Құқық • 01 Сәуір, 2024

Құқықтық сауат артып келеді

49 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында қылмыс түрлерінің алдын алу жұмыс­тары белгілі бір дәрежеде нәтиже беріп ке­леді. Дегенмен өңірде жол-көлік оқиғаларының жиі тіркелуі жұртшылықты алаң­­­­да­тып отыр. Мәселен, ай­мақ­­­та кейінгі екі айда ғана 39 жол-көлік оқиғасы тір­ке­ліп, 7 адам қаза тауып, 65 адам жарақаттанған.

Құқықтық сауат артып келеді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өзге де фактілерге назар аудар­сақ, жыл басынан бері 157 тұр­ғын интер­нет алаяқтардың алдауына түспей, олар­дың алдамақ бол­ған қулығын сезіп қалып, уақтылы бас тарта білген. Мұның себебі халықтың алаяқтықтың сырын біртіндеп ұғып келе жатқанында ма деп топшыладық. Дегенмен облыстық полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдұлдинов бұл ойымызбен келіспейтін сыңайлы.

– Алаяқтықты толық тануға халық­тың көзі жетті деп айта алмаймыз. Жоқ жерден алданып, шотындағы тірнек­теп жиған бар қаражатынан қағылып қалғандар әлі де бар. Ақпан айында ғана бір тұрғын алаяқ­тың арбауына түсіп, бірден 5 млн теңгесі­нен айырылып қалды. Қызметкерлеріміз халық көп жүретін жерлерде алаяқтың арбауына түспеуді ескерткен жадынамалар таратып, әңгімелер өткізіп, БАҚ-тан да құлақтандырулар таратуды жалықпай жүргізіп келеді. Криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері ұйым мен кәсіпорындардың еңбек ұжымымен де үнемі кездесіп, желілік алаяқтар­дың ­айла-амалдары туралы ескертіп, мектеп­тер­дегі ата-аналар комитетіне де жүгінеді. Адамдар көп жиналатын гипермаркет мен супермаркеттерде де жадынамалар таратылатын акциялар ұдайы өткізіледі. Учаскелік инспекторлар да халық жиналатын концерттерге, жиындарға барып, алаяқтар туралы айтып, түсініктемелер жүргізеді. Профилактикалық ақпарат­ты WhatsApp мессенджеріндегі үй чаттарына жібереді. БАҚ пен әлеуметтік желі­лерде алдаудың негізгі схемалары туралы материалдар жарияланады. Соның арқасында болса керек, бүгінде көпшілік интернет алаяқтардың амалдарын танып отыр. Сізге белгілі болған дерек те – осы жұмыстардың жемісі, – деген департамент басшысы кейінгі уақытта ғана 102 номеріне 157 адам алаяқтардың өздерін алдамақ болғанын жеткізіп хабар­ласқанын айтып өтті.

Ал интернет арқылы сату және сатып алу бойынша жасалатын алаяқтықтың жайы қалай? Бұл мәселе де қоғамды мазалайтыны анық. Өкінішке қарай, бұл алаяқтықтың саны жоғары деңгейде қалып отыр, тек кейінгі екі айда қыл­мыс­тың бұл түрі 3,8%-ға ғана, яғни 131-ден 126-ға дейін азайған. Оның ішінде 52 факт «банктен қоңырау шалу» сценарийімен жүзеге асқан. Алдаудың кең таралған схемаларының бірі – тауарларды интернет арқылы сату. Ұзақ уақыт бойы алаяқтардың негізгі «ойын алаңы» «OLx.kz», «Krysha.kz», «Kolesa.kz» секілді танымал жарнама қызметтері болды. Облыс полицейлері пайдаланушыларды ескерту үшін осы ресурстардың әкімшілігімен уағдаластықтарға қол жеткізген. Ал жедел уәкілдер алаяқтық белгілері бар хабарландыруларды анық­тау үшін сервистерді үнемі бақылап оты­рады екен. Нәтижесінде қаңтар мен ақпан айларында тек 8 адам «OLx.kz»-та, 1 адам «Kolesa.kz» сайтында жалған хабарландырулардың құрбаны болған. Облыстың бас полицейі Айдын Тоқтарұлының айтуынша, бүгінде ең көп жалған хабарландырулар Instagramда кездеседі екен.

– Осы әлеуметтік желі арқылы 2 ай­да 31 қылмыс жасалды. Криминалдық по­лиция қызметкерлері мен учаскелік уәкіл­дер бұл алаяқтықтар туралы да халықты
құлақтандырып, сақ болуды, алдын ала ешқандай тауарға төлем жасамауды ескертеді. Кейде халықтың аңқау­лығына да таңғаласың. Кейбіреулер бізге емес, алаяқ­тарға сенеді. Мұндай жағ­дайлар әсіресе қариялар арасында көп. Тәтті айтылған жалған сөзге сеніп қалу солардың тарапынан жиі болады, – дейді А.Қабдұлдинов.

Департамент басшысының айтуынша, өңірде жалпы жедел жағдай тұрақты. Қазір қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің төмендегені байқалады. Кейінгі екі айдың қорытындысы бойынша қыл­мыс 9,6 пайызға азайған.

– Биыл тұрғындардың мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимылдар оң нәтижесін бере бастағаны байқалады. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, бұл қылмыс түрі 22%-ға азайды. Яғни, былтыр жыл басынан осы кезге дейін 223 рет ұрлық жасалса, биыл 174 фактіге дейін төмендеді. Тиісті бөлімшелердің қылмыстың алдын алу жұмыстары да оң нәтиже беріп отыр. Мәселен, кәмелетке толмағандар жасаған отбасылық-тұр­мыстық саладағы қылмыстардың саны – 55, мас күйінде жасалған қылмыс 10 пайызға кеміді. Әрине, бұл қылмыстардың саны да көп емес, бірақ соның өзінде бөлімше қызметкерлері жұмысының сапасы да көрініп тұр, – деген аймақтың бас полицейі бұрынғыға қарағанда саны өскен қылмыс түрлері де бар екенін жоққа шығармады. Яғни бірен-саран болса да ондай фактілер де бар көрінеді. Мысалы, бопсалау қылмысы былтырғыға қарағанда 250%-ға артыпты. Дегенмен пайызы жан шошытар­лық болғанымен санға шаққанда былтыр осындай екі қылмыс тіркелген болса, биыл ондайдың саны бесеу болған.

Сондай-ақ әйел зорлау фактілері де саны 2-ден 3-ке ғана артқанымен 150 па­йызға көбейді деп айтуға болады. Бұл қыл­мыстардың бәрі қысқа мерзімде ашылған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жаңа жылдан бері бірде-бір мал ұрлығы тіркелмеген. Пре­зи­денттің де, қоғамның да мал ұрлығы бойын­ша жазаны күшейту керек деген талабы орындалып, заң қатайғаны белгілі. Жұрт осының оң нәтижесін көріп отыр. Яғни бұрын мал ұрлығын жасағандар екі жақты келісіммен сотталмай, құты­лып кететін болса, қазір нақты мерзімге қамалады.

Қоғамды қатты алаңдатып отырған қылмыс түрі – есірткі сату. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, биылғы екі айда бұл қылмыс түрі былтырғымен салыс­тыр­ғанда 117 пайызға артып, 45-тен 53-ке жетіпті. Оның ішінде сату фактілері 9-дан 21-ге дейін көбейген. Есірткінің таралуына қарсы күрес күшейген сайын оны сату фактілері де көптеп ашылып жатыр. Өкініштісі сол, есірткі тарату мен сатуда ешкім өзін жапа шегушімін деп арыз жазбайды. Сондықтан оларды тек полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында ғана табуға болады. Қыл­мыстың бұл түрі ұлт денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздікке жоғары қауіп төндіреді. Полиция қызметкерлері есірт­кі қылмыстарын анықтау және жолын кесу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда ғана патрульдік полиция қызметкерлері ауыл аралық тас жолда есірткіге әбден елтіп алып, көлік жүргізіп бара жатқан жүргізушіні ұстады. Бұл адам ұзамай не өзі, не біреуді мерт қылары сөзсіз еді.

– Әлеуметтік желілерде және ано­нимді Telegram-ботта халыққа ыңғайлы кері байланыс арналары орнатылды. Бүгінде есірткіні «жасырушылар» деп аталатындардың біраз бөлігі 3 айдан астам уақыт бойы заңсыз әрекеттерін жүзеге асырып келеді. Есірткі қылмысы­на қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қыз­меткерлері олардың кім екенін біліп, бақылауға алған. Тұтынушыны ұстау үшін олардың істеріне кедергі келтірмей, тек бақылауда ұстайды. Ал белгілі бір көлемді таратқанда «жасырушы» да ұсталып, тиісті жазасын алады. Екі айда заңсыз айналымнан барлығы 16 кг түрлі есірткі тәркіленді. Сондай-ақ биыл марихуана мен гашишті таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын атап өткім келеді, – дейді А.Қабдұлдинов.

Жұртты алаңдатып отырған бір келең­сіздік – саны азаймай отырған жол-көлік оқиғалары. Бар-жоғы екі айда 39 жол апаты тіркеліп, 7 адам қаза тауып, 65 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Талдау барысында жол апаттарының негізінен қолайсыз ауа райында, көктайғақ кезінде болатыны анықталған.

Айдын Тоқтарұлы кейбір жолаушы­лардың полиция қызметкерлері жолдар­ды жаппай тұрып трассаға шығып үлгергені­не мәз болып, жол жүріп кете­тіндері­не қынжылыс білдірді. Айтуынша, барлық әлеуметтік желілерге салған ескер­туле­рін тұрғындар қаперге де ілмей­ді. Сөйтіп, полицейлерді алдамақ болып, өздері қиындыққа тап болып, ажал құшқандар да болған. Қазір құзырлы орган­дар жолдарды күтіп ұстауға бақы­лауды күшейткен. Әкімшілік полиция қызметкерлері 1,5 мың тексеру жүргізіп, қорытындысы бойынша 1 мыңнан астам нұсқама берген.

Айта кету керек, барлық жол-көлік апатының 93%-ы жүргізушілердің кінәсі­нен болған. Бір ғана дерек – кейінгі 2 айда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 11 339 құқық бұзушы әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тартылған. Апатқа тікелей әсер ететін 4 811 өрескел жол қозғалысы ере­же­лерін бұзу дерегі анықталыпты. Мас кү­йінде көлікті басқарғаны үшін 150 жүр­гізуші жауапқа тартылған. Бұ­дан бөлек биыл жолдарды автоматты бақылау үшін қо­сымша аппараттық-бағдарламалық кешен­дерді енгізу жос­пар­ланған. Тәжірибе көр­сеткендей, бұл – алдын алудың тиімді құралы.

 

Солтүстік Қазақстан облысы