Пікір • 08 Сәуір, 2024

Кәсіподақ мүшелері көмек қолын созды

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда 10 облыста төтенше жағдай жариялан­ғаны белгілі. Осы өңірлердегі кәсіподақ ұйымдарының жұмысын үйлестіріп, жан-жақты көмек көрсетіп жатырмыз. Ел басына күн туғанда, федерацияға қарасты 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшелері жұмылдырылды.

Кәсіподақ мүшелері көмек қолын созды

Фото: ult.kz

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда құрылған жедел көмек көрсету штабтарының құрамында аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің төрағалары бар. Олар жергілікті және салалық кәсіподақтардың басын біріктіріп, барынша көмек көрсетіп жатыр.

Қазіргі кезде Атырау мен Оралда жағдай қиындады. Кеше ғана Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Айгүл Есекеновамен хабарласып, өңірдегі ахуалды білдік. Су деңгейі 9 метрден асып кетуі мүмкін деген болжам бар. Сол себепті 7 мыңға жуық адамды қауіпсіз жерге көшіріп, жағалау биіктетілді. Бастапқыда апаттан зардап шеккендерді «Ақжайық» шипажайына орналастыру жоспарланған еді. Сәуір айының басында шипажайдың іргесіне қырдан еріген қар суы келген. Жұмысшылар төрт күн бойы суды мотормен сорып, бұл қатерден құтылды. Алайда ендігі қауіп Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты туындап отыр. Қазіргі кезде ауылдың төменгі жағынан ор қазып, суды тоқтатпақпыз.

Сондай-ақ Атырау облысындағы 10 мыңға жуық кәсіподақ мүшелері Жайық, Қиғаш, Шарон өзендерінің жағалауын нығайтуға атсалысты. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев апатты өңірде 5 тәулік бойы тынбай жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде кәсіподақ мүшелері Соколов каналының бойымен 14 шақырымдық бөгет салу жұмысына белсенді көмектесіп жатыр.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдарды су шаюына байланысты жұмыс орнына жете алмаған кәсіподақ мүшелерін теміржолмен тасымалдауға жағдай туғыздық.

Қостанайдағы әріптестерімізбен де күнделікті байланыстамыз. Ер азаматтар бірнеше тәулік бойы қаптарға құм толтырып, бөгет салса, әйелдер үй-үйді аралап, тұрғындарды, малды эвакуа­циялау туралы түсініктеме жұмыстарын жүргізеді. Мұғалімдер тамақ пісіріп, психологтер күйзеліске ұшырағандарға қолдау көрсетіп жатыр. Бүгінгі таңда 135 эвакуациялық бекетте кәсіподақ белсенділері апаттан зардап шеккендерді жайғастырып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүр. Қажет болған жағдайда медициналық көмек те көрсетеді.

Ақтөбе облысында жағдай бірте-бірте түзеліп келеді. Осы уақытқа дейін белгілі болған мәліметтерге сәйкес су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелерінің тізімі жасалды. Жалпы саны 730-ға жуық адамға көмек керек екені анықталды. Ең көбі – білім беру саласының өкілдері. 400-ге жуық мұғалім көмекке зәру. Шығын көлемі анықталғанда, әрбір әріптесіміз елеусіз қалмайды.

Осы тұста Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының жеке құрамына алғысымды білдіргім келеді. 200-ге жуық адам Қарғалы өзенінің жағалауын бекіту жұмысына жұмылдырылды. Ұшқыштар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді. Салалық кәсіподақ мүшелері эвакуациялық бекеттерге қажетті заттар жеткізіп, гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр.

Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен аумақтық кәсіподақ бірлестіктері, салалық ұйымдар бірігіп, бір күндік айлық жалақымызды су тасқынынан зардап шеккендерге ашылған есепшотқа аударамыз деп ұйғардық. Сонымен қатар федерацияға қарасты шипажайларға зардап шеккен отандастарымызды орналастыру туралы тапсырма берілді. «Ұйымдасқан ұтады» дегендей, қиын-қыстау кезеңде ширақ қимылдап, білек сыбана кіріссек, бұл сынаққа да төтеп береміз.

 

Сатыбалды ДӘУЛЕТАЛИН,

Кәсіподақ Федерациясының төрағасы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024