Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Батыста су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр. Жергілікті құтқарушыларға Маңғыстау мен Алматыдан көмек қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыста су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр

Соңғы ақпараттарға қарағанда, облыста су тасқынына қарсы жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ішкі істер министрлігінен 998 адам 300 техникамен, 124 мотосорғымен жұмылып жатыр.

Облыс бойынша 25 наурыздан бері 453 мың текше метр еріген қар суы сорылып, инертті материал салынған 42 950 дана қап төселген.

«Қардың қарқынды еруі және жаңбыр түрінде жауын-шашынның көп түсуі нәтижесінде еріген және жаңбыр суы, сондай-ақ кәріз ағындарының нәтижесінде, барлығы 455 тұрғын үй су астында қалды», деп мәлімдеді төтеншеліктердің баспасөз қызметі.

ш

Өткен түнде Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 46 адам 5 техникасымен, 8 мотосорғы және 2 қайығымен көмекке келді. Олар Орал қаласында және Бөрлі ауданындағы жұмыстарға тартылды.

Бұған дейін Өлеңті, Жақсыбай өзендері тасыса, енді Шыңғырлау өзені деңгейі көтеріліп, өзен айналасындағы елді мекендерді су басу қаупі туды. Қазіргі уақытта Бөрлі ауданының Ақсу кентінде 161 адам эвакуацияланған.

Наурыздың 28-і күні Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағымен Қаратөбе ауданының 271 тұрғыны қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Ауданда эвакуациялық жұмыстар әлі жалғасып жатыр.

Теректі ауданында да қажетті инженерлік іс-шаралар атқарылса, Сырым ауданында еріген қар суы сорылып жатыр.

л

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Орал қаласында, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді.

Аймақ бойынша жағдай облыс әкімі және БҚО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушының ерекше бақылауына алынды.

Апат аумағында зардап шеккен тұрғындарға алдымен қол созған ұйымның бірі – «АMANAT» партиясы мүшелері. Партияның бастауыш ұйым төрағалары мен мүшелері, партияның белсенді азаматтары оқиға орнында халықпен бірге болып, барынша көмек көрсетіп жатыр. «Жастар рухы» белсенділері тәулік бойы кезекшілікте жүрген төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне ауызашар уақытында ыстық тамақ үлестіріп, қолдау білдірді. Ал облыстық, қалалық мәслихат депутаттары облыстық партия жанына ашылған есепшотқа материалдық көмек ретінде қаражат аударып, барлық деңгейдегі партия филиалдарының қызметкерлері біркүндік жалақысын аударып көмек көрсетті. Гуманитарлдық көмектің алғашқы партиясы – 4 тонна жүк 28 наурыз күні Қаратөбе ауданына жеткізілсе, 29 наурызда дәл осындай көлемде көмек Сырым ауданы тұрғындарына жіберілді.

«Төтенше жағдай режимі жарияланған бірқатар аудандардағы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, олардың арыз-тілегін тыңдап, су басқан үйлердің жағдайымен танысу үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Жастар рухы белсенділері және облыстық партия филиалы қызметкерлері оқиға орнында жүр», деп хабарлады «AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі.

л

 

Батыс Қазақстан облысы