Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

10 мыңға жуық адам қауіпсіз аймаққа көшірілді

26 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысындағы су қоймаларының деңгейі әр екі сағат сайын өлшеніп отыр. Вице-премьер Серік Жұманғарин 7 сәуірде Ақтөбе облысындағы Елек, Қарғалы және Сазды өзендерін жалғайтын үш су қоймасын әуеден бақылады.

10 мыңға жуық адам қауіпсіз аймаққа көшірілді

Фото: primeminister.kz

Ақтөбе және Сазды су қоймаларында су ағызудың оңтайлы транзиттік режімін енгізу арқасында су толып кету қаупі жоқ. Қарғалы су қоймасындағы келіп жатқан су көлемі жоғары күйінде қалып отыр. Мұнда бір апта ішінде су толуының алдын алу үшін оны ағызу қолмен реттеліп келеді. Жобалық сыйымдылығы 280 млн текше метр болатын Қарғалы су қоймасының толу деңгейі бүгінде – 270 млн м3 немесе 97%. Жасанды реттеу режімінің нәтижесінде 350 м3/с жылдамдықпен су келуі кезінде 350 м3/с жылдамдықпен су ағызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазгидрометтің болжамынша, келіп түскен су көлемі азая бастады.

 «6 сәуірден 7-не қараған түні Қарғалы жағалауына жақын орналасқан және су басу қаупі төнген қала шетіндегі үйлердің тұрғындарын жаппай шұғыл эвакуация­лау жүргізілді, 127 адам қауіпсіз жерге көшірілді», деді С.Жұманғарин.

Су тасқыны салдарынан Ақтөбе облысында 1 053 тұрғын үй (Ақтөбе қаласында – 135, аудандарда – 918), 46 ғимарат пен құ­ры­лыс (Ақтөбеде – 9, Қобдада – 10, Ойыл­­да – 22, Мұғалжарда – 4, Темірде – 1), 232 аула мен 689 саяжай үйі су астында қал­ды. 17 елді мекенмен жол қатынасы бұзылды.

Өңірде барлығы 15 мың адамға арнал­ған 86 уақытша қабылдау пункті дайын­далды. 10 мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мың­нан астам бала эвакуацияланды. 10 663 жануар қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Бүгінгі таңда облыстың тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік (картоп, көкөністер, күріш, қара­құмық жармасы, қант, өсімдік майы, ұн) мөлшері жеткілікті. Осы көлем Ақтөбе мен төтенше жағдай режімі енгізілген аудандарды кемінде 1,5 айға қамтамасыз етуге жетеді.

Жалпы облыста 94 зардап шек­кен тұрғынға 28 млн теңге көлемінде бір­жолғы әлеуметтік төлемдер төленді. Жал­пы 7 сәуірдегі жағдай бойынша бір­жол­ғы төлемді алуға 346 отбасы ниет білдірген.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлердің материалдық залалдарын есептеу үшін Ақтөбе облысының әр ауданында жеке комиссиялар құрылды. 7 сәуірдегі жағдай бойынша 2 018 өтініш түсіп, комиссия мүшелері залалды бағалау үшін Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында 1 482 үйді аралаған. Ойыл ауданында су деңгейінің төмендемеуі себебінен мүлікті бағалау жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Келтірілген залалдың төлемдері тәуелсіз бағалау компаниясының қорытындысымен жүргізіледі. Тіркелмеген мүлікті, көбіне бау-бақша шаруашылығын бағалау үшін бөлек механизм әзірленеді.

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек жинау орталығы жұмыс істейді. Барлығы 10 күн ішінде шамамен 300 тонна (210 тонна азық-түлік, 80 тонна азық-түлікке жатпайтын тауарлар, 0,2 тонна дәрі-дәрмек) жиналды. Оның ішінде 215 тонна тауар мұқтаж тұрғындарға таратылды. Гуманитарлық көмекті зардап шеккен аудандарға жеткізуге 8 524 ерікті көмектесіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024