.

Бұл өлкедегі жыраулардың көне үлгіде жырлайтын ерекшелігін байқа­ған алматылық ғалымдар кеңес одағы кезінде бесқалалық жоли Жақсылық, Мұратбай, Қайролла, Алдаберген, Наурыз­бек, Тұрлан, Жайылхан сияқты жыршы-жыраулардың орындауын­дағы жыр-термелерді күйтабаққа және радио қорларына  жазып алып, халық арасына кең таратты.

Бесқала жыраулары бір жырдың өзін әртүрлі нұсқада жырлаған. Мә­селен, «Қарасай, Қази» жырының оқи­ға желілері де, көлемдері де әр жыр­шының орындауында әрқилы болып келеді. Жақсылық жыраудың «Қарасай, Қазиы» 4 500 жол болса, Атаубайда 4 120 жол, ал Өмірзақ ақында бұл жырдың көлемі – 4 906 жол. «Қарасай, Қази» жырының Ж.Құтыманұлы, Қ.Иманғалиев, Т.Кәрі­баев, Ә.Сейілханұлы, О.Оңғарбаев, Қ.Қылышұлы, Т.Бейсенбаев, Қ.Шо­қаев, Т.Аяпов, Н.Нұржаубайұлы сынды жыраулардың орындаған нұсқа­лары бізге жетіп отыр. 

Бесқала қазақтарының жыр-ма­қам­дары елімізде өткен ғасыр­дың 70-жылдарының басында кең та­рай бастады. Сол жылдары Ғари­фолла Құрманғалиевтің шәкірттері Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева, Болатбек Ердәулетовтер әйгілі Нау­рызбек жырауды Қарақал­пақ­станға  арнайы іздеп барып, одан жыраудың өз мақамдары мен репер­туарындағы сол өңірдің өзге де мақам-саздарын үйреніп, елімізге әкеліп дәріптеді. Ал Наурызбек жыраудан арнайы тәлім алған ақтөбелік Ордабай (Бақтыгерей) Сандыбаев Бесқала мақам-саздарының 80-жылдардың ішінде Ақтөбе өңіріне тұңғыш рет насихатталуына көп еңбек сіңірді. О.Сандыбаев 1992 жылы  қазіргі Қ.Жұ­банов атындағы университет жа­нынан термешілер студиясын ашып, Бесқала мақамдарын Елдос Жұ­ма­ғұлов, Нұржан Сағынаев, Әділбек Сарин, Құлбек Дүйсекенов, Света Ақмалаева, Есентүгел Әзи, Жаңабай Аманбеков сияқты, т.б. жиырма шақты шәкіртке үйретті. Бұл туралы өзінің «Наурызбек саз-сарындарында кие бар» мақаласында: «Ақтөбеге келдім де, Наурызбектің жазып берген мақам-саздарын, сөздерін үйреніп, термені тоқ­тамастан үш сағатқа дейін айта алатын жағдайға жеттім. Мен саз-сарындарды тек Наурызбек ағамнан алдым, одан алғаным бойынша терме айтуды жалғастырып, батасын алған адаммын. Сонымен 90-жылдардың басында Темір ауданынан Ақтөбе қаласына ауысып, Наурызбектің жо­лындағы барлық мақам-саздарды екі жыл­дық студияға оқуға келген шәкірт­терге қолдан келгенше үйреттім», дейді.

Қазақ музыка мәдениетінің бір бөлшегі болған Бесқала жыраулық дәстүрінің мұралары бүгінгі күнде елімізде және Орта Азия театрларында, үлкен сахналарда, оқу орындарының залдарында орындалып, халыққа рухани азық болып келеді. Қазіргі таңдағы өкілдері – Қарасай Әбдімұратұлы, Өсербай Сәрсенбайұлы, Аманкелді Сәнкібаев, Мырзағұл Жұмағалиев, Тұрлан Бейсенбаев, Қожахмет Ния­зов, Оразай Тұрғалиұлы, Аманқос Садықов, Абылай Бөріханов, Елдос Жұмағұлов, Қоныс Жүсіпов, Бекенқұл Арзиев, Әділбек Сарин, Сәрсенбай Рахманбердиев, Ринат Тәжібаев, Қази Қожамұратов, Рүстем Батырбаев, Бауыржан Ермекбаев, Бақтыбай Елеусінов, Кеңес Болатбекұлы, Жақ­сыбек Барлыбаев, т.б.

Бесқала қазақтарының жырау­лық өнері Қ.Жұмажановтың «Қара­қал­пақ аймағындағы қазақ әдебие­ті», Қ.Аралбаевтың «Бесқала өрнек­тері», М.Әбілұлының «Дәуқара өңі­рінің діни-ағартушы қазақ ақын-жы­рау­лары» атты ғылыми еңбектерінде бір­шама зерттелсе, бүгінгі күні де Бесқала жырауларының мұраларын жинақтап, зерттеу ісі өз жалғасын тауып келеді. Бұл өңірдің әдеби-музы­калық мұралары алдағы уақытта да жинақталып, әрі қарай зерттеліп, үлкен сахналарда насихатталып, ұлтымыздың рухани кәдесіне жарай береріне сеніміміз мол.

 

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы,

Мәдениет саласының үздігі