Су тасқыны • 16 Сәуір, 2024

Торғай өзені тасыды

76 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ырғыз ауданының Мамыр, Нұра, Белшер ауылдарында тасыған Торғай өзенінің суы қауіп төндіріп тұр. Ақтөбе облыстық Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары үш ауылдан 121 тұрғынды, оның ішінде 62 баланы алып шығып, аудан орталығы Ырғыз елді мекеніне эвакуациялады.

Торғай өзені тасыды

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ ІІМ Ұлттық Ұланына қарасты 3656 астаналық әскери бөлімнің Ми-171Е тікұшағының экипажы әуеден Торғай өзенінің тасуын бақылап жүріп, Мамыр аулының жанында су ортасында қалған бір топ адамды байқап, жедел түрде қонып, адамдарды қауіпсіз жерге көшірген. 12-13 сәуірде Ұлттық ұланның әскери-көліктік тікұшағы мен 3Ми-171Е тікұшағы Торғай өзені аяғында отырған ауылдардан 1 200 адамды құтқарды.

10 сәуірде Торғайдың суы Қостанаймен арадағы шекарадағы Мамыр аулына 2,5 метр биіктікте көтеріле бастады. Қостанай облысының Ақтөбемен шекарасындағы Ақшығанақ аулына су кіргенде, бергі беттегі Мамыр тұрғындары да қамдана бастаған. Ауыл тұрғындары су жайылатын жерде тосқауыл жасап, қолдан бөгесін тұрғызып, сақтық шараларын жасаса да, Қостанай жағынан Торғайдың екпінді мол суы келе қояды деп күтпеді. Өйткені екі арада құм арасында құрғап кеткен өзектер мен жылғалар, көлшіктер көп. Тасып келе жатқан су жол бойындағы кепкен арналарды толтырған соң, аяғына жеткенде қарқыны азайып, бәсеңдеп жетеді деген ой болды. Биылғы наурыздың 26-27 күндері тасыған Ырғыз өзенінің Талдық, Телғара салаларынан келген мол су Нұра және Тәуіп ауылдық округтері аумағындағы кішігірім көлдерге құйылып, арналарын толтырып тұрған. Ырғыз бен Торғай өзендерінің қосылар тұсында отырған тұрғылықты жұрт осыған дейін Торғай өзенінің аяғына жетер тұста тентек мінез танытқанын көрген емес. Жылда Торғай мамырдың алғашқы онкүндігінде таситын. Тасиды деген аты болмаса, құмнан келген су сыздықтап әрең жететін де, кеуіп кеткен көлдерді толтыра алмайтын. Мол су келмеген соң көлдердің орны құрғап, сор басып, құстары мен балығы азайған. Биылғы тасқын су ауыл адамдарына жайсыздық әкелсе де, құрғап, сорға айналған көлдерді суға толтырғанын айтпай кетпеуге болмас. Бұл күндері Торғай даласының Қызбел, Тәуіш, Ақшығанақ ауылдарын да су басты. Жангелдин мен Ырғыз аудандарының мал баққан жұрты қызыл сумен өздері алысып жатыр, ауыл арасында көлік қатынасы үзілді.

Қазір Ырғыз ауданының орталығындағы үш мектеп пен спорт кешенінде ашылған эвакуациялық орталықта Нұра ауылдық округінің 600 адамы қалды. Бұл жерге жас баласы бар аналар, қарт кісілер, мектеп оқушылары көшірілсе, Белшер, Мамыр мен Нұраның ер азаматтары ауылдарында қалып, малын қырға шығарып, үйлеріне су кірмеу үшін бөгесінді бекітіп жатыр. Қарғын сумен алысып жатқан ер азаматтарға судың алдын бөгейтін жүк тиегіштер, тракторлар, жалпы ауыр техника көп керек.

 

Ақтөбе облысы