Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Жайық жағасындағы 100 шақырым бөгет

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау қаласының тұрғындары күн сайын Жайық өзенінің жағалауына асығады. Бәрінің мақсаты – су айды­нының жағалауына бөгет тұрғызуға ат­са­­лысу. Өйткені жергілікті билік өзенге Ресей­дің Орын­бор өңірінен мол су келетінін, Жайық­тың тас­қын қаупі төнетінін айтып отыр.

Жайық жағасындағы 100 шақырым бөгет

Фото: azh.kz

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының маңындағы Береке, Алмалы, Бесікті ауылдарын тасқын су басу қаупі төнуі мүмкін. Сол себептен бастапқыда Жайық өзенінің мұнайлы шаһардағы 105 шақырым жағалауына бөгеті салу көзделген. Кейін бөгеттің ұзындығы 215,1 шақырымға ұлғайған. Мәселен, 13 сәуірге дейін 101,2 шақырым бөгеті салынды. Атырау қаласындағы бұл жұмысқа мекемелердің 3,2 мың қызметкері, 3,5 мыңнан аса ерікті, 1 мыңға жуық арнайы техника тартылды.

«Басты мақсатымыз – тасқын судың елді мекендерге кіруіне жол бермеу. Дегенмен Атырау қаласының солтүстігіндегі елді мекендерге су басу қаупі бар. Сондықтан осындай ауылдардың маңында екіқатарлы қорғау бөгеті салынып жатыр», деп мәлім етті Ж.Бисембиев.

Бөгет тек Жайық өзенінің жағалауында салынып жатқан жоқ. Мәселен, Қараөзек каналының жағалауын бекітуді жергілікті төрт компания қолға алды. Атырау – Орал тасжолынан басталып, Еркінқала ауылдық округіне дейін созылатын бөгеттің ұзындығы 35 шақырымнан асады. Бөгеттің биіктігі 2 метрге көтеріледі. Әрине, оңай жұмыс емес. Сол себеп­тен оған төрт компаниядан 350 адам, 80-ге жуық жер­гі­лік­ті тұрғын мен ерікті, 70-тен аса арнайы техника тартылды.

Бөгет салушылар арасында әр буынның өкілдері мен әскерилер бар. Тіпті кішкентай балаларға дейін көмектесіп жүр. Сондай балалар туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Видеода 5 жасар Алдияр күрекпен қапқа топырақ салып тұр. Ал 9 жастағы Әмина қапты ашып отыр. Олардың жанында тағы бірнеше бала жүр. Бәрі де Атырау қаласындағы «Авангард» шағын ауданында тұрады. «Тасқын су келмесе екен», дейді балалар.

Атырауға көмекке келгендердің санында шек жоқ. Бұл үрдіс әлеуметтік желіде тарих болып қатталып жатқан  да шығар. Мәселен, «Nomad» командасының каскадерлері шаһар маңындағы ауылдың жағалауын бекітіп жүр.

«Тау боп үйілген топырақты енді ғана қаптап бола берген едік, тағы бір «КамАЗ» топырақ төгіп кетті. Біз қаптарды жағаға төсеп жүрміз. Каскадерлер барын салып жатыр», дейді актер Санжар Мәди.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024