Елорда • 10 Сәуір, 2024

Астанадағы ақылы автотұрақтардан бюджетке қанша қаржы түсті?

59 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде елордадағы ақылы автотұрақтардан жергілікті бюджетке 4,2 млрд теңге пайда түскен. Бұл туралы қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанадағы ақылы автотұрақтардан бюджетке қанша қаржы түсті?

2016 жылдан бастап қалада ақылы автотұрақ жобасы іске қосылды. Сол кезде олардың жалпы саны 486 болған. 2023 жылы ақылы автотұрақтардың саны 7 мыңнан асты.

«Бүгінде Астанада 7200 ақылы автотұрақ бар. 2025 жылы ақылы автотұрақтардың санын 10 мыңға жеткізгеннен кейін компанияға («Парковочное пространство Астаны» – ақылы тұрақтарға қызмет көрсететін ЖШС) өздерің (қарды) тазартасыңдар, жолға асфальт төсейсіңдер, жол белгісін өздерің қоясыңдар деп талап қойып жатырмыз. Бұл мәселені 2025 жылы күн тәртібіне шығарамыз. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін ақылы тұрақтың тарифін көтеру керек», деді Асхат Қарағойшин Астана қаласы қоғамдық кеңесінде.

Бүгінде ақылы автотұрақтың тарифі – сағатына 100 теңге.

Басқарма басшысы бұл тұрақтардан жергілікті бюджетке қомақты қаржы түскенін атап өтті.

«Бүгінде ақылы автотұрақтардан 4 млрд 228 млн теңге бюджетке түсті. Оның 474 млн теңгесі («Парковочное пространство Астаны») компаниясына берілді», деді ол.

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев ақылы автотұрақтардан түскен жиынтық табыстың 90 пайызы жергілікті бюджетке, 10 пайызы компанияға түскенін атап өтті.