Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Көлік қатынасы қиын болып тұр

27 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жангелдин ауданында 10 елді мекен жарықсыз отыр. 9 ауылмен көлік қатынасы мүлде үзілген. Торғай мен Арқалықтың арасында көлік қатынасы тоқтап тұр. Аудандағы көлік жолдарының күре­та­мыры саналатын бұл тасжолдың үстінен Тәуіш­тің тұсында екі жерден су өтіп кеткен. Оны тоқ­та­ту дәл қазір мүмкін емес. Тасқын Сарысу аулымен ортадағы Қара­тақыр жазығына жайылып барады.

Көлік қатынасы қиын болып тұр

Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, жағ­дай әнеукүнгідей емес, біртіндеп тұрақталып келеді. Су дең­гейі әжептәуір төмендеген. Бірақ бірнеше ауыл әлі күнге дейін сумен арпалысып жатыр.

«Тәуіш аулына Қоңыраулы мен Текеден келіп жатқан су Арқалық – Торғай тасжолының үстінен өтіп кетті. Екі учаскеде су бой бермей жатыр. Қазір жол мәселесі қиын болып тұр. Шилі аулымен аралықтағы жолды да су бірнеше жерден жырып кеткен. Соны қалпына келтіру үшін жанталасып жатырмыз. Мұның сыртында қиындық тартып, түрлі мұқтаждық көріп отырған ауылдар аз емес. Ені 10 ауылға электр жарығын өткізіп, 9 ауылдың жолын жөндеу керек. Бірақ қазір оған техниканың мүмкіндігі келмейді. Құлаған бағандарды қайтадан орнына келтіру үшін, мамандардың қауіпсіздігі үшін судың тартылғанын күте тұруға тура келеді. Қызбел аулында судың беті аздап қайта бастады. Бір-екі күнде ашылып, мал шығаруға мүмкіндік болады деп ойлаймыз. Тек бұл ауылдың жолы, жарығы жоқ. Ақкөл аулындағы жол да біртіндеп жөнделіп жатыр. Бұл елді мекендегі азаматтар өз бетінше қам-қарекет жасап жатыр. Ол жақта аса қауіп жоқ. Осы шаруаға жұмыла кірісіп, жанашырлықпен араласып жат­қан­дарына алғыс білдіремін», деді әкім.

13 сәуірде Жангелдин ауданы­ның төтенше жағдай бөлімі Жар­көл ауылдық округіне қарасты Тәуіш аулына арнайы жасақ, оған қоса бір «КамАЗ» көлігін көмекке жіберген. Аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов та сол жерде жүр. Жалпы, Тәуіштің тұсындағы Қисыққарасу суағарын аман алып қалу үшін болып жатқан күрестің басталғанына он күннен асып барады. Бірақ тасқын бой бермей, көптің күшімен тұрғызылған тос­қауылды әлсін-әлсін бұзып кетіп жатыр.

«Тәуіш аулының жастары, ауданнан келген жол мамандары, мекеме қызметкерлері, жауынгерлер көмектесіп, осы жердегі тасқынды он күндей ұстап тұрдық. Бірақ су үсті-үстіне келіп жатыр. Бой бермей, суағарды жырып кетті. Сол жерлерді қайта бітеуге тырысып жатырмыз. Жалпы, тек осы маңда аз жұмыс атқарылған жоқ. Екі шақырымдай дамбы салдық. Қаз-қатар қаппен қалап жатырмыз. Нәтиже аз. Дегенмен барымызды салып, жұмыс істеп жатырмыз. Суағарды қалайда аман алып қалу керек», дейді ауыл әкімдігінің бас маманы Еренбол Алматов.

Айналасын су қоршап, арал­да қалған Қызбел аулы да қиын­шы­лық көріп отыр. Қызбел ауылдық округі бойынша жарық жоқ. 2 үйге су кірген. Қызбелдегі ең басты мәселе – жол қатынасы. Арқалық қаласының тұрғыны Елжан он шақты күннен бері үйін, жұмысын тастап, осы кіндік қаны тамған Қызбел аулында жүр.

«Қатынас болмай тұр, жолды үш жерден бұзып кеткен. К-700 тракторын да, жай тракторды да салып көрдік, ешқандай техника жүре алмайды. Қайық та жүре алмайды, кей жерлерде асты тиіп қалады, кей жерлерде шылау шөптерді жинап алады. Бізге ең бірінші кезекте жол қатынасы керек болып тұр. Біріншіден, ауылдан эвакуациямен кеткен әйел, бала-шағаны жеткізе алмай отыр­мыз. Екіншіден, жарық жоқ. Электр қуатын беретін 15 автономды құрылғы алдыртқанбыз, соның көмегімен күніне екі рет ұялы байланысқа шығамыз. Қазір жанармай жағы қат болып тұр. Сыртта жүрген азаматтар жинаған 1 тонна жанармайды ауылға жеткізе алмай отырмыз. Оны жеткізе алмасақ, жағдайымыз қиындайды. Бізге тек тікұшақ арқылы жеткізуге болады», дейді Елжан.

Ақшығанақ, Шеген ауылдары да су қыспағында отыр. Жан­гелді ауданы әкімдігінің ресми мәліметінше, Ақшығанақ ауылдық округінде жағдай қалыпты, су деңгейі 5 см-ге түскен. Мұнда №27 өрт сөндіру бөлімінен 1 техника, 2 адам, аудан әкімдігі жіберген 3 арнайы техника жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар су тасқыны салдарынан болған шығындарды есеп­­тейтін арнайы комиссия бү­гінге дейін өңірде 901 бас мал­­дың өлгенін растаған. 214 бас­тың өтемақысы мал иелерінің есепшотына аударылған. Мал шығынына қатысты төлемдер заң аясында, табиғи сипаттағы төтенше жағ­дай­ға байланысты залалды өтеу ережелеріне сәйкес іске асыры­лып жатыр.

«Қазіргі уақытта төлемдер су тас­қынынан зардап шеккен Арқа­лық қаласы мен Аман­гелді, Жан­гелдин аудандарына жүзеге асырылып жатыр. Аталған аудан­­­дар­да суға кеткен ауыл­шар­уа­­­шы­лық жануар­ла­ры­ның тізімі жаса­лып, олардың мал иелеріне тиесілі екенін растайтын құжаттар сәйкестендірілді. Бұл ветеринария мамандары берген паспорт немесе АШЖС базасынан алынған көшірме құжаттар арқылы анық­талады. Соның негізінде жануар­дың жынысы, жасы, түсі, тұқымы белгіленеді. Бұдан әрі жиналған құжаттар бағалау компаниясына жіберіледі. Олар өз кезегінде өлген малдың орташа нарықтық құнын шығарып, залал сомасын анықтайды», дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Күшүбенова.

Жауапты тұлғаның айтуынша, қазір ветеринария мамандары ауылшаруашылық жануарларын өтілдеу орындарын дезинфекциялау жұмысын жүргізіп жатыр. Су тасқыны болған жерлерден табылған жануар­лар­дың өлекселері траншеяларда өрте­ніп, кейін көміледі.

Амангелді, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласында жергілікті атқарушы органдардың жанынан өтемақы төлеуді жүзеге асыратын комиссиялар ұйымдас­ты­рылған. Тұрғындар мал шығы­нына байланысты өтемақы алу үшін осы комиссияларға жүгіну­ле­рі қажет.

 

Қостанай облысы