Мәселе • 29 Наурыз, 2024

«ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙКЕНСЕ...» немесе апатты су бөгетінің тағдыры алаңдатады

184 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

«Су – ырыстың көзі, еңбек – кірістің көзі» дейді ата-баба да­на­лығы. Дегенмен сол ағыл-те­гіл ырыстың да түгесілер күні болуы мүмкін екенін «Судың да сұ­рауы бар» деп ескертіп кеткен.

«ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙКЕНСЕ...» немесе апатты су бөгетінің тағдыры алаңдатады

Бөгеттің жайы бөлек

Бәлкім бұрын көп адам бұл сөздің тереңіне бойлай қоймаған шығар. Бірақ кейінгі жылдары елде ауызсу тапшылығы байқалған сайын бабалар ескертуінің бекер еместігіне көз жеткізе түсеміз. Бұл саладағы күрделі мәселенің бірі – «Ертіс – Қарағанды» каналының жағдайы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су мәселесін, соның ішінде ауызсу проб­лемасын жыл сайын көтеріп келеді. Былтыр халыққа Жолдауында: «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылы­ғы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дер­бес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады» деп, осы саланы қадағалайтын арнайы органның пайда болуына мұрындық болғаны белгілі. Ал жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ысы­рапшылдық тақырыбына тоқтала келе, су мәселесіне тағы да оралды: «Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды», деді.

Шын мәнінде, қазақ даласында су тап­шылығы ешуақытта күн тәртібінен түспегені – белгілі жайт. Өйткені жеріміз­дің жартысынан көбі шөл мен шөлейт болса, қалған бөлігі бастауын сырттан алатын өзендердің суына тәуелді. Кеңес заманында Орталық Азияның құмды өлкелерін көгалдандыру және Арал теңі­зін қалпына келтіруге Сібірдің суы мол өзендерін Қазақстанға қарай бұруды көздеген ірі жоба жасалған еді. Өкінішке қарай, оның құрылысы басталмай жатып, тарих қойнауына енді. Осы жобаның бір бөлшегі саналатын Ертіс-Қарағанды, яғни бүгінгі Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы ғана сәтті жүзеге асып, халық игілігіне берілген еді. Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтті.

апр

Бүгінде осы арнаның тозығы жетіп, апат алдында тұрғаны жиі айтылып жүр. Кейінгі жылдары Парламент депутаттары да ел аумағындағы біре­гей жобаны зерделеп, қордаланған мәселе көп екенін айтудан жалыққан емес. «Қазсу­шар» республикалық мемлекеттік кәсіп­орнына қарайтын су арнасы – еліміздің орталығы мен солтүстігіндегі өндірістік аймақтарды және ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ететін Екібастұз, Ақсу, Қарағанды, Теміртау қалаларына және Вячеслав су қоймасы арқылы елордамызға ауызсу жеткізіп отырған стратегиялық нысан. Ертіс өзенінен бас­тау алып, Қарағанды қаласындағы №1 сорғы стансасына дейін 458 шақырымға созылып жатқан арнаның бойында 22 сорғы стансасы орналасқан. Қарағанды қаласы Ертіске қарағанда 400 метрден астам биікте орналасқандықтан, аталған сорғы құрылғылары суды жоғары тартып, бөгеттерге жинайды. Сол жерден әрі қарай ағып отырады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл арна жоғарыдан төменге емес, керісінше, төменнен жоғарыға ағып жатқан өзен іспеттес. Қазіргі күні оның бойындағы сорғы стансалары да, су бөгеттерінің де тозығы жеткені сондай, уақыт оздырмай қайта жөндеуден өткізіп, жаңғырту жұмыстары жүргізілмесе, апаттардың ауылы алыс емес.

Өткен жылы желтоқсан айында Мә­жіліс депутаты Ажар Сағындықова Сәт­баев су арнасының бүгінгі адам аярлық жағдайын айтып қана қоймай, «Қазсушар» кәсіпорны шетелдік банк­терден несие алып, стратегиялық маңызы бар нысанды банкке кепілдік ретінде қойғанын сынға алған еді. «2017 жылы «Қазсушар» шетелдік банктерден миллиондаған көлемде қарызға ақша алып, су арнасын кепіл ретінде қойған. Ол ақшаның қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Ал несие алуға итермелеген жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Жылына миллиондаған бюджет ақшасы сол несиенің пайызын өтеуге жұмсалып жатыр», деді депутат.

Ал биыл 18 ақпанда өткен Сенат оты­рысында депутат Ернұр Әйткенов Сәт­баев су арнасындағы №87 бөгеттің апатты жағдайда екенін айтып, Үкіметтен бұл проблемаға жедел назар аударуды сұрады. «Қазсушар» РМК «Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы» филиалына тиесілі №4 су торабының №87 бөгеті апатты жағдайда тұр. 2019 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын, алайда жұмыстар сапасыз атқарылды және толық көлемде жасалмаған. Бүгінде арнаның техникалық жағдайы нашар және қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бөгетті Павлодар облысы әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мамандарды тарта отырып тексерген кезде, бөгет аумағының бұзылғаны анықталды», деді Е.Әйткенов.

Иә, қазіргі күні Қ.Сәтбаев атындағы су арнасындағы жағдайы ең күрделі нысан – осы №87 бөгет. Оның апаттық жағдайда деп жарияланғанына да он шақты жылдың жүзі өткен. Қазір көктем басталып, қар еріп, еліміздің кейбір өңірлерінде ауыл­дарды су басып жатыр. Солтүстік өңір­де тасқын қаупі енді туындап келеді. Құдай бетін әрі қылсын, егер қар суы күшейіп, аталған бөгетті бұзып өтетін болса, Шідерті және Шиқылдақ секілді бірнеше ауылды су шайып, Астананы қосқанда бірқатар ірі қаланың халқы ауызсусыз қалмақ. Наурыз айының басында «Amanat» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцевтің төрағалығымен өткен отырыста да еліміздегі су шаруашылығы нысандарының 70%-ы тозып тұрғаны, со­ның салдарынан қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендегені айтылды. 14-15 наурыз күндері Партиялық бақылау ко­м­итетінің жұмыс тобы Сәтбаев су ар­насының Павлодар облысы аумағында орналасқан №87 бөгетінің жағдайын көзбен көру мақсатында арнайы сапарға шыққан болатын. Біз де осы жұмыс тобы құрамында болып, бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің мәнісіне жан-жақты үңіліп, журналистік зерттеу жүргізбекке бел будық.

 

Аяқсыз қалған жұмыс

Бірден айта кетейік, №87 бөгет су қой­масының миллиондаған текше метр суын әрең ұстап тұрса да, әлі күнге жөндеу жұмыстары аяқсыз қалуына «Қазсушар» РМК мен бас мердігер «Гидроспецстрой» ЖШС арасындағы бірнеше жылға созылған сот үдерісі себеп болып отыр. Павлодар облысына арнайы сапарға шығып, журналистік зерттеу жүргіземіз дегенде екі тарап та біздің бұл бастамамызға үрке қарап, күдіктеніп қарсы алды. Олардың бұл пиғылын «Не себепті аяқастынан келдіңдер? Бұл проб­лемаға қалайша қызыға қалдыңдар? Бұл кімнің тапсырмасы?» деген сынды тосын сұрақтарынан-ақ аңғаруға болатын еді. Біз күрделі жағ­дайда тұрған бөгетті өз көзімізбен көруді мақсат тұтқанымызды айтып, су арнасы басшылығы және «Amanat» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау инспекторы Айжан Ысқақовамен бірге №87 бөгетке ат басын бұрдық.

Дәл осы жерде су арнасы бойындағы сорғы стансаларының бірі орналасқан. 2015 жылы бөгеттің 1,5 шақырымнан астам учаскесін «Antares Platinum» ЖШС апатты жағдайда деп таныған. 2018 жыл­дың аяғында «Қазсушар» РМК мен «Гидроспецстрой» ЖШС арасын­да «Қаныш Сәтбаев атындағы су арна­сының №4 су торабы №87 бөгетін қайта жаңғырту» туралы құны 6,2 млрд тең­гені құрайтын келісімшартқа қол қойы­лыпты. 2019 жылдың наурыз айында «Гидроспецстрой» ЖШС бөгетті қайта жаңғыртудың мемлекеттік сараптамадан өткен жұмыс жобасын өзгерту туралы бастама көтеріп, апатты учаскеге шпунтты қабырғаның орнына бұр­ғыинъекциялы тіреуіштен қабырға орнатуды ұсынады. Бұл өзгертуді тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК қолдап, сол жылдың аяғында мемлекеттік сараптамадан өтеді. Негізі бұл жұмыстар 2019 жылы басталып, 2020 жылдың аяғында бітуге тиіс болатын. Алайда жұмыс жобасын өз­гертіп, оң сараптама қорытындысын алу­ға бір жылға жуық уақыт кетуіне байланыс­ты тек 2020 жылдың ортасында басталған.

Дегенмен бірнеше ай өтер-өтпестен тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК жасалып жатқан жаңғырту жұмыстарының сапасыздығын ескертіп, кейін келісімшарт тоқтатылады. Осы жерде бір түсініксіз жайт, «Қазсушар» басшылығы «Гидро­с­пецстрой» ЖШС 2020 жылдың қараша айында бұрғылау техникаларын алып кетіп, жұмысты өз бетінше тоқтатты десе, бас мердігер керісінше тапсырыс беру­ші тарап жұмысты доғаруды талап етті деп оларды кінәлайды. Яғни екі жақ та бөгетті жаңғырту жұмыстарының тоқтап қалуына бір-бірін айыптап отыр. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, екі тарап арасында жүріп жатқан осындай «соғыс» салдарынан 2020 жылдан бері бөгет учаскесінде ешқандай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ.

Бізбен бірге нысанды көруге бар­ған «Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы» басшысының орынбасары Ғабит Аман­гелдиннің айтуынша, жұмыс тоқтағаннан кейін де «Қазсушар» РМК бірнеше рет мемлекеттік сатып алу байқауын жариялағанымен, пандемиядан кейін құрылыс материалдарының бағасы қым­баттап кетуіне байланысты бұл жұмысты қолға алатын мердігерлер табылмапты.

– «Гидроспецстрой» бөгеттің ішкі бетіндегі бұрынғы бетон қабатын алып тастап, орнына жаңасын құюды бастаған еді. Бірақ бұл жұмыс аяқсыз қалды. Соның салдарынан қабырғаның ішкі топырақ беті жалаңаштанып, су шая бастады. Біз ол жерге өз күшімізбен 2 мың текше метр көлемінде тау тастарын төктік және қазір су деңгейін тиісті шамадан 30-40 см төмен ұстап отырмыз. Сондықтан көктемгі қар еру маусымына дайынбыз, бөгеттің бұзылу қаупі жоқ, – деп сендірді ол.

Дегенмен қанша жерден жасырып-жапқанмен бөгеттен төнер қауіптің бары айдан анық. Ол жерге тау тастарын төкке­ні­­мен, оның сапалы жөндеу секілді болмайтыны тағы белгілі. Біз оны көзі­міз­бен көрдік. Бір қарағанда 1,5 шақы­рымға созылған бөгет мызғымай тұрған секілді. Бірақ бұрыннан тұрған бетон қабаты алынып тасталған, оның орнына тас төгілген. Кей жерлерінде жаңа­дан бетон құйылыпты. Ал бөгет қабыр­ға­сының үстінен жер астына қарай бұрғыинъек­циялық бағандар орнатылған. Бұның бәрі – «Гидроспецстрой» ЖШС-ның жасап үлгерген жұмыстары. Алайда су арнасы бас инженерінің айтуын­ша, бұл жұмыс­тың бәрі сапасыз. Тіпті аталған бұрғыинъекциялық бағандар да түбіне дейін жетпеген. Оны тіпті эксковатормен қазып көргенде көз жеткізгенін айтады. Яғни қауіп-қатердің бар екенін су арнасы өкілдерінің сөздерінен-ақ аңғару қиын емес.

 

Кім кінәлі?

Өкінішке қарай, көп ретте мәселенің алдын алуға тырыспай, «болары болып, бояуы сіңген» соң қозғалатынымыз бар. Соның бір мысалы – осы №87 бөгет. Егер он шақты жыл­дан бері жағдайы күрделі болып тұрған то­пырақ қабырғаны су бұзып өтсе, оның арты не боларын шамалау қиын емес. 2010 жылғы Алматы облысындағы Қызыл­ағаш оқиғасы немесе 2020 жылғы Өзбекстандағы Сардоба бөгетінің трагедия­сы бұл сөзімізге мысал бола алады.

Біз Сәтбаев су арнасындағы №87 бөгеттің қазіргі ахуалына себепші болып отырған екі тарап – «Қазсушар» РМК мен «Гидроспецстрой» ЖШС-на арнайы хабарласып, екі жақтың да пікірін тыңдап көрдік. «Қазсушар» республикалық мем­лекеттік кәсіпорнының бас директоры Бақытжан Кемелбековтің айтуынша, 2020 жылы су арнасын қайта жаңғырту жұмыстары тоқтап, 2021 жылдың басында келісімшарт үзілгеннен кейін 2022 жылы «Гидроспецстрой» ЖШС сотқа арыз түсірген. Олар бөгетте жасаған жұмыстарын 2,2 млрд теңгеге бағалап, оны «Қазсушар» мекемесінен өндіріп алуға тырысқан.

– Сот-құрылыс сараптамасы нысан басына барып, жасал­ған жұмыс барысын тексеріп, талап етіліп отырған сома заңды деп шешім шыға­рып, бас мердігердің талабын қанағат­тандырды. Біз онымен келіспей, Бас прокуратураға наразылық түсірдік. Кейін қайтадан сот болып, Жоғарғы соттың араласуымен алдыңғы шешім өзгертіліп, 2023 жылы «Қазсушар» тарапынан бас мердігерге төленуге тиіс сома 340 млн теңгеге дейін азайтылды. Қалған 1,8 млрд теңгенің жұмысы талапқа сай орындалмаған. Біз былтыр аталған соманы «Гидроспецстройға» толықтай төлеп бердік, – дейді ол.

Ал «Гидроспецстрой» ЖШС прези­денті Владимир Трашиннің айтуынша, оның мекемесі осы салада 62 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, тәжірибесі мол. Сондықтан бөгетті қайта жаңғырту бойынша алғашқы жұмыс жобасындағы шпунтты қабырға орнатудың техникалық жағынан өте қауіп­ті екеніне көз жеткізген.

– Сол себеп­ті біз жұмыс жобасын өзгертіп, бұр­ғыинъекциялы тіреуіштерден қабырға орнату дұрыс екенін айттық. Оны арнайы мамандар қолдады. Қолымызда барлық құжат бар. Бұл өзгерту «Қазсушар» тарапынан да қолдау тауып, жұмысты бас­тап кеткен едік. Бірақ тапсырыс беру­ші жұмысты орта жолдан тоқтатты. Соған қарамастан былтыр жазда комиссия тексергенде, бөгет қабырғасынан су өтіп жат­қаны байқалмады. Біз олардың өздері бекітіп берген жұмыс жобасынан ауыт­қыған емеспіз. Алдымызға қойған талапты орындадық. Ал егер шынымен қабырғадан су өтіп жатса, бұл өздерінің кінәсі, – дейді ол.

В.Трашин арадағы келісімшарттың үзілуіне себептердің бірі – жұмыстардың мерзімінде орындалмауына да «Қазсу­шар» кәсіпорнын кінәлап отыр. Өйткені олар сапалы жұмыс жобасын ұсынбаған және оны түзеуге көп уақыт кетірген. «Гидроспецстрой» ЖШС басшылығы алғашқы сотта және одан кейінгі апелля­циялық алқа сотында жеңіп шыққанымен, кейін Бас прокуратураның араласуымен ол шешімнің өзгертілуін заңсыз дейді.  «Бас прокуратураның араласуынан кейін сот істі «Қазсушардың» пайдасына шешіп берген соң шектен шыққан былық пен абсурд басталды. Жоғарыдан бұйрық берілген соң, талабымызды кері қайтаруға заңсыз «негіздемелер» табылды. Соттар мен прокурорлардың қолдауына сүйенген «Қазсушар» РМК бізді «жосықсыз орындаушы» деп тану арқылы жазалауға кірісті», дейді В.Трашин.

Дегенмен «Гидроспецстрой» ЖШС тарапы бізге берген мәліметінде №87 бөгетті қайта жаңғырту жұмыстарының тоқтауына оның сапасыздығы емес, «Қазсушар» РМК, бас жобалаушы «Antares Platinum» мен авторлық қадағалаушы тарапынан болған алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық деген уәж айтады. Кәсіпорын басшылығының айтуын­ша, олар 2021 жылы 15 наурызда сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязовқа жазған хатында өздерінен барлық жасалған жұмыстың кедергісіз қабыл­дануы үшін 500 млн теңге пара талап етілгенін жеткізген. «Біз осы фактілер бойынша министрлікке де, Су ресурстары комитетіне де шықтық. Алайда ешқайсысы бұған назар аудармады. Тек Павлодар облысы Полиция департаменті ғана арызымыз бойынша сотқа дейінгі қылмыстық тексеруді бастап, сараптама жүргізді, куәгерлерден жауап алды. Алайда сот үдерістерінің жүріп жатуы­на байланысты іс тоқтатылды», дейді В.Трашин бізге берген жауабында. Осы орайда айта кетейік, «Гидроспецстрой» ЖШС сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Антикорға да жүгінген екен. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Қазсушар» РМК қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық қылмыстарының белгілері байқалмаған», деп жауап қайтарған.

Әрине, біз өз тарапымыздан осы сот ісі бойынша дауласып жатқан екі тараптың бірін кінәлаудан не қолдаудан аулақпыз. Мақсатымыз – осындай проблеманың болып жатқанын көрсету және соның салдарынан ел халқының үштен бірін, яғни 6,5 миллион адамды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су арнасының апаттық жағдайда тұрғанын жеткізу. Сондықтан екі тараптың да бізге ұсынған мәліметтерін жан-жақты беруге тырыстық. Айта кетейік, «Қазсушар» РМК сотта жеңіп шыққаннан кейін «Гидроспецстрой» ЖШС-ын «жосықсыз орындаушы» деп тану үшін Павлодар облыстық сотына қайта арыз түсірген. Біз осы мақаланы дайындап жатқанда, яғни 19 наурыз күні сот отырысы өтіп, «Қазсушардың» талабы қанағаттандырылды.

 

Не істеу керек?

Кәсіпорынның бас директоры Ба­қытжан Кемелбековтің айтуынша, қазіргі таңда «Қазсушар» РМК «Сәтбаев атындағы су арнасы» филиалымен бірлесіп, жаңа жұмыс жобасын әзірлеуді бастап кеткен. «Біз жұмыс жобасын қайта жасап жатырмыз. Әрине, атқарылатын жұмыстың құны бұрынғыдан көп болады. Себебі қазір құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Биыл немесе келесі жылы біз бөгетті қайта жаңғырту жұмысын толық аяқтаймыз. Ол үшін басқа мердігер іздейміз немесе өз күшімізбен атқарамыз», деді ол.

Біз Бақытжан Кемелбековтен сөз басында айтылғандай, Сәтбаев су арнасын шетелдік банкке кепілге қойып алған ақшаның қайда жұмсалып жатқаны белгісіз екені туралы депутат Ажар Сағын­дықованың сынына қатысты пікір білдіруін сұрадық. «Қазсушар» дирек­то­рының айтуынша, су арнасының шетел банкіне кепілге қойылғаны туралы мәлімет жалған! «Біздің Еуропалық банк пен Ислам даму банкінен жалпы сомасы 300 млн доллардан аса несие алғанымыз рас. Оның кепілі – Үкімет. Егер біз төлей алмай қалған жағдайда, оны Үкімет өтеуге міндеттенеді. Алайда біз оған жол бермейміз. Былтырдан бері сол несиені өтеуді бастадық. Оны алған себебіміз – Мемлекет басшысы 5 жыл ішін­де 600 мың гектар суармалы жерлерді қалпы­на келтіруді тапсырған еді. Мұны орын­дауға республикалық бюджетте қара­жат болмағандықтан, біз 2017 жылы несие алу туралы шешім қабылдадық», деді Б.Кемелбеков.

Біз «Amanat» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау инс­пекторы Айжан Ысқақовамен Павлодар облысындағы №87 бөгетке барған сапарымызда көтерілген тағы бір мәселе – су қоймалары мен арнаның терроризмге қарсы қорғалуы. Бұл – стратегиялық нысан, алайда оның айналасына Үкіметтің талабы бойынша терроризмнен қорғауға арналған қоршау жасалмаған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» арна суы қандай да бір зиянды қалдықпен бүлінсе, оған кім жауап береді?

«Қазсушар» РМК бас директоры Бақытжан Кемелбековке осы сұрақты қойдық. Оның айтуынша, бұл – бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. «Үкіметтің талабы бары рас. Прокуратура жыл сайын тексеріп, терроризмге қарсы қоршау жоқтығы үшін біздің филиалдарымызға 3-4 млн теңге айыппұл салып кетеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан кейін біз бұл мәселені тағы да көтере бастадық. Аталған қоршауды өз күшімізбен орнатуға қаражатымыз жоқ», деп жауап берді.

Біз осы сұрақты аталған министрліктің Су шаруашылығы құрылыстарын және гидромелиоративтік жүйелерді дамыту басқармасының бастығы Ердос Құлжан­бековке де қойған едік. Оның айтуын­ша, су қоймаларына қоршау жасап, оны күзе­тудің ешқандай да қисыны жоқ. Өйткені су­ды улаймын деген адам жүздеген шақы­рым су арнасының кез келген жеріне барып соны істей алады. «Ал бүкіл жүзде­ген шақырым арнаның бойын бетон қа­­быр­ғамен қоршап, оған күзетші қою қан­ша­­лықты ақылға сыя­ды?», деп жауап берді ол.

Президент арнайы министрлік құрып, су мәселесін жүйелі түрде реттеуді тапсырды. Қазір «Amanat» партиясының Партия­лық бақылау комитеті бұл проблеманы өз бақылауында ұстап отыр. Біздің байқауымызша, бұл саладағы ең өзекті проблеманың бірі – мәселесі он жылдан бері шешілмей келе жатқан Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының жағдайы.

 

Астана – Павлодар – Астана