Әдебиет • 08 Сәуір, 2024

Өнерді өлтіру

21 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сіз толық талантыңызбен қанша тырыссаңыз да жас толқын жағаға шығарып тастауы мүмкін. Сондықтан үнемі үдеріс үстінде жүрген абзал. Орыс эстрадасының примадоннасы Алла Пугачева халықаралық байқаудың бірінде оңбай ұтылады. Десе де үкілеп қосқан жұлдызы он жетінші орыннан көрінгенімен, жерлестері жағасынан алмайды. Қайта «жасы келді, жасыды, жастарға орын бергені жөн» деп пәтуа шығарады. Мұны түйсінген әнші бұдан соң додаға аяқ баспайды.

Өнерді өлтіру

Талдықорған театры. Сахнада сол пластика, сол мизансцена, сол образ, сол актерлер, тек көрермен бөгде, бұрынғыдай емес жаңарған, жасампаз, жаңалық күтуші. Өнер де сұлудай заманмен бірге түрлен­гісі, сәнденгесі келеді. Байырғы таптаурын ережелерді бұзбай, шеңберден шықпай мәдениетке өзгеріс әкелу мүмкін емес. Ол да тірі организм, уақытпен қатар дамиды, алуан түрге енеді, құбылады, жасиды. Демек ескінің шабыты ­саябыр таба бастағаны ешкімге құпия емес. Бізге тосын әсер, төтенше күй, күтпеген сезім, сирек силуэт ке­­рек. Ал оны бұл қала­дан табу мүмкін емес.

Кейде бір тереңге сүңгігендей боласыз, бірақ ол сіздің беліңізден келетін шалшық су болып шы­ғады. Кейде тұнып аққан өзенге шо­мылуға оқталасыз, ал оның ағы­ны сізді алысқа әкетеді. Сол ағынмен арпалысқан адамның әрекетінен асқан шарасыздық жоқ шығар. Өнер де сондай, дәр­менсіздігіңізді уақыт бәрібір әш­керелеп қояды. Моцарт пен Салье­ридің арасындағы таласты есіңізге түсіріңізші. «Құдайдың даусын естіген» Амодеидің алдында жан­себіл Антонио жар ұшында жа­лаңаяқ жүгірген баланың күйін ке­шеді. Бұл күй – Тәңірдің одан теріс айналғанындай өте ауыр арзу еді, ішін оттай қариды.

Өнер адамы көрсеқызар, шыдамсыз, күйгелек болды-ақ, соры қайнады дей беріңіз, сүрінбес­ке сүрінеді, ұрынбасқа ұрынады. Өткір сезім, өжет қиялдың шы­ғар­машыл жанға түкке керегі жоқ. Жасындай жарқыраған ұлы Мо­царттың музыкасын естігенде сы­ралғы Сальери соңғы жылдары қатыгез халге душар болады. Жаратушының бозбала Вольф­гангқа өлмейтін әуен жазуды сыйлағанын түсінбейді. Жас дарынның көлеңкесінде қалу оны ажалға итергенмен бірдей әсер етеді. Сөйтіп, Құдайдың әділ­ді­гіне күмәнданады. Осылайша, тағ­дырдың қателігін түзеуге төте ше­шім қабылдайды. Бізге жеткен аңыз бойынша ақыры қарсыласын улап өлтіреді.

Жо-жоқ, Сальери жауыз емес, ол да музыка әлемінің әулиесі, тек Мо­царт дәуіріне тап келгені болмаса...

Осы сәтте ғажайып компози­тор Теміржан Базарбаевтың ғұмыр сызығына үңілейікші. Ол да жай­саң Жетісудың парасатты пер­зен­тінің бірі, бірақ Жетісу жері «жер­лесімен» ешқашан мақтанған емес, мақтағанын да көрмедік. Өкі­нішті-ақ. Сұм соғыс екі жасында жетімдіктің қамытын кигізген өнер иесі Алакөл ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы балалар үйін­де тәрбиеленеді. Әйтсе де ол тұс­та «талант іздеу» деген дәстүр болған. Сол мейірімді міндетті қа­зақтың қос алыбы Нұрғиса Тілен­диев пен Бекен Жылысбаев қолға алады. Ат арбамен түкпірдегі тү­тінге келіп, әнге әуес үш баланы Алматыға әкетеді. Қалаға жет­кенше қарадомалақтар қапелім­де қаша жөнеледі. Екеуінен көз жазып қалғанымен, бірінің аяғы Тілен­диевтің уысында қалады. Бұл – «Қаздар қайтып барады» деп жүректі елжіреткен Теміржан ­Ба­­зар­баев еді. Егер ол да қолдан ­сусып кеткенде қазақ даласы «Ауы­­лым», «Тамаша» секілді таңға­жа­йып ­шы­ғар­маларды естір ме еді, есті­­мес пе еді? Бірақ қазақ вальсі­нің королі Шәмшінің көлеңке­сін­де қалған композитордың өмір­­­де­­регі бәрі­бір өкінішке толы. ­Қа­­лай де­сеңіз­де қалтарыста қалған ғұ­мыр­дың қамырығы – өнерді бағалау.

Бірде атақты суретші Пикас­соның алдын орап кеткен сырбаз суреткер Модельяни Париж кө­шелерінің бірінде амалсыз картиналарын сатуға шығады. Үлде мен бүлдеге оранған асқақ қала кімді де болсын жасытуға асық қалыптан әлі де айныған емес. Сол әдетімен суретшіні сынап көруге оқталады. Керемет кескіндемелердің біріне қыдырымпаз байдың әйелінің көзі түседі. Дегенмен шынайы өнердің исі мұрнына бармайтын кербез келіншек Модельяниге азғантай ақша ұсынады. Аш-құрсақ сатушы қайтсін, шарасыздан шығармасын қолына ұстатады. Артынан көңілі алабұртып, кетіп бара жатқан тұты­нушыдан не себепті осы кар­тинаға таңдау жасағанын сұрайды. Сонда сылқым келіншек «үйдегі кілеміммен түстес екен» деп жа­уап береді. Мұны естіген қылқа­лам шебері ызадан булығып, сол маң­да картинаны жыртып тастайды.

Ұлы өнердің ордасы Италиядан тәкаппар Парижді мойындатуға келген жас талант жоқшылықтың жолына түседі. Сондықтан күнкө­ріс үшін осындай қадамға барған еді. Бірақ қарабайыр қоғам ақы­ры оны да өлтірді. Яки, сол дәуірде ­де өнерді өлтіру ойыны жүріп жат­қан. Әлі де толастаған емес. Білесіз ­бе біз, о баста дүлдүл Димашты баға­­лама­ған қазақпыз... Осы ойы­мыз­ға ара­ша түсіп көріңізші?

Жыр қағаны Жұматай Жа­қып­­баев «Ақынды өлтіру ойыны» ат­ты өлеңінде қуыс кеуде қо­ғам­ның қаламгерді ғана емес, та­­лант­­ты өлтірудегі әрекетін жа­зады. Шынында алдүзік ақын осы Жетісудың бір баласы, то­пы­­рағынан түлеген, тарихын жыр­лаған жасампаз ер емес пе еді? Бірақ құд­ды мынау бай­тақ атырапқа бөтен секілді. Ешқан­дай естелік, көз­­көрген мұра сақтал­ма­ған. Тіпті кіші­гірім көше де бұ­йырмаған. Бізді қан­жылтатыны осы. Өнерпазды өл­тіру оңай шы­ғар, ал өнерін қайда қоясыз?

«Ойнайды мұны күштілер,

Ойнайды мұны тістілер.

Жұмсалмағанмен күш түгел,

Жеңісті арам іш тілер.

Аяқталса той ұлы –

Ақын өлтіру ойыны!»