Қоғам • 04 Сәуір, 2024

Күшіміз бірлікте: жанашыр азаматтар су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат аударып жатыр

83 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел азаматтары су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу мақсатында «Қазақстан халқына» ҚҚ-ға қаражат аударып жатыр, деп жазады Egemen.kz Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күшіміз бірлікте: жанашыр азаматтар су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат аударып жатыр

Фото: inbusiness.kz

«Қазақстан халқына» қоры ауылдық жерлерде жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге 200 үй салуды қаржыландырады.

Елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар мен ұйымдар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қорға жүгініп жатыр.

Қор ұйымның шоттарына түскен қаражатты жинауға және оның ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге дайын екенін хабарлады.

«1-30 сәуір аралығында түскен заңды және жеке тұлғалардың барлық ерікті жарналары зардап шеккендер үшін ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға жіберіледі. Қор донорлар мен аударылған сомалардың мөлшерін көрсете отырып, егжей-тегжейлі есепті жариялайды», делінген хабарламада.

3 сәуірдегі жағдай бойынша қордың шоттарына компаниялар мен жеке тұлғалардың атынан 630 миллион теңгеден астам сомаға қайырымдылық жарналары түсті.

Жеке тұлғаларға ыңғайлы болу үшін аударымдар банктердің мобильді қосымшаларында «қайырымдылық» бөлімінде қолжетімді.