Спорт • 02 Сәуір, 2024

Бангкокқа баратындар елордада анықталады

24 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жауапты жарыстардағы сәтсіздіктер Қазақстан бокс федера­циясының (ҚБФ) басшылары мен осы спорттың басы-қасында жүрген азаматтарға біраз ой салғанға ұқсайды. Бұл жағдай сын садағына жиі іліккен әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллинге 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Таиландтың астанасы Бангкокта өтетін соңғы лицензиялық турнир қарсаңында еліміздің беткеұстар былғары қолғап шеберлерінің басын қосып, спарринг өткізуіне түрткі болды. Солардың ішінен үздік деп танылғандар Олимпия ойындарының жолдамасы үшін таласады.

Бангкокқа баратындар елордада анықталады

Жоғарыдағы әңгіменің 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген бұрым­дыларға еш қатысы жоқ. Өйткені бұл сал­мақтың үздігі әлдеқашан анық­талып қойған. Тарқатып айтсақ, былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында Карина Ибрагимова күміс медальды мойнына іліп, Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Биыл наурыз айының басында Италияның Бусто-Арсицио қала­сындағы іріктеу сынында бес бокс­шы бақ сынаған еді. Өкінішке қарай, жерлестеріміздің барлығы да аталған жарыста жеңілістің кермек дәмін татып, елге құралақан оралды.

Жалпы, еліміздің әйелдер боксы жө­нінде жағымсыз әңгімелер бұған дейін де жиі айтылып жүрген. Апеннин тү­бегіндегі сәтсіздіктен кейін алып-қашпа сөздер, тіптен өрши түсті. Бұл әңгіменің барлығы да «Төрешілер бұра тартудан арланбайды. Жеңіп тұр­саң да, жеңісті бермейді», «Ұлттық құрама бапкерлері маңызды бәсекелерге өздерінің төл шәкірттері мен көңілі түс­кен былғары қолғап шеберлерін ғана апарады, басқаларымыз тасада қа­лып қоямыз», «Әділдік талап етсең, басың пәлеге қалады. Ондай жағдайда не жарыстан шеттетеді, не командадан қуыласың» дегенге саяды. Ал ол аз десеңіздер, танымал боксшы Ангелина Лукас «Құрама сапындағы кейбір қыз­дар мүлдем режім сақтамайды. Оқу-жаттығу жиыны кезінде олар тығылып қорқор шегеді, ішімдік ішеді», деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Шыны керек, біз бұл әңгімелердің қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін білмейміз. Бірақ бір білетініміз, бүгінде еліміздің әйелдер боксы қатты құлдыраған. Алысқа бармай-ақ, былтырғы Азия ойындары мен таяу­да ғана өткен лицензиялық турнирдің нәтижесіне зер салсақ, көп нәрсеге көз жеткіземіз.

Шегінерге жол қалмағаннан соң, ұлттық кұраманың бас бапкері Шәміл Са­фиуллин ҚБФ басшыларымен ақылдаса отырып, 8-10 сәуір аралығында Астанада спарринг өткізуді жөн көрді. Осы сынаққа шақырту алғандар арасында Ангелина Лукас пен Балауса Мұздиман да бар. Кезінде олар ұлттық құрама сапында табысты өнер көрсетті. Бірақ есімдері аталған бұрымдылардың байрақты бәсекелерге қатысқан кездері тым сирек. Олар үнемі тасада қалып жүрді. Төзімі таусылғаннан кейін қос ару кәсіпқой рингте жұдырықтасуды құп көрді. Әзірге екеуінің де «шабысы» ширақ. Лукас пен Мұздиман өрелі өнерімен жанкүйерлерін қуантып жүр. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салғаннан кейін бапкерлер оларға тағы бір мүмкіндік берді. Өйткені сенім артқан спортшылар сын сағатта сүрініп жүр. Оларды алмастыратын жалынды жастар жоқтың қасы. Сөйтіп, 54 кг сал­мақтағылардың спаррингінде Анге­лина пен Балаусадан бөлек, Жайна Шекер­бекова, Әнел Сақыш, Элина Базарова, Ұлжан Сәрсенбек, Сымбат Әлиасқар сын­ды спортшылар бақ сынайды.

50 кг салмақта екі үміткер бар. Олар – Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова. Екеуі де – тәжірибелері әбден толысқан, атақтары алысқа жайылған сақа спортшылар. Атап айтсақ, Назым – әлемнің екі дүркін чемпионы, құрлық біріншілігінің жеңімпазы. Алуа да Азияда алдына жан салмай, дүниежүзілік додада екі рет жүл­дегерлер қатарына қосылды. 66 кг сал­мақ дәрежесінде Дариға Шәкімова, Наталья Богданова, Лаура Есенкелді, Жас­мин Қизатова күш сынасады. 75 кг салмақта Гүлсая Ержанова, Валентина Халь­зова, Жібек Жарасқызы шеберлік бай­қасады. Солардың арасынан суырылып шыққандары Бангкоктағы лицензиялық турнирге қатысады. Ал Тай елінде бағы жанған боксшылар Париж Олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Осы орайда Астанада күш сынаса­тындар тізімінде 60 кг салмақтағы бокс­шылардың жоқ екенін де айта кетуге тиіспіз. Себебі Италиядағы жарыста жолдамаға қолсозым қалғанда сүрінген Римма Волосенконың жарақаты бар. Қазір ол соның әлегімен жүр. Елішілік жа­рыстарда оған Виктория Графеева ғана қарсылық көрсете алады. Бірақ бап­керлердің пайымдауынша, Римманың шеберлік деңгейі Викториядан едәуір жоғары. Сол себепті бұл салмақта спарринг өтпейді. Ал Бангкокқа кімнің баратыны оқу-жаттығу жиыны барысында анықталады.