Аймақтар • 30 Наурыз, 2024

Су қоймалары суға толды

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау өңіріндегі су тасқыны наурыздың 25-нен бастап күрделене бастады. Облыс аумағында автожолдардың шайылуының 2 фактісі, су тасуының 11 фактісі тіркелді. Қазірге дейін 66 тұрғын үй (Жаңаарқа ауданы – 38, Ұлытау ауданы – 28), 7 аула (Жаңаарқа ауданы), 9 қыстақ (Ұлытау ауданы – 6, Жаңаарқа ауданы – 3) су астында қалды. 135 адам, оның ішінде 61 бала эвакуацияланды. 349 бас сиыр, 858 бас қой-ешкі және 17 бас жылқы қауіпсіз жерге шығарылды.

Су қоймалары суға толды

Фото: Видеоскрин

Қабылданған шұғыл әрекеттердің арқасында күрделігіне қарамастан қазір жағдай тұрақты сипат алды. Бірақ, ахуалдың әп-сәтте өзгере алу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов пен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Е.Байыровтың  журналистермен болған брифингінде айтылды.

Облыс аумағындағы Жезді және Кеңгір су қоймалары суға толды. Сарысу су бекеті де қауіпті шекке жетіп тұр.

Жездінің сыйымдылығы 75 млн.текшеметр болса, бір күнде 40 млн.текшеметр су келді. Кеңгірдің жалпы сыйымдылығы 325 млн.текшеметр десек, тасқын басталғанға шейін мұнда 213 млн. текшеметр су болған еді. Қазір күніне 50-60 млн.текшеметр су келіп жатыр. Сондықтан, шандорларды ашып, су ағызу шаралары қолға алынды. 

 

Ұлытау облысы