Аймақтар • 06 Сәуір, 2024

Атырау облысында жағдай әлі күрделі

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында су тасқынына байланысты жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында жағдай әлі күрделі

Фото: Кең Жылыой газеті

Әкімнің айтуынша, Атырау облысының аумағында бес өзен бар. Оның үшеуі бастауын Ақтөбе облысынан алады. Ал, екі өзен Ресей Федерациясынан басталады.

«Қазір Ақтөбе өңірінен бастау алатын екі өзеннен елді мекендерге қауіп сейілді. Бұл – Сағыз және Ойыл өзендері. Ал, Жем өзені өзінің арнасынан асты. Соның салдарынан Құлсары қаласының екі шағын ауданына тасқын су кірді. Тасқын су тұрғын үйлерді, бизнес нысандарын басты. Зардап шеккен тұрғындардың шығыны өтеледі», деді Серік Шәпкенов.

Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен Жылыой ауданының әкімдігінде арнайы комиссия құрылған. Су тасқыны тоқтағаннан кейін арнайы комиссия зерделеу қорытындысы шығарады.

«Президенттің арнайы тапсырмасына сәйкес, тасқын судан зардап шеккендердің бәріне қолдау көрсетеміз. Өкінішке қарай, қауіп әлі де бар. Қазір Атырау облысында су тасқынына байланысты жағдай өте күрделі», деді Серік Шәпкенов.