Аймақтар • 06 Сәуір, 2024

Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Арынов Қостанай облысына келді

98 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Арынов Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапардың басты мақсаты – облыстағы су тасқыны жағдайын тұрақтандыру жұмыстарын үйлестіру, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Арынов Қостанай облысына келді

Бір күн бұрын Тобыл өзені деңгейінің айтарлықтай көтерілуіне байланысты Тобыл және Қостанай қалаларында елді мекендерді су басу қаупі туындады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 3132 адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 943-і балалар.

Министр облыс әкімімен бірге эвакуациялау пункттерін, су басқан аумақтарды аралап, Тобыл өзеніндегі бөгеттердің жағдайын көрді. Қауіп-қатерге жедел ден қою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық жедел штаб барынша қарқынмен жұмыс істеуде.

Жұмыс сапары барысында басқарма басшысы облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге эвакуациялау пункттерін, су басқан аула аумақтарын аралап, Қостанай облысындағы Корей көпіріндегі бөгеттерді аралап көрді.

Уақытша орналастыру орталықтарында 628 адам болса, оның 208-і балалар. 66 тұрғын үй мен аула аумақтары су астында қалып отыр. Қауіпті елді мекендер қатарында «Садовод» саяжай қоғамы, Красный Кузнец және Нариманов ауданының төменгі бөлігі.

Министр төтенше жағдайлар қызметіне халықты қорғау және су тасқынының ықтимал салдарын азайту үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Өңірде Қостанай, Рудный, Арқалық қалалары мен Амангелді, Жангелді, Қарасу, Қарабалық, Денисов және Қостанай аудандарында төтенше жағдай режімі енгізілген.