Төтенше жағдай • 29 Наурыз, 2024

Торғайдағы төтенше жағдай

62 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай облысының оңтүстігіндегі елді ері­ген қар суы әбігерге са­лып жатыр. Әсіре­се Ар­қалықтың маңайын­дағы елді мекендер қиын жағдайда. Күн райының күрт жылы­нуы салдарынан Ар­қа­лық қаласына қарас­ты бірнеше ауылды және Амангелді кентін қы­зыл су басып қалған. Жан­гел­дин ауданында жолды су шайып кетіп жатыр. Жағдайдың ушығуына байланысты Арқалық қаласында, Амангелді, Жангелдин аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Торғайдағы төтенше жағдай

Облыс әкімі Құмар Ақ­са­қалов су тасқыны болып жат­қан аудандарда жүр. Әкімнің айтуынша, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Су тасқынынан келген шығын мөл­шерін есептейтін арнайы комис­сия жұмыс істеп жатыр. Су басып қалған Қызылжұлдыз аулының тұр­ғындары түгел эвакуацияланды.

27 наурызда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қасым Қайрат БАҚ өкілдерімен кездесті. ТЖД басшысының айтуынша, қызыл су құрсауында қалған елді мекендерде ойпаң жерге орналасқан тұрғын үйлерге су кіріп кеткен.

«Өкінішке қарай, кейбір елді мекендермен байланыс нашар. Ол жақта менің орынбасарым, жедел штаб, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері барлау, құтқару, эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су басып қалған аймақта 13 қыстауда 13 шаруа қожалығы отыр. Түнде ҰҚК бөлген тікұшақпен 13 адамды эвакуациялап, аман-есен Жезқазған қаласына жеткіздік. Бүгін түнде қайта жаңбыр жауып, су деңгейі тағы көтерілуі мүмкін. Сондықтан су басып қалған Екідің, Қызыл жұлдыз ауылдарының тұрғындарын эвакуациялауды көздеп отырмыз. Бүгінгі таңдағы басты мақсат – қызыл судан төнген қауіптен адамдардың өмірін арашалап қалу. Ал су басып қалған ауланың, су кірген үйдің саны, бұдан өзге де шығындарды кейін есептейміз. Тағы қайталап айтамын, қазіргі уақытта ең алдымен тұрғындарға төніп тұрған қауіптің бетін қайтару керек. Сондықтан қазір ойпаң жерлерде тұрған ауыл тұрғындарын ұшақпен, қайықпен, жол талғамайтын қуатты көліктер­мен эвакуациялауға күш салып жатырмыз», деді Қ.Қасым.

Синоптик-мамандар мұндай алапат тасқынның 1990 жылдан бері болмағанын айтады. Биыл қыс бойы түскен қардың мөлшері жылдағыдан екі есе көп болды. Мұның сыртында, еріген қар суының біразын жылда жер сіңіріп алатын. Алайда өткен күз жауын-шашынды болғандықтан, топырақ қабатына тереңдігі жарты метрден бір метрге дейін жететін тоң байланып қалған. Сондықтан еріген қар суы биыл жылдағыдай жерге сіңіп кетпей, елді мекендерге қарай аққан. Арқалық қаласына қарасты ауылдар мен Амангелді, Жангелдин аудандарының халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан бұл өңірдегі елді мекендердің бәрі шаруашылықтың қолайына қарай өзендерге жақын жағалауларда отыр. Ұшы-қиырсыз даладан жылыстап аққан судың ауылды алыстан айналып өтпей, елді мекендерге бір күннің ішінде баса-көктеп кіріп жатқанының басты себебі осы.

«Су тасқыны болып жат­қан өңірде күн-түн демей құт­қару­шылар жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде Қостанай облыс­тық ТЖ департаментінің қызмет­керлері, Төтенше жағ­дай министрлігіне қарасты Қараған­дыдағы №52859 әскери бөлі­мінің 50 сарбазы, 60 техникасы, қуатты мотосорғы, қайықтары бар Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 31 қыз­меткері бар. Облыс әкімі де жедел штабпен бірге апат аймағында жүр. Қызыл суға қарсы күрес шараларына жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД күштерінен құрал­ған 642 адам, 240 техника жұмыл­дырылды», деді Қ.Қасым.

Оянған даладан қозғалған қызыл су, әсіресе, Арқалық өңірін­дегі елді мекендер мен Аман­гелді ауданына қиын тиіп отыр. Жангелдин ауданында автокөлік жолдарын әр жерден су жырып кетіп, жол қатынасы қиындап жатыр. Ал Арқалықтың маңайындағы Қызылжұлдыз, Екідің ауылдары су ортасында қалып қойған. Қызылжұлдызда – 185, Екідіңде 240 адам тұрады.

«Аталған елді мекендердегі кейбір тұрғындар малын, мүлкін ойлап, эвакуациялауға келісім бермеуі мүмкін. Бірақ біз барын­ша түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың бәрін қауіпсіз жерге шығаруға дайынбыз. Өйт­кені түнде судың деңгейі екі са­ғат­тың ішінде екі метрге көте­ріл­ген. Кейбір үй­лерге су кіріп кетті. Сондықтан атал­ған екі ауылдың халқын алдын ала көшіру жұмыстарын қолға алып жатырмыз», деді облыстық ТЖД басшысы.

Облыстық ТЖД өкілдері Арқалық қаласына қарасты Новый, Родина, Северный, Дачный елді мекендеріндегі 12 жеке тұрғын үй мен 20 ауладан 14 мың текше метрден аса еріген қар суы сорғы­тылғанын хабарлаған. Алайда жергілікті тұрғындар қарғын суға құтқарушылардың қайраты жетің­кіремей жатқанын айтады.

«Арқалықтың жанындағы жер үйі бар елді мекендердің бәрі суға кетіп жатыр. ТЖ қызметкерлері күні-түні жұмыс істеп жатыр. Бірақ қыстаудағы адамдарды көшіруге барған тікұшақтардың жанармайы түгесіліп, ми далада қалып жатыр. Амангелді, Сарыторғай жағы судың астында қазір. Мал кетіп жатыр. Екідіңдегі бір үйден 22 бас қара мал кетті, бір үйдің 150 бастай қойын су алып кетті. Жағдай қиын болып тұр. Өйткені тоң әлі жібіген жоқ, айнала мұз. Еріген қар суы жерге сіңбей, мұздың үстімен кетіп жатыр», дейді арқалық қаласының тұрғыны Әбуғали Мақатов.

Амангелді кентіне 25 наурызда келе бастаған қырдың қарғын суы бір күннің ішінде бірнеше көшені басып қалып, көлге айналдырып жіберген. Осыдан кейін ауыл тұрғындары 12 үйге су кіріп, қорадағы малға қауіп төне бастағанын, қораға кірген судан ұсақ малдың жаңа төлі өліп жатқанын айтып дабыл қаққан.

Тасқынға қарсы іс-шаралар барысында тұрғындар мен құтқа­рушылар жабылып жүріп су кіріп жатқан арналарға мың тоннаның үстінде топырақ төгіп, 300-ден аса қапшық төсеген. Жеке тұрғын үйлердің ауласына инертті материалдар төселді.

Аудандық төтенше жағ­дай бө­лімінің басшысы Серік Төлеу­байдың айтуынша, С.Сей­фул­лин көшесіндегі үйлердің ауласынан 4 мың шаршы метрден аса су шығарылған. Аудан орталығына жақын жердегі Абай көшесіндегі су қайтадан қата бастаған. Ха­лықты эвакуациялау үшін 45 төсектік орын әзірленген. Алайда ауыл тұрғындары эвакуациядан бас тартып отыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, кейінгі бір күннің ішінде Арқалық, Жітіқара өңірі мен Жангелдин, Амангелді аудандарында 21 мың текше метр қызыл су шығарылған. Алайда еріген қар суы дес берер емес, Северный кентінде тағы 10 үй су астында қалып отыр. Қазір мұнда қуатты мотосорғылар жұмыс істеп жатыр.

«Арқалық қаласының маңын­дағы Сарыбас қыстауынан 3 адам әуе жолы арқылы, Жұман қыс­тауынан 21 адам қайықпен эвакуацияланды. Енді 4 қыстаудан 15 адам­ды құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Сарыторғай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланыс­ты Қызылжұлдыз аулының 100 тұрғыны Қайыңды аулына эвакуа­цияланды», деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

Қостанай облысы