Таным • 31 Наурыз, 2024

Біз не айтамыз, біз не істейміз?

75 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам барлық уақытта өлімнен де күшті құдіретті іздеді. Әрине, ол әуелі Құдайды тапты. Бұл сенім оған дүниәуи күйбең тірліктен арылуға мүмкіндік берді. Бірақ пенде баласы сонда да ізденуден, ойлаудан жалықпады. Ақыры, ажалды ғана емес, жүректегі қорқынышты жеңді. Ол – кешірім еді, адам кешіру­ді үйренген сәттен бастап тағдырдың соққысына, озбыр­лық пен әділетсіздікке үстемдік етті.

Біз не айтамыз, біз не істейміз?

Мақала маңдайындағы мөл­тек тұ­жы­рымды сценарист әрі режиссер Эмма­нюэль Мур «Біз не айтамыз, біз не істейміз?» ­ки­но-­картинасында пайдаланады. Өмір түп-түзу жол емес, сүрініп кетуіңіз әп-сәтте. Сол дүрбелеңде орныңыздан тұрып көрі­ңіз­ші. Әлдебір дүлей күш ырықсыз еңсеңізді ­басады. Плюралистік қоғамда қателігі­ң­із­ге күлген адамды кешіру үшін үлкен мінез ­керек. Үлкен мінез. Басқа біреу­дің істеген қылмысына, әнтек әбестігіне, ауыр айыбына түсіністікпен қарауға шы­­дамыңыз жете ме? Жоқ, әдеттегідей қоғамдық сана шырмауында қаласыз ба?

Бұл өткелді ішкі рухани концепцияңыз мықты болса ғана кешіп өтесіз. Ал сондай модерн адамның деңгейіне көтерілу өте қиын. Жығылып, тұра алмаған жанның үстінен тоқпақтасақ интенциясы жоғалып, жанын хаос билеп, өмірі фиаскоға айналады. Оны өлтірген сіздің әлеумет­тік желідегі ұр да жық пікіріңіз еді, яки сіз – қылмыскерсіз! Мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да шындық осы.

Осы бір тұста тағы бір тұжырымды тамызық етейікші. «Адамның қуанышы алудан емес, беруден тұрады. Сіз өзіңізде бар құндылықты үнемдегеннен гөрі, оны жұмсағанда рахаттанасыз. Ізгілікті іште сақтамаңыз, мейлінше құрбан етіңіз. Қашанда «беруші адам» үлкен қуаныш­қа кенеледі, оның бақыты да шынайы. Бұл – парасаттылыққа қарағанда ұтым­ды шешім». Келісесіз бе? Біз мысалға алған суретке қараңызшы? Бабаларымыздың «қайғы − көзсіз, сезім − сөзсіз, махаббат − ессіз, мейірім − кексіз, ұят – тексіз келеді» деуі осында көрінеді. Неге мейірім кексіз болады? Соны айтыңызшы?

Үндістандық әуесқой фотограф Анил Прабхакар Индонезия аралдарының бірінде орангутанның өзен лайында кеу­десіне дейін батқан адамға қолын созып тұрғанын суретке түсіріп алған. Оны кейіннен өзінің Instagram парақшасына жариялап, «Адамзат атаулының адамгершілігі өлгенде, оны жануарлар бізге қайтарады», деп жазба қалдырды. Аталған фотосурет бір күннің ішінде әлемді таңдай қақтырды. Бұл да – жұмсақ перфоманс, қабылданған қалыптан өзгешелік.

Суреттегі адам – Калимантан орангута­нын қорғау қорының қызметкері. Ол өзен­нен приматтардың жауы саналатын улы жыландарды іздеу кезінде ми батпаққа бата бастайды. Дәл осы кезде қор қызметкеріне орангутан жақындап, көмек қолын созады. Алайда жұмысшы мақұлықтың қолынан ұстамай, өзеннен өздігінен шығып кеткен. Жабайы жануарға сенім жоқ, сондықтан оның қалай әрекет ететіні белгісіз.

 Жалпы, орангутан – Азиядағы жалғыз ірі примат. Олар негізінен Индонезия­ның Калимантан және Суматра аралдары­ның аумағында тұрады. Кейінгі үш ұрпақ ішінде орман өрттері мен аң аулау салдарынан орангутан популяциясы 80 пайызға қысқарған. Өкініштісі сол, баяу көбейеді, аналық орангутан әр 6-8 жылда бір туады екен. Сондықтан жануардың құрып кетуінен қауіптенген адамдар оны арнайы бақылауына алған. Бұл – табиғатты теңдікте ұстап тұру үшін жасалған ең жеңіл қадам еді.

Маймылда түйсік жоқ, бірақ оның бұл әрекетін суретке түсіріп тұрған фотограф­қа қарағанда шынайы, жасандылық­тан ада. Бәлки, күтушісіне осылай жақсылық жасағысы келді, бәлки басқа бірнәрсені ойлады, ол маңызды емес. Маңыздысы – оның қапияда жасаған қарекеті. Адам ешқашан бірден жақсы нәрсені ойламайды, оның табиғаты сондай. Әйтсе де приматтың қолұшын созуы ғаламның ең әлсіз тұсын түртіп өткендей, санаңызды сілкілейді, көңіліңізді көркейтеді. Өзіңде жоқ қасиетті бөгде біреуден көргендей қызыға да қызғана қарайсыз. Бұл да – табиғат сыйлаған грация.

Бір ой – бір ойдың баспалдағы. Құрғақ ақпараттарға толған адам санасында дәл қазір ұлы ойлар бұғынып жатыр. Оны ояту үшін кітап оқу ғана емес, кино да көрген ләзім. Құдай бәрімізді бердей қылып жаратты, тіпті жануардан жануардың артықшылығы жоқ. Мәселен, Жаратқан әу баста қазаққа қойды азық етіп берді делік. Біздің тұрмыс-салтымыз, өмір сүру қағидамыз Шопан ата түлігімен тіндесіп, тамыр жайды. Қой – азық, егер біз дәл солай пілді қадір тұтып, ішіп-жемге пайдаланатын болсақ, онда қойдың құны бақыр тиын болар еді. Тіпті қой етін жеген халыққа күле қарайтын едіңіз.

Иә, қазақ біреуге қарап күледі, көп күледі, мысқылдайды, әжуалайды. Жаяу келе жатып, түйедегіні, құлап жатып, сүрінгенді тілдейді. Жақынына жаны ашымайды, жаласын өсек, табасын кесек қылып таратады. Қызармайды да, бетінің нұры жоқ. Есеп берсеңізші өзіңізге бір сәт, қайдан келе жатырсыз, қайда бара жатырсыз, қай жерге келдіңіз, енді қанша қалды? Айна алдындағы адам сіз емес, сіздің ойыңызда қатталған мінсіз бейне. Оны күнде көріп, көзайым болғаннан дүние өзгермейді