Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Қостанай облысында 38 елді мекен электр қуатынан ажырап қалды

37 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласында төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралар жөнінде жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысында 38 елді мекен электр қуатынан ажырап қалды

Фото: tengrinews.kz

Отырыс барысында әлеуметтік көмек көрсету, су тасқыны салдарын, атап айтқанда байланыс, электр энергиясы, жол қатынасы, телефония, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қалпына келтіру мәселелері талқыланды.

Өткен тәуліктің өзінде ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 116 мың текше метрден астам еріген қар су сорылды, сондай-ақ 5,8 мыңнан астам қапшық және 370 тонна инертті материал төселді.

«Авариялық-құтқару жұмыстарына 953 адам, 441 бірлік техника, 157 бірлік су айдау құралдары және 22 бірлік жүзу құралдары, 4 әуе техникасы тартылды.

38 елді мекен электр қуатынан ажырап қалды. Құмар Ақсақалов ақауларды жою жұмыстарын жедел жүргізуді тапсырды», делінген әкімдік хабарламасында.

Одан бөлек облыс әкімі зардап шеккен халыққа жедел көмек көрсетуді тапсырды.

«Зардап шеккендердің барлығына жедел түрде әлеуметтік көмек көрсету қажет. Халық күтіп отырмауы үшін бүгін барлық үйлерді аралаңыздар», деді Құмар Ақсақалов.

Шығынды өтеу бағалау жүргізілгеннен кейін заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Барлық үш аудан үшін бағалаушы болып белгіленген «Стелла» ЖШС-мен келісім-шарт қол қою кезеңінде тұр.

«Қазіргі уақытта шығынды жергілікті бюджет есебінен өтеу үшін зардап шеккендерден өтініштер жиналып жатыр. Мәселен, су тасқынынан неғұрлым көп зардап шеккен «Қызыл жұлдыз» ауылының тұрғындарынан 185 өтініш жиналды. Оларға демеушілік және қайырымдылық көмек есебінен отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңге, барлығы 18 500 мың теңге сомасында жедел көмек көрсету туралы шешім қабылданды», делінген хабарламада.